Патшалар 1-жазба 10:1—29

  • Шеба патшайымының Сүлейменге келуі (1—13)

  • Сүлейменнің ұлан-ғайыр байлығы (14—29)

10  Шеба елінің патшайымы Ехобаның есімі арқылы Сүлейменнің даңқы артқанын естіді+. Содан Сүлейменді қиын сауалдармен* сынамақ болып жолға шықты+.  Ол нөкерлерін ертіп, ырғалып-жырғалып Иерусалимге келді+. Патшайым түйелеріне хош иісті май+, өте көп алтын, асыл тастар артып келген еді. Ол Сүлеймен патшамен көңілінде жүргеннің бәрі туралы әңгімелесті.  Сүлеймен оның барлық сұрақтарына жауап берді. Ол түсіндіре алмаған сауал болмады.  Шеба патшайымы Сүлейменнің даналығын+, салған үйін+,  дастарқанындағы тамағын+, қызметшілерінің дастарқан басына қалай отырғызылғанын, даяшыларының қызметі мен киімдерін, сондай-ақ шарапшыларының қызметін, Ехобаның үйінде шалатын құрбандықтарын көргенде, демін ішіне тартып, қайран қалды.  Сонда ол патшаға былай деді: “Сіздің жетістіктеріңіз бен даналығыңыз туралы елімде жүріп естігенімнің бәрі рас екен.  Өз көзіммен көрмейінше бұған сенбеген едім. Сөйтсем, мен тек шет жағасын ғана естіппін. Сіздің даналығыңыз бен дәулетіңіз мен естігеннен әлдеқайда зор екен.  Мына адамдарыңыз неткен бақытты! Үнемі алдыңызда жүріп, даналығыңызды тыңдай алатын қызметшілеріңіз неткен бақытты+!  Сізді Исраилдің тағына отырғызуды ұйғарған Құдайыңыз Ехоба мадақталсын+! Ехобаның Исраилге деген сүйіспеншілігі мәңгілік. Сондықтан ол сізді әділ әрі турашылдықпен билік етсін деп патша етіп тағайындады”. 10  Сосын Шеба патшайымы Сүлейменге 120 талант* алтын, өте көп мөлшерде хош иісті май+ және асыл тастар сыйлады+. Сүлеймен патшаға осынша көп хош иісті майды бұдан кейін ешкім әкелген емес. 11  Хирамның Опырдан алтын таситын кемелері+ өте көп сандал ағашының* бөренелері+ мен қымбат тастар да әкелетін+. 12  Сүлеймен сандал ағашынан Ехобаның үйі мен патша сарайына тіреуіштер істетті, сондай-ақ әншілер үшін арфалар, ішекті аспаптар+ жасатты. Исраилге күні бүгінге дейін осыншама сандал ағашы әкелінген емес. 13  Сүлеймен жомарттықпен берген сыйларына қоса, Шеба патшайымының қалағаны мен сұрағанының бәрін берді. Бұдан кейін патшайым бүкіл қызметшілерімен еліне қайтты+. 14  Сүлеймен патшаның қазынасына жыл сайын 666 талант алтын түсетін+. 15  Оған түрлі саудагерлерден, арабиялық патшалар мен елдің аймақ әкімдерінен келетін кірісті қоспағанда, сонша алтын түсетін. 16  Сүлеймен патша алтын қоспасынан 200 үлкен қалқан жасатты+, олардың әрқайсысына 600 шекел* алтын жұмсалды+. 17  Сондай-ақ 300 шағын қалқан жасатты, олардың әрқайсысына 3 мина* алтын жұмсалды. Қалқандар “Ливан орманы” деп аталған үйге+ қойылды. 18  Бұған қоса, патша піл сүйегінен үлкен тақ+ жасатып, саф алтынмен қаптатты+. 19  Тақтың алдында алты баспалдағы, үстінде күмбезі болды. Ал екі жағына шынтақ сүйеніштер жасалды, олардың әрқайсысының жанында бір-бір арыстан+ мүсіні тұрды. 20  Алты баспалдақтың екі жағына 12 арыстан мүсіні қойылды. Ешбір патшалықта бұндай нәрсе жасалып көрмеген еді. 21  Сүлеймен патшаның сусын ішетін ыдыстарының бәрі алтыннан, ал “Ливан орманы” деген үйдегі+ бұйымдары саф алтыннан жасалды. Ешбір бұйым күмістен жасалмады, өйткені оның заманында күміс құнсыз болып саналатын+. 22  Сүлеймен патшаның Хирам патшаның кемелерімен бірге сапарға жіберетін тарсистік+ кемелері болды. Әр үш жылда олар сапардан алтын, күміс, піл сүйегін+, маймылдар мен тауыс құстарын әкелетін. 23  Сүлейменнің байлығы+ мен даналығы жер бетіндегі күллі патшалардікінен асып түсті+. 24  Дүниежүзінің адамдары Сүлейменнің Құдай дарытқан даналығын+ есту үшін, онымен кездесуді қалайтын. 25  Патшаның алдына келетіндер күміс пен алтын бұйымдар, киім-кешек, сауыт-сайман, хош иісті май, жылқы мен қашырларды сыйға тартатын. Бұл жылдан-жылға жалғаса берді. 26  Сүлеймен арбалар мен жылқыны* көптеп жинады. Оның 1400 арбасы және 12 000 жылқысы* болды+. Патша оларды арбаларға арналған қалаларда және өзінің қасында, Иерусалимде ұстады+. 27  Сүлеймен Иерусалимде күмісті кәдімгі тас сияқты көп қылды, қарағай ағаштарын да Шефеладағы інжір ағаштары сияқты мол етті+. 28  Сүлеймен жылқыны Мысырдан алдыртып отырды. Патшаның саудагерлері оларды үйір-үйірімен сатып алатын*+. 29  Олар әрбір арбаны 600, ал әрбір жылқыны 150 күміс ақшаға әкелетін. Патшаның саудагерлері бұларды хеттік+ және сириялық патшаларға да әкеліп беретін.

Сілтемелер

Немесе “жұмбақтармен”.
1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Жоғары сапалы бұйымдар жасалатын бағалы ағаш.
1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Еврей жазбаларында 1 мина 570 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Немесе “салт аттыларды”.
Немесе “салт атты жігіті”.
Мүмкін: “Мысыр мен Қуадан алдырып отырды. Патшаның саудагерлері оларды Қуадан сатып әкелетін”. Бұл жердегі Қуа Киликияға нұсқаса керек.