Мұсаның 5-жазбасы 29:1—29
29 Хорибтегі келісімнен басқа, Ехоба Мұсаға Моаб жерінде Исраил халқымен келісім жасауды бұйырды+. Оның шарттары келесідей болды.
2 Мұса күллі Исраил халқын шақырып, былай деді: “Сендер Ехобаның Мысыр елінде перғауынға, оның барлық қызметшілері мен бүкіл еліне не істегенін өз көздеріңмен көрдіңдер+.
3 Сондай-ақ зор сот жүргізіп, белгілер мен кереметтер жасағанына куә болдыңдар+.
4 Алайда Ехоба сендерге осы күнге дейін ұғатын сана*, көретін көз, еститін құлақ берген жоқ+.
5 “Мен сендерді 40 жыл бойы шөл даламен алып жүрдім+. Сонда киім-кешектерің де, аяқкиімдерің де тозған жоқ+.
6 Жол-жөнекей сендер нан жеген жоқсыңдар, шарап не басқа ішімдік те ішпедіңдер. Әйтсе де менің Ехоба Құдайларың екенімді білулерің үшін, сендерді қамқорлап келдім”.
7 Ақырында, осы жерге келіп жеттіңдер. Алдымыздан Хешбон патшасы Сихон+ мен Башан патшасы Ог+ шайқасуға шықты, бірақ біз оларды ойсырата жеңдік+.
8 Сөйтіп, жерлерін басып алып, оларды рубен, ғад руына және манаса руының жартысына иелікке бердік+.
9 Ендеше осы келісімнің шарттарын орындаңдар. Сонда не істесеңдер де, табысты боласыңдар+.
10 Міне, бүгін сендер Ехоба Құдайларыңның алдында тұрсыңдар. Рубасыларың, ақсақалдарың, басшыларың, Исраилдің күллі ер кісілері,
11 балаларың мен әйелдерің+, сондай-ақ қостарыңдағы жатжерліктер+, отын жинаушыларынан бастап су таситындарына дейін — бәрің жиналып,
12 Ехоба Құдайларыңмен келісім жасасып, оны антпен бекіту үшін тұрсыңдар. Ехоба Құдайларың бұл келісімді бүгін бекітіп+,
13 сендерді өзінің халқы етпек+, ал өзі сендердің Құдайларың болмақ+. Мұны ол сендерге және ата-бабаларың Ыбырайымға+, Ысқақ+ пен Жақыпқа+ уәде етіп еді.
14 Антпен бекітілетін бұл келісімді мен сендермен ғана емес,
15 бізбен бірге осы жерде, Ехоба Құдайымыздың алдында, тұрғандармен және келешек ұрпақтармен де жасасамын.
16 (Мысырда қалай өмір сүргенімізді, жол-жөнекей түрлі халықтардың арасынан қалай өткенімізді жақсы білесіңдер ғой+.
17 Сендер олардың жексұрын нәрселерін, сондай-ақ ағаштан, тастан, алтын-күмістен жасалған жеркенішті пұттарын+ көрдіңдер.)
18 Абай болыңдар, араларыңда Ехоба Құдайымыздан теріс айналып, сол халықтардың тәңірлеріне құлшылық ететін ешбір еркек, әйел, әулет не ру болмасын+. Мұндайлар улы және жусандай ащы шөптің тамырына ұқсайды+.
19 Егер әлдебіреу осы анттың сөздерін естіп, іштей: “Жүрегімнің қалауымен жүрсем де, бәрі жақсы болады”,— деп мақтанып, жолындағының бәрін жайпап салса,
20 Ехоба ондай адамды кешірмейді+. Қайта, Ехоба оған ашуланып, қаһарын төгеді, сонда осы кітапта жазылған қарғыстың бәрі басына келеді+. Ехоба жер бетінен оның есімін өшіреді.
21 Исраилдің барлық руының ішінен Ехоба оны бөліп алып, осы Заң кітабында жазылған келісімде ескертілген қарғыстарға сай, апатқа ұшыратады.
22 Келер ұрпақтарың және алыстан келген жатжерліктер Ехобаның сол жерге қандай апаттар мен қарғыстар жібергенін көргенде,
23 кезінде Ехоба ашуы мен қаһарын төгіп, құртып жіберген Содом мен Ғомора+, Адма мен Зебоимнің+ жеріндей, сол жердің де күкірт, сор мен оттың кесірінен егін егуге жарамсыз болып, ештеңе көктеп шықпай қалғанын көргенде,
24 олар да, басқа халықтар да: “Ехоба бұл елге неліктен осылай істеді+? Не үшін соншама қаһарын төкті?”— деп сұрайды.
25 Сонда олардың еститін жауабы мынау болмақ: “Өйткені олар ата-бабаларының Құдайы Ехобаның Мысырдан алып шыққан кезде өздерімен жасасқан келісімінің шарттарын орындамай қойды+.
26 Сөйтіп, өздері танымайтын және табынуға тыйым салынған басқа тәңірлерге бас иіп, құлшылық етіп кетті+.
27 Сонда бұл елге Ехобаның ашу-ызасы келіп, осы кітапта жазылған қарғыстың бәрін басына келтірді+.
28 Наразы болып, қатты ашуланған және қаһарына мінген Ехоба оларды бұл жерден түптамырымен жұлып алып+, бөтен жерге, яғни қазір тұрып жатқан жерге, тастады+”.
29 Жасырын нәрселер Ехоба Құдайымызға+, ал ашылғандары бізге және ұрпақтарымызға мәңгілік тиесілі. Сондықтан да біз осы Заңның сөздерін орындауымыз керек+.
Сілтемелер
^ Сөзбе-сөз “жүрек”.