Мұсаның 4-жазбасы 4:1—49

  • Қахат ұлдарының қызметі (1—20)

  • Гершон ұлдарының қызметі (21—28)

  • Мерари ұлдарының қызметі (29—33)

  • Тіркеуден өткендердің жалпы саны (34—49)

4  Ехоба Мұса мен Харонға былай деді:  “Леуіліктердің ішінен Қахат ұлдарын+ ататегі мен әулеттері бойынша санақтан өткізіңдер.  Кездесу шатырындағы қызметке жарамды, жасы отыз+ бен елу+ аралығындағы еркек кіндіктіні түгел санаңдар+.  Қахат ұлдарының кездесу шатырында атқаратын қызметі+ аса киелі нәрселермен байланысты.  Қос көшерде, Харон мен оның ұлдары киелі шатырға кіріп, шымылдықты+ шешсін де, оны куәлік сандығының+ үстіне жапсын.  Сосын итбалық терісінен жасалған жабын, ал оның үстіне біртұтас көк мата жауып, сандықтың сырықтарын+ орнына кіргізсін.  Кейін олар нан тартуы қойылатын үстелге+ көк мата жайып, оған жайпақ табақтар, тостағандар, сұйық тартулар құятын керсендер мен құмыраларды қойсын+. Ал үнемі ұсынылатын нан тартуы+ үстел үстінде қала берсін.  Солардың үстіне алдымен ал қызыл мата, сосын итбалық терісінен жасалған жабын жауып, үстелдің сырықтарын+ орнына кіргізсін.  Бұдан кейін шамдалды+, оның шамдарын+, қысқаштары мен күлалғыш қалақтарын+, шам майы құйылатын ыдыстарды көк матамен орасын. 10  Содан соң шамдал мен оның бар құрал-жабдығын итбалық терісінен жасалған жабынмен орап, зембілге салсын. 11  Хош иісті заттар түтететін алтын үстелді+ алдымен көк матамен, сосын итбалық терісінен жасалған жабынмен жауып, сырықтарын+ орнына кіргізсін. 12  Олар қасиетті орындағы қызметте үнемі қолданылатын басқа да құрал-жабдықтарды алып+, алдымен көк матамен, сосын итбалық терісінен жасалған жабынмен орап, зембілге салсын. 13  Олар құрбандық ошағының күлін шығарып+, ошақтың үстіне күлгін мата жайсын. 14  Сосын оған құрбандық ошағының қасында қызмет еткенде қолданылатын бүкіл құрал-сайманды+: шоқсалғыштар, шанышқылар, күректер мен керсендерді — қойып, үстіне итбалық терісінен жасалған жабын жапсын да, сырықтарын+ орнына кіргізсін. 15  Қос көшетін кезде, Харон мен оның ұлдары қасиетті орынның заттары мен құрал-жабдықтарын түгел жапсын+. Содан кейін ғана Қахаттың ұлдары оларды көтеру үшін келсін+. Бірақ олар қасиетті орынның заттарына қол тигізбесін, әйтпесе өлім құшады+. Қахат ұлдарына кездесу шатырындағы осы заттарды алып жүру міндеті жүктеледі. 16  Діни қызметкер Харонның ұлы Елазар+ шамның майына+, түтетілетін хош иісті заттарға+, үнемі әкелінетін астық тартуына, май жағу рәсіміне қолданылатын майға+ жауапты. Сондай-ақ бүкіл киелі шатыр мен ондағының бәрін, яғни шатырдың өзі мен оның құрал-жабдықтарын қадағалауға тиіс”. 17  Ехоба әрі қарай Мұса мен Харонға былай деді: 18  “Леуіліктердің арасынан Қахат әулетінің+ құрып кетуіне жол бермеңдер. 19  Олар аса киелі нәрселерге+ жақындағанда, өліп қалмай, тірі жүрулері үшін, былай істелсін: Харон мен оның ұлдары келіп, олардың әрқайсысына атқаратын жұмысы мен көтеріп жүретін жүгін көрсетсін. 20  Қахат ұлдарына қасиетті орынға кіріп, киелі нәрселерге бір сәтке де көз тастауына болмайды, әйтпесе өліп кетеді+”. 21  Бұдан соң Ехоба Мұсаға мынаны айтты: 22  “Леуіліктердің ішінен Гершон ұлдарын+ ататегі мен әулеттері бойынша санақтан өткіз. 