Мұсаның 4-жазбасы 3:1—51

  • Харонның ұлдары (1—4)

  • Леуіліктер діни қызметке таңдалды (5—39)

  • Тұңғыш ұлдың құнын өтеу (40—51)

3  Ехоба Синай тауында+ Мұсамен сөйлескен заманда, Харон мен Мұсаның әулеті мынау еді:  Харон ұлдарының есімдері — тұңғышы Надап, сосын Әбиху+, Елазар+ және Итамар+.  Бұлар май жағу рәсімі арқылы діни қызметке тағайындалған Харон ұлдарының есімдері+.  Алайда Синай шөлінде Надап пен Әбиху Ехобаға заңға қайшы келетін от әкелгендері үшін Ехобаның алдында өліп кеткен+. Олардың ұлдары жоқ еді. Ал Елазар+ мен Итамар+ әкелері Харонмен бірге діни қызметкер міндетін атқара берді.  Ехоба Мұсаға былай деді:  “Леуі руын+ діни қызметкер Харонның алдына әкел. Олар оған қызмет етсін+.  Леуіліктер кездесу шатырының алдында қызмет етіп, Харон мен бүкіл қауымның алдындағы міндеттерін атқарсын.  Олар кездесу шатырының барлық құрал-жабдықтарына күтім жасасын+ және киелі шатырға байланысты қызметтерді атқарып+, исраилдіктердің алдындағы міндеттерін орындасын.  Леуіліктерді Харон мен оның ұлдарының қарамағына бер. Олар Исраил халқының арасынан алынып, оған берілгендер+. 10  Харон мен оның ұлдарын діни қызметке тағайында, олар осы міндеттерін орындасын+. Ал қасиетті орынға олардан басқа біреу жақындаса, сол адам өлтірілсін+”. 11  Ехоба сөзін жалғап Мұсаға былай деді: 12  “Міне, мен исраилдіктердің барлық тұңғыштарының орнына леуіліктерді аламын+. Олар менікі болмақ. 13  Өйткені тұңғыштардың бәрі менікі+. Мысыр еліндегі тұңғыш туылғандарды түгел өлтіргенде+, Исраилдің бар тұңғышын — адамнан бастап малға дейін+ — қасиетті етіп, өзім үшін бөліп алғанмын. Сондықтан олар менікі болады. Мен Ехобамын”. 14  Синай шөлінде+ Ехоба Мұсаға тағы да былай деді: 15  “Жасы бір айға толған және одан асқан еркек кіндікті леуіліктердің барлығын ататегі мен әулеттері бойынша тіркеуден өткіз”+. 16  Сонда Мұса Ехобаның тапсырғаны бойынша леуіліктерді тіркеуден өткізіп, бәрін оның бұйрығына сай істеді. 17  Леуі ұлдарының есімдері мыналар: Гершон, Қахат, Мерари+. 18  Гершон ұлдарының есімдері: Лібни және Шимей+. Бұлардан тараған әулеттер осы есімдермен аталды. 19  Қахат ұлдарының есімдері: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Үзиел+. Бұлардан тараған әулеттер осы есімдермен аталды. 20  Мерари ұлдарының есімдері: Махли+ және Мұши+. Бұлардан тараған әулеттер осы есімдермен аталды. Ататегі бойынша Леуіден тараған әулеттер, міне, осылар. 21  Гершоннан Лібни+ және Шимей әулеттері тарады. Гершоннан тараған әулеттер осылар. 22  Тіркеуден өткен жасы бір айға толған және одан асқан еркек кіндіктілердің саны 7500 болды+. 23  Гершон әулеттері қостарын киелі шатырдың батыс жағына тікті+. 24  Гершоннан тараған әулеттердің басшысы — Лайыл ұлы Елиясап. 25  Гершон ұлдарының кездесу шатырындағы міндеті+ — шатыр мен оның ішкі-сыртқы жабындарына+, кіреберіс пердесіне+, 26  ауланың және құрбандық ошағының айналасына қоршау етіп ілінген маталарға+, ауланың кіреберісіндегі перде+ мен арқандарға күтім жасап, соларға байланысты барлық жұмысты атқару. 27  Қахаттан Ымрам, Ысқар, Хеброн және Үзиел әулеттері тарады. Қахаттан тараған әулеттер осылар+. 28  Олардың арасындағы жасы бір айға толған және одан асқан еркек кіндіктілердің саны 8600. Осы әулеттер қасиетті орынға қатысты істерге жауапты+. 