Мұсаның 5-жазбасы 15:1—23
15 Әрбір жетінші жылы біреуге берген қарыздарыңды кешіңдер+.
2 Бұл үшін қарыз беруші былай істеу керек: ол өзге біреудің не бауырының қарызын кешіп, оны төлеуді талап етпесін. Себебі, Ехобаның нұсқауы бойынша, бұл — қарыз кешірілетін уақыт+.
3 Бірақ жатжерліктен қарыздарыңды талап етулеріңе болады+. Ал бауырларыңның қарызын, қанша болмасын, кешіріңдер.
4 Араларыңда кедей-кепшік болмау керек, өйткені Ехоба Құдайларың иеліктеріңе беретін жерде тұрып жатқандарыңда, Ехоба міндетті түрде сендерге батасын береді+.
5 Тек Ехоба Құдайларыңның айтқандарына толықтай мойынсұнып, мен бүгін беріп отырған заңдардың бәрін бұлжытпай орындаңдар+.
6 Өйткені Ехоба Құдайларың, өз уәдесіне сай, сендерді жарылқайды. Сендер көптеген халықтарға қарыз беретін боласыңдар, ал өздерің қарыз алмайсыңдар+. Көптеген халықтардан үстем боласыңдар, ал олар сендерге үстемдік ете алмайды+.
7 Егер Ехоба Құдайларың берген қалаларыңның бірінде кедейленіп қалған бауырың болса, онда жүректеріңді қатуландырып, оған сараңдық жасамаңдар+.
8 Қайта, қолдарың ашық болсын+, оған мұқтаждығына қарай қарыз беріңдер.
9 Алайда көңілдеріңе “қарызды кешетін жетінші жыл таяп қалды” деген арам ой келіп+, мұқтаж болған бауырыңа сараңдық танытып, түк бермей жүрмеңдер. Әйтпесе ол Ехобаға шағымданса, мойындарыңа күнә артылады+.
10 Ендеше, оған қынжылмай, жомарттықпен беріңдер+. Осылай етулерің үшін Ехоба Құдайларың барлық іс-әрекеттеріңе батасын береді+.
11 Өйткені тұрып жатқан жерлеріңде кедей-кепшіктер әрқашан болады+. Сондықтан да сендерге: “Елдеріңде тұрып жатқан бейшара, кедей бауырларыңа қолдарың ашық болсын”,— деп бұйырып отырмын+.
12 Егер араларыңдағы біреуің еврей бауырыңды, еркек не әйел болсын, сатып алсаң, ол саған алты жыл қызмет еткен соң, жетінші жылы бостандыққа жібер+.
13 Оны босатқанда, құрқол жіберме.
14 Оған отарыңнан мал, қырманыңнан астық, сондай-ақ жүзім мен зәйтүн майын сығатын орындарыңнан түскен өнімнен бер. Ехоба Құдайың сені жарылқағандай, сен де оны жарылқа.
15 Өзіңнің де Мысыр елінде құл болғаныңды және Ехоба Құдайың сені сол жерден азат еткенін* ұмытпа. Міне, сондықтан да бүгін саған осыларды бұйырып отырмын.
16 Егер құлың сенімен бірге тұрғанды ұнатып, өзіңді де, үй ішіңді де жақсы көріп: “Сізден кеткім келмейді”,— десе+,
17 онда қолыңа біз ал да, құлағын есікке тақап тес, сонда ол өмір бойы сенің құлың болады. Күңіңе де осылай істе.
18 Құлыңды бостандыққа жіберуді қиынсынба, өйткені ол алты жыл жұмыс істеп, жалдамалы жұмысшыдан гөрі екі есе көп пайда келтірді. Оның үстіне, Ехоба Құдайың сені молынан жарылқап келеді.
19 Отар-табындарыңдағы алғашқы еркек төлдердің бәрін Ехобаға арнап, қасиетті етіңдер+. Ірі қараның алғашқы төлін жұмысқа жекпеңдер, ұсақ малдың алғашқы төлінің жүнін қырықпаңдар.
20 Оны Ехоба Құдайларыңның алдында, Ехоба таңдаған орында бүкіл үй іштеріңмен жыл сайын жейтін болыңдар+.
21 Егер ол кемтар, ақсақ не соқыр, яки оның басқа да үлкен кемістігі болса, Ехоба Құдайларыңа құрбандыққа ұсынбаңдар+.
22 Оны тұрып жатқан қалаларыңда жеңдер. Киік не бұғының етін жегендей, оны таза адам да, арамдалған адам да жей алады+.
23 Бірақ қанын ішіп-жемеңдер+. Оны жерге, су сияқты, төгіп тастаңдар+.
Сілтемелер
^ Немесе “құн төлеп азат еткенін”.