Нехемия 5:1—19
5 Сол кезде халық арасындағы ерлер мен олардың әйелдері яһуди бауырларына наразылық білдірді+.
2 Олардың кейбірі: “Біз көппіз, ұл-қыздарымыз бар. Аштан өліп қалмас үшін бізге астық керек”,— десе,
3 өзгелері: “Азық тапшылығы кезінде астық алу үшін, егістіктеріміз бен жүзімдіктерімізді, үй-жайымызды кепілдікке беріп жатырмыз”,— деп жатты.
4 Тағы біреулері болса: “Патшаға салық төлеу үшін қарызға ақша алып, егістіктеріміз бен жүзімдіктерімізді кепілдікке берудеміз+.
5 Бәріміз де қандас туыспыз ғой, біздің бала-шағамыз олардың да бала-шағасы емес пе?! Сөйтсе де ұл-қыздарымызды құлдыққа сатуға мәжбүрміз, тіпті қыздарымыздың кейбірі құлдықта жүр+. Қолдан келер еш шара жоқ, өйткені егістіктеріміз бен жүзімдіктеріміз басқалардың иелігінде”,— деп налыды.
6 Мен олардың жанайқайы мен айтқан сөздерін естігенде, қатты ашуландым.
7 Осы мәселе жайлы ойланып-толғанған соң, беделді кісілер мен басқарушыларды шақыртып алып: “Сендер өз бауырларыңнан өсім талап етіп отыр екенсіңдер”+,— дедім.
Содан осы мәселеге қатысты үлкен жиын өткіздім.
8 Мен оларға: “Біз басқа халықтарға құлдыққа сатылып кеткен яһуди бауырларымызды мүмкіндігінше қайта сатып алдық. Ал қазір бауырларыңды өздерің сатып жатырсыңдар+. Енді біз оларды сендерден сатып алуымыз керек пе?”— дедім. Бірақ олар айтатын сөз таппай, үн-түнсіз қалды.
9 Оларға тағы былай дедім: “Бұларың дұрыс емес. Бөтен халықтардың, жауларымыздың, мазағына қалмас үшін, Құдайымыздан қорқып жүрулерің керек емес пе+?!
10 Мен де, бауырларым да, қызметшілерім де мұқтаж болғандарға қарызға ақша мен астық беріп жүрміз. Өтінемін, өсім алуды осымен доғарайық+!
11 Өтінемін, бүгіннен қалмай жұрттың егістігін, жүзімдігін, зәйтүн бағын, үй-жайын қайтарып беріңдер+. Сондай-ақ қарызға берген ақшадан, астықтан, жаңа шарап пен майдан өсім ретінде алған жүзден бір бөлікті* өздеріне қайтарыңдар”.
12 Бұған олар: “Мұның бәрін қайтарамыз, ештеңені де алып қалмаймыз. Айтқаныңды бұлжытпай орындаймыз”,— деді. Сонда мен діни қызметкерлерді шақыртып, сөздерінде тұру үшін әлгілерге ант бергіздім.
13 Сосын киімімнің өңірін қағып, оларға: “Өз уәдесін орындамаған әркімді Құдай дәл осылай қағып, оны үйінен және иемденген мүлкінен айырсын! Ол дәл осылай қағылып, құралақан қалсын!”— дедім. Сонда күллі қауым: “Аумин!”— деді. Олар Ехобаны мадақтады, сондай-ақ берген уәделеріне сай әрекет етті.
14 Патша мені Яһудаға әмірші+ етіп тағайындаған күннен бері, Артаксеркс патшаның+ жиырмасыншы жылынан+ отыз екінші жылына дейін+, 12 жыл бойы, өзім де, бауырларым да әміршіге тиесілі азық-түлікті жеген емеспіз+.
15 Ал менің алдымдағы әміршілер болса халыққа ауыртпалық салып, нан мен шарапқа деп күн сайын 40 күміс шекел* алып отырған. Олардың қызметшілері де халықты қанады. Бірақ мен Құдайдан қорыққандықтан+ олай еткен жоқпын+.
16 Оның үстіне, мен қабырғаны қайта тұрғызуға қол ұшын бердім. Қызметшілерім де жұмысқа жұмыла атсалысты. Біз ешқандай танап иемденген емеспіз+.
17 Менің дастарқанымнан 150 яһуди мен басқарушы, сондай-ақ басқа халықтардан келгендер де тамақтанып жүрді.
18 Күн сайын маған* бір бұқа, алты семіз қой және бірталай құс сойылып дайындалатын. Он күнде бір рет шараптың небір түрі мол етіп әкелінетін. Сонда да халықтан әміршіге тиісті азық-түлікті талап еткен жоқпын, өйткені олардың мойнындағы жүк онсыз да ауыр еді.
19 Уа, Құдайым, осы халықтың игілігі үшін істегенімнің бәрін есіңе алып, маған жақсылық жасай көр+!
Сілтемелер
^ Бұл ай сайын берілетін 1 пайызға нұсқайды.
^ 1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Немесе “өз есебімнен”.