Мұсаның 5-жазбасы 6:1—25

  • Ехобаны бар жүрекпен сүю (1—9)

    • “Тыңда, уа, Исраил” (4)

    • Құдай сөзін баланың құлағына құю (6, 7)

  • Ехобаны ұмытпау (10—15)

  • Ехобаны сынамау (16—19)

  • Кейінгі ұрпаққа айтып жүру (20—25)

6  Ехоба Құдайларың сендерге үйрет деп маған бұйырған келесі заңдарды, нұсқаулар мен шешімдерді өзеннің арғы бетінен иелікке алатын жерде тұрып жатқан кездеріңде орындауларың керек.  Өздерің де, ұлдарың мен немерелерің де Ехоба Құдайларыңнан қорқып, оның мен арқылы беріп отырған нұсқаулары мен заңдарын өмір бойы ұстаныңдар+. Сонда ғұмырларың ұзақ болады+.  Уа, Исраил, соларды тыңдап, ұқыптылықпен орында. Сонда Ехоба Құдайың ата-бабаңа уәде еткендей, ағы мен балы ағыл-тегіл мол елде өсіп-өніп, өркендейтін боласың.  Тыңда, уа, Исраил, Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба+.  Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен+ және бар күш-қуатыңмен* сүй+.  Мен бүгін бұйырған осы сөздер жүрегіңнен орын алсын.  Оларды балаларыңның құлағына құйып+, үйде отырғанда да, жол жүргенде де, жатқанда да, тұрғанда да айтатын бол+.  Олар қолыңа байланған белгі, маңдайыңа таңылған ескертпе іспетті болсын+.  Оларды есігіңнің жақтауына және қалаңның қақпасына жазып қой. 10  Ехоба Құдайларың сендерді ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ пен Жақыпқа уәде еткен жерге алып кіріп+, өздерің тұрғызбаған үлкен де әсем қалаларды+, 11  өздерің жинамаған дүние-мүлікке толы үйлерді, өздерің қазбаған су қоймаларын, өздерің отырғызбаған жүзімдіктер мен зәйтүн ағаштарын береді. Сонда ішіп-жеп, тойынғанда+, 12  Мысыр елінен, құлдық үйінен, алып шыққан Ехобаны ұмытып кетуден абай болыңдар+. 13  Ехоба Құдайларыңнан қорқып+, соған ғана қызмет етіңдер+, соның ғана есімімен ант беріңдер+. 14  Өзге құдайларға, айналадағы халықтардың құдайларына, құлшылық етпеңдер+, 15  себебі араларыңдағы Ехоба Құдайларың — өзіне қалтқысыз берілуді талап ететін Құдай+. Әйтпесе Ехоба Құдайларың сендерге қаһарын төгіп+, жер бетінен көздеріңді құртады+. 16  Ехоба Құдайларыңды Массада сынағандай+ сынаушы болмаңдар+. 17  Ехоба Құдайларың бұйырған заңдарды, ескертпелер мен нұсқауларды ыждағатпен орындаңдар. 18  Ехобаның көз алдында дұрыс әрі жақсы болатын істерді жасаңдар. Сонда мұның игілігін көріп, Ехоба Құдайларың ата-бабаларыңа уәде еткен шұрайлы жерге кіріп, оны иемденесіңдер+. 19  Сондай-ақ Ехоба уәде еткендей, жауларыңды түгел қуып шығасыңдар+. 20  Болашақта балаларың: —Ехоба Құдайымыз сіздерге орындауды бұйырған осы ескертпелердің, нұсқаулар мен шешімдердің қандай мәні бар?— деп сұраса, 21  оларға: —Біз Мысыр елінде перғауынның құлы болған едік. Бірақ Ехоба бізді құдіретті қолымен Мысырдан алып шықты. 22  Сонда Ехоба көз алдымызда Мысырға, перғауынға және оның бүкіл үй ішіне қарсы жойқын да ғаламат кереметтер мен істер жасады+. 23  Ол сол елден бізді ата-бабамызға уәде еткен осы жерге+ әкелу үшін алып шықты. 24  Аман-есен жүруіміз үшін+, Ехоба осы нұсқауларды орындауды және мәңгілік игілігіміз үшін Құдайымыз Ехобадан қорқуды бұйырды+. Осының арқасында аман-есен жүрміз де. 25  Егер Ехоба Құдайымызға мойынсұнып, өзі бұйырғандай, осы заңдарды ұқыптылықпен орындайтын болсақ, оның алдында әділ боламыз+,— деп жауап беріңдер.

Сілтемелер

Немесе “өзіңде бардың бәрімен”.