29  Қахат ұлдарының әулеттері қостарын киелі шатырдың оңтүстігіне тікті+. 30  Қахаттан тараған әулеттердің басшысы — Үзиел ұлы Елсапан+. 31  Олардың жауапкершілігіне сандық+, үстел+, шамдал+, хош иісті зат түтететін үстел, құрбандық ошағы+, қасиетті орында қызмет кезінде қолданылатын құрал-жабдықтар+, шымылдық+ және сонымен байланысты барлық жұмыс тапсырылды+. 32  Леуілік басшылардың үстінен діни қызметкер Харонның ұлы Елазар тағайындалды+. Ол қасиетті орында түрлі қызмет атқаратындарға бақылау жүргізді. 33  Мерариден Махли мен Мұши әулеттері тарады. Бұлар Мерариден тараған әулеттер+. 34  Олардың арасындағы жасы бір айға толған және одан асқан еркек кіндіктілердің саны 6200 болды+. 35  Мерариден тараған әулеттердің басшысы — Әбихаил ұлы Суриел. Олар қостарын киелі шатырдың солтүстігіне тікті+. 36  Мерари ұлдарының жауапкершілігіне киелі шатырдың қабырғаларын құрайтын жақтаулары+, сырықтары+, бағаналары+, ойығы бар тұғырлары, оның бар құрал-жабдықтары+ және осылармен байланысты барлық жұмыс тапсырылды+. 37  Сондай-ақ олар аула қоршауының бағаналарына, олардың ойығы бар тұғырларына+, қазықтары мен арқандарына жауапты болды. 38  Киелі шатырдың алдыңғы жағына, яғни күншығысына Мұса, Харон және оның ұлдары қостарын тікті. Оларға исраилдіктердің игілігі үшін өз міндеттерін атқарып, қасиетті орынның қамын жеу тапсырылды. Қасиетті орынға олардан басқа біреу жақындаса, сол өлтірілу керек еді+. 39  Леуіліктердің арасындағы жасы бір айға толған және одан асқан еркек кіндіктілердің саны 22 000 болды. Мұса мен Харон оларды әулеттері бойынша тіркеуден өткізіп, Ехобаның бұйрығын орындады. 40  Кейін Ехоба Мұсаға былай деді: “Исраилдіктердің жасы бір айға толған және одан асқан барлық тұңғыш ұлдарын санақтан өткізіп+, есімдерінің тізімін жаса. 41  Маған исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді+, ал малдарының барлық тұңғыш төлдерінің орнына леуіліктердің малын әкел+. Мен Ехобамын”. 42  Содан Мұса исраилдіктердің тұңғыштарын түгел тіркеуден өткізіп, Ехобаның бұйырғанындай істеді. 43  Есімдерін тізімге алғанда, жасы бір айға толған және одан асқан тұңғыш ұлдардың жалпы саны 22 273 болды. 44  Сосын Ехоба Мұсаға мынаны айтты: 45  “Леуіліктерді исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына, ал олардың малдарын исраилдіктердің малының орнына ал. Леуіліктер менікі болу керек. Мен Ехобамын. 46  Леуіліктердің санынан артылып қалған 273 исраилдік тұңғыш ұлдың+ құнын төлеу үшін+, 47  әрқайсысына қасиетті орынның шекелімен бес шекелден* берілсін+. Бір шекел 20 герахқа* тең+. 48  Бұл ақшаны леуіліктердің санынан артылғандардың төлемі ретінде Харон мен оның ұлдарына бер”. 49  Осылайша Мұса төлем ретінде берілген леуіліктердің санынан артылып қалған исраилдіктер үшін төленген құнды жинап алды. 50  Оның исраилдік тұңғыш ұлдардан алған ақшасы қасиетті орынның шекелімен 1365 шекел болды. 51  Сосын Мұса төлем ретінде берілген ақшаны, Ехобаның нұсқауына сай, Харон мен оның ұлдарына берді. Осылай Мұса бәрін Ехобаның бұйырғанындай істеді.

Сілтемелер

1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
1 герах 0,57 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.