Мұсаның 5-жазбасы 25:1—19
25 Егер екі адамның арасында дау туса, билерге жүгінсін+. Олар істі қарастырып, жазықсызды ақтап, жазықтыны айыптайды+.
2 Егер жазықты адам дүре соғып жазалауға лайық болса+, би оны жатқызып қойып, көз алдында дүре соқтырсын. Дүренің саны қылмыстың ауырлығына қарай белгіленсін.
3 Оған 40 ретке дейін дүре соғуға болады+, бірақ одан аспасын. Әйтпесе бұл бауырыңды көз алдарыңда масқара ету болар еді.
4 Астық бастырып жүрген бұқаға тұмылдырық кигізбеңдер+.
5 Егер бір жерде тұрып жатқан ағайындылардың біреуі ұл сүймей қайтыс болып кетсе, оның әйелі бөтен біреуге шықпасын. Оған күйеуінің бауыры үйленіп, әмеңгерлік міндетін атқарсын+.
6 Сол әйелдің тұңғыш ұлы қайтыс болған күйеуінің баласы болып есептеледі+. Сонда Исраилден марқұмның аты өшпейді+.
7 Егер марқұмның бауыры оның жесіріне үйленгісі келмесе, онда әйел қала қақпасының алдында отырған ақсақалдарға барып: “Күйеуімнің бауыры оның есімін өшірмей, Исраилдің арасында сақтап қалудан бас тартып, әмеңгерлік міндетін орындауға келіспей жатыр”,— десін.
8 Сонда қала ақсақалдары әлгі адамды шақыртып, сөйлессін. Ол ойынан қайтпай: “Оған үйленгім келмейді”,— десе,
9 онда марқұмның әйелі ақсақалдардың көзінше әлгінің қасына барсын да, оның сандалын шешіп+ алып, бетіне түкіріп: “Бауырының есімін сақтап қалғысы келмеген кісіге осылай істейді”,— десін.
10 Сөйтіп, Исраилде оның әулеті “сандалы шешілгеннің әулеті” деп аталатын болады.
11 Егер екі ер адам төбелесіп жатқанда, біреуінің әйелі келіп, күйеуін құтқармақ болып, оны ұрып жатқан адамның жыныс мүшесінен шап беріп ұстап алса,
12 онда әйелдің қолы кесіп тасталсын. Оны аяп-мүсіркемеңдер.
13 Дорбаларыңда екі түрлі — бірі үлкен, бірі кіші — кіртас болмасын+.
14 Үйлеріңде екі түрлі — бірі үлкен, бірі кіші — өлшеуіш ыдыс* та болмасын+.
15 Кіртастарың мен өлшеуіш ыдыстарың дәл және тура болсын. Сонда Ехоба Құдайларың бергелі жатқан жерде ұзақ ғұмыр кешесіңдер+.
16 Осындай нәрселермен өзгелерді алдайтын әркім Ехобаға жеркенішті+.
17 Мысырдан келе жатқандарыңда амалектіктердің сендерге не істегенін ұмытпаңдар+.
18 Шаршап-шалдығып келе жатқандарыңда, олар жолшыбай сендерге кезігіп, артта қалып қойғандарыңа шабуыл жасап еді ғой. Олар Құдайдан қорыққан жоқ.
19 Ехоба Құдайларың иелікке бергелі жатқан жерге барғанда, Ехоба Құдайларың барлық жауларыңнан қорғап, сендерге тыныштық сыйлаған соң+, жер бетінен амалектіктердің атын өшіріңдер+. Мұны істеуді ұмытпаңдар.
Сілтемелер
^ Немесе “ефа”. Ә14 қосымшасын қараңыз.