Мұсаның 4-жазбасы 32:1—42

  • Иорданның шығысына қоныстану (1—42)

32  Рубен+ мен ғад руларының+ малы аса көп болатын. Олар Жазер+ мен Ғалақат өңірінің жайылымға жақсы екенін байқады.  Сондықтан олар Мұсаның, діни қызметкер Елазар мен қауым басшыларының алдына келіп:  “Атарот, Дибон, Жазер, Нимра, Хешбон+, Елалех, Себам, Небо+ және Беғон+ жерлері,  яғни Ехоба Исраил қауымына бағындырған өлке+, жайылымға жақсы екен. Ал қызметшілеріңіздің малы көп еді+”,— деді.  Сосын: “Егер көңіліңізден шыққан болсақ, осы жерді қызметшілеріңіздің иелігіне берсеңіз екен. Біз Иорданның арғы бетіне өтпей-ақ қояйық”,— деді.  Сонда Мұса Ғад пен Рубен ұрпақтарына былай деді: “Исраилдік бауырларың соғысуға бара жатқанда, сендер осында қалмақсыңдар ма?  Неге Исраил халқының жігерін жасытып, оларды Ехоба бергелі жатқан жерге барудан айнытасыңдар?  Әкелеріңді Қадеш-Барнидан жер барлауға жібергенімде, олар да осылай еткен еді+.  Ешқол аңғарына+ дейін барып, сол жерді көріп келгеннен кейін, олар Исраил халқының жігерін жасытып, Ехоба бергелі жатқан жерге барудан айнытқан болатын+. 10  Сол күні қатты ашуланған Ехоба ант етіп+: 11  —Мысырдан шыққан халықтың ішіндегі жасы жиырмаға толған және одан асқандардың ешқайсысы Ыбырайымға, Ысқаққа және Жақыпқа+ уәде еткен жерімді көрмейді+, өйткені олар маған толықтай мойынсұнбады. 12  Ол жерді тек кеназдық Епунех ұлы Халеп+ пен Нұн ұлы Ешуа+ ғана көреді, себебі олар Ехобаға толықтай мойынсұнды+,— деді. 13  Содан Ехоба Исраилге қаһарланып, оларды 40 жыл бойы+, Ехобаның алдында зұлымдық жасағандардың көзі түгел құрып кетпейінше+, шөл далада қаңғыртып қойды. 14  Енді келіп сендер, күнәкарлардың тұқымы, әкелеріңнің орнын басып, Ехобаның Исраилге деген ашуын одан бетер өршітпексіңдер. 15  Егер оған мойынсұнбасаңдар, ол мына жұртты тағы да шөл далада қалдырады. Осылай сендер күллі халықтың түбіне жетесіңдер”. 16  Кейінірек олар Мұсаға тағы келіп, былай деді: “Осы жерде малымызға тастан қора тұрғызып, бала-шағамызға қала салып берейік. 17  Балаларымызды осы елдің тұрғындары қауіп төндірмейтін бекіністі қалаларда қалдырайық. Ал өзіміз қаруланып+, исраилдіктерді жаңа мекендеріне жеткізбейінше, алдарында жүріп отырайық. 18  Әрбір исраилдік иелікке жер алмайынша, біз үйімізге қайтпаймыз+. 19  Бізге жер Иорданның осы шығыс жағынан тиетін болғандықтан+, өзеннің арғы бетінен олармен бірге жер алмаймыз”. 20  Сонда Мұса былай деп жауап қатты: “Егер осы айтқандарыңды орындап, Ехобаның алдында шайқасқа дайын болсаңдар+, 21  қаруланған әрқайсысың Иорданның арғы бетіне өтіп, Ехоба жауларын қуып шықпайынша соғысатын болсаңдар+, 22  сондай-ақ бүкіл өлкені Ехобаның алдында бағындырған соң+ ғана кері оралсаңдар+, Ехоба мен Исраилдің алдында айыпты болмайсыңдар. Сонда осы жер Ехобаның қолдауымен сендердің иеліктеріңе тиеді+. 23  Егер айтқандарыңды орындамасаңдар, Ехобаға қарсы күнә жасайсыңдар. Біліп қойыңдар, онда күнәларыңның зардабынан қашып құтылмайсыңдар. 24  Ал енді балаларыңа қалалар, малдарыңа қоралар сала беріңдер+, бірақ айтқан сөздеріңде тұратын болыңдар”. 25  Сол кезде Ғад пен Рубен ұрпақтары Мұсаға: “Мырза, қалай бұйырсаңыз, қызметшілеріңіз солай істейді. 26  Бала-шағамыз, әйелдеріміз бен барлық малымыз осында, Ғалақат қалаларында, қалады+. 27  Ал қызметшілеріңіздің бәрі, мырзамыз айтқандай, қаруланып арғы бетке өтіп, Ехобаның алдында соғысады+”,— деді. 28  Сонда Мұса оларға қатысты бұйрық беріп, діни қызметкер Елазарға, Нұн ұлы Ешуа мен Исраил руларының әулетбасыларына былай деді: 29  “Егер Ғад пен Рубен ұрпақтары түгел қаруланып, Ехобаның алдында соғысу үшін әрбір ер кісі сендермен бірге Иорданнан өтсе, онда бүкіл өлкені өздеріңе бағындырып алған соң, Ғалақат жерін солардың иелігіне беріңдер+. 30  Ал өздеріңмен бірге арғы бетке қаруланып өтпесе, онда олар Қанахан жерінде сендердің араларыңда қоныс тепсін”. 31  Бұған Ғад пен Рубен ұрпақтары: “Ехоба қызметшілеріңізге не айтса, соны істейді. 32  Біз қаруланып, Ехобаның алдында Қанахан жеріне өтеміз+. Бірақ алатын үлесіміз Иорданның осы жағында болсын”,— деп жауап қайырды. 33  Сонда Мұса оларға — ғад пен рубен руларына+, Жүсіп ұлы Манасадан тараған рудың жартысына+ — аморлықтардың патшасы Сихонның+ және Башан патшасы Огтың қол астындағы жерді+, ондағы қалалар мен оларға қарасты жерлерді берді. 34  Ғад руы Дибон+, Атарот+, Арогер+ 35  Атрот-Шофан, Жазер+, Жохпеха+, 36  Бет-Нимра+, Бет-Харан+ деген бекіністі қалаларды соқты, сондай-ақ тастан қоралар салды. 37  Ал рубен руы Хешбон+, Елалех+, Кириятайым+, 38  Небо+, Бағал-Меғон+ (бұлардың аттары өзгерді), сондай-ақ Сибма қалаларын қайта соқты. Олар қайта соққан қалаларының бәріне жаңадан ат қойды. 39  Манасадан тараған Махир әулеті+ Ғалақатқа аттанып, оны жаулап алды да, сол жерде тұрып жатқан аморлықтарды қуып шықты. 40  Мұса Ғалақатты Манасадан тараған Махир әулетіне берді. Олар сол жерге қоныстанды+. 41  Ал Манасадан тараған Жайыр әулеті Ғалақат өлкесіндегі шатырлы ауылдарды басып алып, оларды Хауот-Жайыр* деп атады+. 42  Нобах болса Кенат пен оған қарасты* қалашықтарды басып алды да, оны Нобах деп өзінің атымен атады.

Сілтемелер

Мағынасы “Жайырдың шатырлы ауылдары”.
Немесе “айналасындағы”.