23  Кездесу шатырындағы қызметке жарамды, жасы отыз бен елу аралығындағы еркек кіндіктіні түгел сана. 24  Гершон әулетіне тапсырылған әрі көтеріп жүретін жүктері+ мыналар: 25  киелі шатырдың ішкі жабыны+, оның үстіндегі жабындары және итбалық терісінен жасалған ең сыртқы жабын+, кездесу шатырының кіреберісіндегі перде+, 26  аула мен құрбандық ошағын қоршап тұрған маталар+, оның кіреберісіндегі перде+, қоршаудың арқандары мен құрал-жабдықтары және сондағы жұмысты атқаруға қажетті басқа да заттар. Міне, оларға осылар жүктеледі. 27  Гершон ұлдарының+ алып жүретін жүктерімен қоса, барлық қызметін Харон мен оның ұлдары бақыласын. Олардың алып жүретін бар жүгін өзің тағайында. 28  Гершон әулетінің кездесу шатырында атқаратын қызметі+, міне, осы. Олар өз міндеттерін діни қызметкер Харонның ұлы Итамардың басшылығымен атқарсын+. 29  Мераридің ұлдарын+ да ататегі мен әулеттері бойынша санақтан өткіз. 30  Кездесу шатырындағы қызметке жарамды, жасы отыз бен елу аралығындағы еркек кіндіктіні түгел сана. 31  Олардың кездесу шатырындағы қызметі барысында көтеріп жүретін жүктері+ мыналар: шатырдың қабырғаларын құрайтын жақтаулары+, сырықтары+, бағаналары+, ойығы бар тұғырлары+, 32  сондай-ақ аула қоршауының бағаналары+, олардың ойығы бар тұғырлары+, қазықтары+, арқандары мен олардың күллі құрал-саймандары және осылармен байланысты барлық жұмыстар. Сен олардың әрқайсысына алып жүретін жүгін тағайында. 33  Бұл — діни қызметкер Харонның ұлы Итамардың басшылығымен+ кездесу шатырында атқаратын Мерари әулетінің+ қызметі”. 34  Сонымен, Мұса, Харон және қауым басшылары+ Қахат ұлдарын+ ататегі мен әулеттері бойынша тіркеуден өткізіп, 35  кездесу шатырындағы қызметке жарамды, жасы отыз бен елу аралығындағы еркек кіндіктіні+ түгел санады. 36  Әулеттері бойынша тіркелгендердің жалпы саны 2750 болды+. 37  Бұлар кездесу шатырында қызмет етіп жатқан Қахат әулетінен тіркеуден өткендер. Оларды Мұса мен Харон Ехобаның Мұса арқылы берген нұсқауы бойынша тіркеуден өткізген еді+. 38  Гершон ұлдары+ да ататегі мен әулеттері бойынша тіркеуден өткізіліп, 39  кездесу шатырындағы қызметке жарамды, жасы отыз бен елу аралығындағы еркек кіндікті түгел саналды. 40  Ататегі мен әулеттері бойынша тіркелгендердің жалпы саны 2630 болды+. 41  Бұлар кездесу шатырында қызмет етіп жатқан Гершон әулетінен тіркеуден өткендер. Оларды Мұса мен Харон Ехобаның нұсқауы бойынша тіркеуден өткізген еді+. 42  Сондай-ақ Мерари ұлдары ататегі мен әулеттері бойынша тіркеуден өткізіліп, 43  кездесу шатырындағы қызметке жарамды, жасы отыз бен елу аралығындағы еркек кіндікті+ түгел саналды. 44  Әулеттері бойынша тіркелгендердің жалпы саны 3200 болды+. 45  Бұлар, Ехобаның Мұса арқылы берген нұсқауы бойынша, Мұса мен Харон тіркеуден өткізген Мерари әулеті+. 46  Осылай Мұса, Харон және Исраил басшылары осы леуіліктердің бәрін ататегі мен әулеттері бойынша тіркеуден өткізді. 47  Олар кездесу шатырында қызмет етуге және жүк көтеруге тағайындалған+, жасы отыз бен елу аралығындағы еркек кіндіктілер еді. 48  Тіркелгендердің жалпы саны 8580 болды+. 49  Ехобаның Мұсаға берген нұсқауымен олардың әрқайсысы атқаратын қызметі мен көтеретін жүгі бойынша тіркеуге алынды. Осылайша олар, Ехобаның Мұсаға бұйырғанындай, санақтан өткізілді.

Сілтемелер