Патшалар 1-жазба 12:1—33

  • Робоғамның дөрекі жауап беруі (1—15)

  • Он рудың бүлік шығаруы (16—19)

  • Еробоғамның Исраилге патша болуы (20)

  • Робоғам Исраилге қарсы соғысқа шықпады (21—24)

  • Еробоғамның бұзауға табынуы (25—33)

12  Робоғам Сихемге+ барды, себебі бүкіл Исраил халқы оны патша ету үшін сонда жиналған болатын+.  Бұл хабар Набат ұлы Еробоғамға да жетті (ол Сүлеймен патшадан қашып кетіп, Мысырда тұрып жатқан еді+).  Содан жұрт оны шақыртып алды. Бұдан кейін ол Исраил қауымымен бірге Робоғамға келіп:  “Әкеңіздің бізге артқан жүгі тым ауыр+. Егер оның мойнымызға артқан ауыр жұмысы мен зілдей жүгін жеңілдетсеңіз, сізге қызмет етеміз”,— деді.  Робоғам оларға: “Қазір кете беріңдер, үш күннен кейін қайтып келіңдер”,— деп жауап берді. Осылай халық тарап кетті+.  Патша әкесінің көзі тірісінде оның кеңесшісі болған ақсақалдардан: “Қандай ақыл айтасыздар, мына халыққа не деп жауап берейін?”— деп сұрады.  Олар былай деді: “Егер бұл халықтың қызметшісі болып, айтқандарына көнсең, әрі жылы-жылы сөйлессең, олар саған мәңгі бақи қызмет етеді”.  Алайда патша ақсақалдардың айтқан ақылын елемей, бірге өскен әрі өзіне қызмет етіп жүрген жігіттермен кеңесіп+,  былай деді: “Әкем артқан жүкті жеңілдетуді сұрап жатқан мына халыққа не деп жауап берейін? Қандай кеңес бересіңдер?” 10  Құрдастары оған мынаны айтты: “Әкеңіз мойнымызға зіл батпан жүк артқан еді, соны жеңілдетіңіз” деген халыққа былай деп жауап бер: —Менің шынашағым әкемнің белінен де жуан! 11  Ол сендерге ауыр жүк артқан екен, мен оны одан бетер ауырлатамын. Әкем сендерді жай қамшымен сабаған болса, мен сендерді дойыр қамшымен сабаймын!” 12  Робоғамның “үш күннен кейін қайтып келіңдер” деген сөзіне сай, халық пен Еробоғам үшінші күні патшаның алдына келді+. 13  Бірақ патша ақсақалдардың айтқан ақылын қабылдамай, халықпен қатаң сөйлесті. 14  Ол құрдастарының кеңесі бойынша: “Әкем сендерге ауыр жүк артқан екен, мен оны одан бетер ауырлатамын. Ол сендерді жай қамшымен сабаған болса, мен дойыр қамшымен сабаймын!”— деп жауап берді. 15  Осылай патша халықтың айтқанын құлағына ілмеді. Оқиғаның бұлай бет алуы Ехобаның еркімен болды+. Мұны Ехоба шилолық Ахия пайғамбар арқылы Набат ұлы Еробоғамға айтқан сөздерін+ жүзеге асыру үшін істеді. 16  Сөздерінің елеусіз қалғанын көрген күллі исраилдіктер патшаға: “Біздің Дәуітке еш қатысымыз жоқ! Есей ұлында еш үлесіміз жоқ! Ей, исраилдіктер, әрқайсысың өз құдайларыңа барыңдар! Бұдан былай Дәуіт үйі өз қамын өзі ойласын!”— деді де, үйді-үйлеріне тарап кетті+. 17  Бірақ Робоғам Яһуда қалаларында тұрып жатқан исраилдіктердің патшасы болып қала берді+. 18  Бірде Робоғам міндетті жұмысшылардың үстінен қарайтын Адорамды+ исраилдіктерге жіберді, бірақ жұрт оны таспен атқылап өлтірді. Патша болса арбасына міне сала, Иерусалимге қашып кетті+. 19  Осылайша исраилдіктер Дәуіт үйіне қарсы шығып+, күні бүгінге дейін оған бағынбай келеді. 20  Исраилдіктер Еробоғамның қайтып келгенін ести сала, оны жиналысқа шақыртып, бүкіл Исраил еліне патша етіп қойды+. Ал Дәуіт үйінің соңынан яһуда руынан басқа ешкім ермеді+. 21  Сүлеймен ұлы Робоғам Иерусалимге келе сала, яһуда мен бениямин руынан 180 000 таңдаулы сарбаз жинап, Исраилмен соғысып, патшалықты өзіне қайтарып алмақ болды+. 22  Сол кезде шынайы Құдай өз пайғамбары Шемаяхқа+ былай деді: 23  “Яһуда патшасы Сүлеймен ұлы Робоғамға, яһуда мен бениямин руына, сондай-ақ қалған жұрттың бәріне мынаны айт: 24  —Ехоба былай дейді: “Исраилдік бауырларыңмен соғысуға бармаңдар. Барлығың үйді-үйлеріңе қайтыңдар. Себебі бұл менің еркіммен болды”+. Содан олар Ехобаның сөзіне құлақ асып, Ехобаның айтуы бойынша үйлеріне тарасты. 25  Еробоғам Ефрем таулы өңіріндегі Сихем қаласын+ салды* да, сонда тұратын болды. Сосын ол жерден шығып, Пенуелге+ барып, оны нығайтып алды. 26  Ол іштей: “Билік қайтадан Дәуіт үйіне өтіп кетер+. 27  Егер халық құрбандық шалу үшін Иерусалимдегі Ехобаның үйіне бара беретін болса+, олардың көңілі бұрынғы иелері Яһуда патшасы Робоғамға ауып кетеді. Сонда олар мені өлтіріп, Яһуда патшасы Робоғамға қайта оралады”,— деп ойлады. 28  Сондықтан ол кеңесшілерімен ақылдасты да, екі алтын бұзау жасады+. Сосын халыққа: “Иерусалимге барып, қиналып қайтесіңдер. Ей, Исраил, сені Мысырдан алып шыққан Құдайың — міне, мынау!”— деді+. 29  Бұдан кейін Еробоғам мүсіндердің бірін Бетел+, ал екіншісін Дан қаласына+ орнатты. 30  Бұл халықтың күнә жасауына түрткі болды+. Өйткені олар сонау Данға дейін барып, сондағы бұзауға табынатын болды. 31  Сондай-ақ ол ғибадат төбелерінде табынатын үйлер салып, леуі руына жатпайтын адамдардан діни қызметкерлер тағайындады+. 32  Бұған қоса, сегізінші айдың он бесінші күні Яһудада тойланатын мейрам+ іспетті мейрам орнатты. Ол Бетелде+ орнатқан құрбандық ошағында өзі жасаған бұзауларға арнап мал шалды. Сонымен қатар Бетелдегі өзі жасаған ғибадат төбелерінде қызмет ететін діни қызметкерлер тағайындады. 33  Сөйтіп, Еробоғам сегізінші айдың он бесінші күні (бұл уақытты ол өзі таңдаған болатын) Бетелде орнатқан құрбандық ошағында тартулар ұсына бастады. Осылайша исраилдіктерге мейрам жасап, құрбандық ошағында тартулар ұсынып, түтінін түтетті.

Сілтемелер

Немесе “бекітті”.