Мұсаның 5-жазбасы 23:1—25
23 Ұрық безі зақымдалған не жыныс мүшесі кесіп тасталынған ешбір еркек Ехобаның қауымының мүшесі бола алмайды+.
2 Некесіз туылған ұл Ехобаның қауымының мүшесі бола алмайды+. Оның үрім-бұтағы да ешқашан* Ехобаның қауымының қатарына қосыла алмайды.
3 Ешбір аммондық та, моабтық та Ехобаның қауымының мүшесі бола алмайды+. Олардың үрім-бұтақтары да ешқашан* Ехобаның қауымының қатарына қосыла алмайды.
4 Өйткені олар Мысырдан шығып келе жатқандарыңда сендерге ас-су беріп жәрдемдеспеді+, сондай-ақ сендерге қарғыс айтқызбақ болып, Месопотамиядағы Петорда тұратын Беғор ұлы Балағамды жалдады+.
5 Сонда Ехоба Құдайларың Балағамның сөзін тыңдамады+. Қайта, Ехоба Құдайларың оның қарғысын батаға айналдырды+, өйткені Ехоба Құдайларың сендерді жақсы көреді+.
6 Олардың игілігі үшін және өркендеулері үшін ештеңе жасаушы болмаңдар+.
7 Едомдықтарды жек көруші болмаңдар, өйткені олар — сендердің бауырларың+. Мысырлықтарды да жек көруші болмаңдар, өйткені сендер олардың елінде жатжерлік ретінде тұрғансыңдар+.
8 Олардың үшінші ұрпағы Ехобаның қауымының мүшесі бола алады.
9 Жауларыңа қарсы жорыққа шығып, бір жерге қос тіккенде, өздеріңді арамдаудан сақтаныңдар+.
10 Егер араларыңдағы біреудің түнде шәуеті ағып, арамдалып қалса+, қостың сыртына шығып, сонда бола тұрсын.
11 Кеш түсе ол суға шомылсын, сосын күн бата қосқа кіруіне болады+.
12 Қостың сыртынан дәретке отыратын жер белгілеңдер де, сол жерге баратын болыңдар.
13 Құрал-жабдықтарыңның арасында күрекшелерің* болсын. Түзге шығарда шұңқыр қазып, кейін нәжісті көміп тастаңдар.
14 Өйткені Ехоба Құдайларың сендерді құтқару үшін және жауларыңды қолдарыңа беру үшін қостың ішінде жүреді+. Ол араларыңнан қандай да бір лайықсыз нәрсені көріп, сендерден бет бұрып кетпес үшін, қостарың қасиетті болу керек+.
15 Құл өзінің қожайынынан қашып, араларыңа келгенде, оны иесіне қайтармаңдар.
16 Ол өзі таңдаған жерінде, ұнатқан қалаларыңның бірінде тұра берсін. Оған жәбір көрсетпеңдер+.
17 Исраилдің ешбір қызы да, ұлы да ғибадатхана жезөкшесі болмасын+.
18 Әйел жезөкшенің алған ақысын немесе еркек жезөкшенің алған ақысын сертті орындау үшін әкелген сый-тарту ретінде Ехоба Құдайларыңның үйіне әкелмеңдер, өйткені бұл Ехоба Құдайларың үшін жеркенішті.
19 Бауырыңа берген ештеңеден: қарызға берген ақшадан, азық-түліктен не басқа да нәрседен — өсім алушы болма+.
20 Жатжерліктен өсім алуға болады+, бірақ бауырыңнан өсім алма+. Сонда иелікке алғалы жатқан елде Ехоба Құдайың сенің барлық ісіңді жарылқайтын болады+.
21 Ехоба Құдайыңа қандай да бір ант берсең+, оны кейінге қалдырмай орында+. Өйткені Ехоба Құдайың сенен оны орындауды талап етеді, әйтпесе күнәлі боласың+.
22 Егер ант бермесең, күнәлі болмайсың+.
23 Аузыңнан шыққан сөзіңді бұлжытпай орында+, Ехоба Құдайыңа ерікті сый-тарту ретінде нені ант еткен болсаң, соны істе+.
24 Егер біреудің жүзімдігіне кірсең, тойғаныңша же, бірақ ыдысқа салып әкетуші болма+.
25 Егер біреудің егіндігіне кірсең, піскен масақты қолмен үзіп жеуіңе болады, бірақ оған орақ салма+.
Сілтемелер
^ Сөзбе-сөз “тіпті оныншы ұрпағына дейін”.
^ Сөзбе-сөз “оныншы ұрпағына дейін”.
^ Бұл жер қазуға арналған үшкір таяқ болғанға ұқсайды.