Мұсаның 5-жазбасы 20:1—20
20 Соғысқа шыққанда, жаудың аттары, соғыс арбалары мен сарбаздарының басым екенін көріп, зәрелерің ұшпасын, өйткені өздеріңді Мысырдан алып шыққан Ехоба Құдайларың сендерге жар болады+.
2 Шайқас алдында, діни қызметкер келіп, халыққа сөз сөйлеп+:
3 “Тыңда, уа, Исраил! Міне, жауыңмен соғысқалы жатырсың. Жігерің жасымасын! Қорықпа, үрейің ұшып, қалтырама!
4 Өйткені Ехоба Құдайың жорыққа бірге шығып, жауыңмен өзі соғысып, сені құтқарады+”,— десін.
5 Сосын басшылар халыққа: “Араларыңда жаңадан үй салып, әлі көшіп кірмеген біреу бар ма? Онда ол үйіне қайта берсін, әйтпесе соғыста қаза болып, үйіне басқа біреу көшіп кіріп жүрер.
6 Араларыңда жүзімдік отырғызып, әлі өнімін жинамаған біреу бар ма? Ол да үйіне қайта берсін, әйтпесе соғыста қаза болып, оны өзге біреу жинап жүрер.
7 Араларыңда атастырылған қалыңдығына әлі үйленбеген біреу бар ма? Сондай адам да үйіне қайта берсін+, әйтпесе соғыста мерт болып, оған басқа біреу үйленіп жүрер”,— десін.
8 Сондай-ақ олар халыққа: “Араларыңда жүрексініп, қорқып тұрған біреу бар ма+? Онда мұндай адам үйіне қайтсын. Әйтпесе қасындағы бауырларының да жігерін жасытып жүрер+”,— деп айтсын.
9 Басшылар сөзін аяқтаған соң, халықты соғысқа бастап баратын қолбасшылар тағайындасын.
10 Қаланы жауламақ болып келгенде, алдымен оның тұрғындарына соғыссыз берілуді ұсыныңдар+.
11 Олар бейбіт ұсыныстарыңды қабылдап, қала қақпаларын ашса, ондағы адамдардың бәрі сендерге басыбайлы қызметші болып, жұмыс істесін+.
12 Ал егер бітімге келмей, сендерге қарсы соғысса, онда қаланы қоршауға алыңдар.
13 Ехоба Құдайларың оларды міндетті түрде қолдарыңа береді. Сонда еркек кіндіктілерді семсердің жүзімен бірін қалдырмай қырып салыңдар.
14 Бірақ қаладағы әйел, бала-шаға, мал-мүлікті түгел олжа етіп алыңдар+. Ехоба Құдайларың қолдарыңа берген жауларыңнан түсірген олжаны ішіп-жеңдер+.
15 Өздерің кіргелі тұрған жердегі халықтардың меншігіне жатпайтын, алыста орналасқан қалаларға ғана осылай істеңдер.
16 Ал Ехоба Құдайларың иелікке бергелі отырған өлкедегі халықтардың қалаларында бірде-бір тірі жан қалдырмаңдар+.
17 Ехоба Құдайларың өздеріңе бұйырғандай, хеттіктерді, аморлықтарды, қанахандықтарды, перездіктерді, хевтіктер мен ебустіктерді түгел құртып жіберіңдер+.
18 Әйтпесе олар жалған тәңірлеріне құлшылық еткенде жасайтын жексұрын істерін сендерге үйретіп, Ехоба Құдайларыңа қарсы күнә жасауларыңа түрткі болады+.
19 Егер қаланы жаулап алмақ болып, ұзақ уақыт қоршауда ұстасаңдар, оның төңірегіндегі ағаштарды балтамен шауып құртпаңдар. Олардың жемісін жеулеріңе болады, бірақ ағаштарды кеспеңдер+. Себебі далада өсіп тұрған ағаштармен соғысатындай, олар адам емес қой.
20 Жемісі жеуге жарамсыз ағаштарды ғана шабуға болады. Өздеріңмен соғысып жатқан қала құлағанға дейін, сол ағаштардан қаланы қоршауға алатын қабырға жасауларыңа болады.