Мұсаның 5-жазбасы 12:1—32

  • Құдай таңдаған жерде ғибадат ету (1—14)

  • Ет жеуге рұқсат ету, қан жеуге тыйым салу (15—28)

  • Жалған құдайлардың торына түсіп қалмау (29—32)

12  Ата-бабаларыңның Құдайы Ехоба бергелі жатқан жерде өмір сүрген уақыттың бәрінде мына нұсқаулар мен шешімдерді ұқыптылықпен орындаңдар:  Өздерің басып алғалы отырған халықтардың тәңірлеріне арналған орынның бәрін, тау-төбе не жайқалған ағаш болсын, түгін қалдырмай жойыңдар+.  Олардың құрбандық орындарын бұзып, қасиетті тас бағаналарын қиратып+, қасиетті ағаш бағаналарын өртеп, ойып жасаған тәңір бейнелерін сындырып+, сол жерден олардың есімдерін өшіріңдер+.  Ехоба Құдайларыңа ғибадат еткенде, сол халықтарға еліктемеңдер+.  Қайта, Ехоба Құдайларыңа ғибадат ету үшін, ол өз есімі даңқталатын әрі өзінің тұрағы болатын орынды барлық руға берілген өлкенің қай жерінен таңдаса, сонда баратын болыңдар+.  Түгел өртелетін+ және басқа да құрбандықтарыңды, тарту ретінде әкелген оннан бір бөліктеріңді+, сый-тартуларыңды+, ерікті және серт құрбандықтарыңды+, отар-табындарыңның алғашқы төлдерін+ сол жерге апарыңдар.  Өздерің де, үй іштерің де сол жерде Ехоба Құдайларыңның алдында ішіп-жеп+, атқарып жатқан бар істерің үшін қуаныңдар+, өйткені Ехоба Құдайларың сендерге батасын берді.  Сол жерге барғанда, бүгін біздің істеп жүргеніміздей, әркім өзі дұрыс деп тапқанын істемесін.  Себебі сендер тұрақтайтын жерлеріңе, Ехоба Құдайларың мұраға бергелі жатқан жерге, әлі кірген жоқсыңдар+. 10  Иорданнан өтіп+, Ехоба Құдайларың иеліктеріңе беретін өлкеге келгенде, ол айналаңдағы барлық жауларыңнан қорғап, тыныш өмір сыйлайды+. 11  Ехоба Құдайларың өз есімін даңқтау үшін таңдаған жерге менің бұйырғандарымның бәрін: түгел өртелетін және басқа да құрбандықтарыңды, тарту ретінде әкелген оннан бір бөліктеріңді+, сый-тартуларыңды, Ехобаға серт құрбандығы ретінде таңдағандарыңды — алып келіңдер+. 12  Ехоба Құдайларыңның алдында өздерің де қуаныңдар+, ұл-қыздарың да, құл-күңдерің де, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктер+ де (өйткені сендерге берілгендей, оларға мұралыққа жер берілмеген) қуансын. 13  Байқаңдар, түгел өртелетін құрбандықтарыңды қалаған жерлеріңде әкелуші болмаңдар+. 14  Ехоба қай рудың жерінен орын таңдаса, оларды тек сол жерде ғана ұсыныңдар, менің бұйырғандарымның бәрін сол жерде орындаңдар+. 15  Егер ет жегілерің келсе, кез келген қалада, Ехоба Құдайларыңның берген батасына қарай, мал сойып жеулеріңе болады+. Оны, киік не бұғының етін жегендей, таза адам да, арамдалған адам да жей алады. 16  Тек қанын ішіп-жемеңдер+. Оны жерге, су сияқты, төгіп тастаңдар+. 17  Астықтың, жаңа шараптың және майдың оннан бір бөлігін, отар-табындарыңның алғашқы төлін, кез келген серт құрбандықтарыңды, ерікті құрбандықтарыңды және сый-тартуларыңды тұрып жатқан қалаларыңда жеуші болмаңдар+. 18  Оларды Ехоба Құдайларыңның алдында, Ехоба Құдайларың таңдаған жерде+, ұл-қыздарыңмен, құл-күңдеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен бірге жеңдер. Атқарған бар істерің үшін Ехоба Құдайларыңның алдында қуаныңдар. 19  Сол елде тұрып жатқан кездің бәрінде леуіліктерді елеусіз қалдырмаңдар+. 20  Ехоба Құдайларың, өзі уәде еткендей+, шегараларыңды кеңейткенде+, “ет жегім келеді” деп аңсаған кездеріңде ет жеулеріңе болады+. 21  Егер Ехоба Құдайларың өз есімін даңқтау үшін таңдаған жер+ алыс болса, өздеріңе бұйырғанымдай, Ехоба батасын берген отар-табындарыңнан мал сойып, өз қалаларыңда кез келген уақытта жей беріңдер. 22  Оны, киік не бұғының етін жегендей, жей беріңдер+. Таза адам да, арамдалған адам да оны жей алады. 23  Тек оның қанын ішіп-жеуден аулақ болыңдар+. Қан дегеніміз — өмір*+, сондықтан оны* етпен бірге жемеңдер. 24  Қанды ішіп-жемеңдер, оны жерге, су сияқты, төгіп тастаңдар+. 25  Сонымен, қанды ішіп-жемеңдер, сонда өздеріңе де, балаларыңа да жақсы болады, өйткені Ехобаның көзінде дұрыс нәрсені істедіңдер. 26  Ехоба таңдаған жерге тек қасиетті сый-тартуларың мен серт құрбандықтарыңды ғана әкеліңдер. 27  Сол жерде түгел өртелетін құрбандықтарыңды, еті мен қанын+, Ехоба Құдайларыңа арналған ошақтың үстінде ұсыныңдар. Басқа құрбандықтардың қаны да Ехоба Құдайларыңа арналған құрбандық ошағының түбіне төгілу керек+, ал етін жеулеріңе болады. 28  Мен бұйырған осы сөздерді ұқыптылықпен орындаңдар. Сонда өздеріңе де, балаларыңа да әрдайым жақсы болады, өйткені Ехоба Құдайларыңның көзінде дұрыс әрі игі нәрсені істеп жатырсыңдар. 29  Ехоба Құдайларың алдарыңдағы халықтарды жойып, сендер олардың жерін басып алып+, қоныс тепкеннен кейін, 30  көзі жойылған сол халықтарға еліктеп, торға түсіп қалудан сақ болыңдар. “Осы халықтар құдайларына қалай құлшылық етті екен? Мен де солай істейінші”+,— деп, солардың құдайлары жайлы сұрастырып жүрмеңдер. 31  Ехоба Құдайларыңа солар сияқты ғибадат етпеңдер. Өйткені олар өз құдайларына табынған кезде Ехобаға жеркенішті де жексұрын нәрселер істейді, тіпті тәңірлеріне арнап ұл-қыздарын өртейді+. 32  Мен бұйырған осы сөздердің бәрін ұқыптылықпен орындаңдар+. Бұларға еш нәрсе қосушы не алып тастаушы болмаңдар+.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “жанды”.
Сөзбе-сөз “жан”.