Патшалар 1-жазба 13:1—34

  • Бетелдегі құрбандық ошағына айтылған пайғамбарлық (1—10)

    • Құрбандық ошағының қақ жарылуы (5)

  • Құдай адамының мойынсұнбаушылығы (11—34)

13  Еробоғам құрбандық ошағының+ алдында құрбандық түтінін түтетпекші болып тұрғанда, Яһудадан Бетелге Ехоба жіберген адам+ келді.  Ол Ехобаның бұйыруымен былай деді: “О, құрбандық ошағы, құрбандық ошағы! Ехоба саған мынаны айтады: —Дәуіт үйінде Жосия+ деген ұл туылады! Ғибадат төбелерінің діни қызметкерлері қазір сенің үстіңде құрбандық түтінін түтетіп жатыр. Бірақ Жосия олардың өздерін сенің үстіңде құрбандыққа шалып, адамдардың сүйегін өртейтін болады”+.  Сосын ол: “Ехобаның сөздері рас екенін мына белгі көрсетпек: құрбандық ошағы қақ жарылып, оның үстіндегі күл* шашылып қалады”,— деп қосты.  Құрбандық ошағының қасында тұрған Еробоғам патша шынайы Құдай жіберген адамның Бетелдегі құрбандық ошағына қарсы айтқан сөздерін ести сала, оған қарай сұқ саусағын шұқшитып: “Ұстаңдар мынаны!”— деп айқайлады+. Сол сәтте созған қолы семіп қалып, қимылдатуға келмеді+.  Құрбандық ошағы болса қақ жарылып, үстіндегі күл шашылып қалды. Осылай шынайы Құдай Ехобаның сөзіне сай, пайғамбардың айтқан белгісі жүзеге асты.  Сонда патша шынайы Құдайдың адамынан: “Құдайың Ехобаның жүзін жібіту үшін, қолымды қалпына келтіруін сұрап жалбарыншы”,— деп өтінді+. Ол Ехобаның жүзін жібіту үшін жалбарынып еді, патшаның қолы бұрынғы қалпына келді.  Сонда патша шынайы Құдайдың адамына: “Үйіме кіріп, жүрек жалғап ал. Мен саған сыйлық берейін”,— деді.  Бірақ шынайы Құдайдың адамы оған былай деп жауап берді: “Маған иелігіңнің жартысын берсең де, үйіңе бармаймын! Бұл жерде наннан да, судан да ауыз тимеймін!  Себебі Ехоба маған: —Наннан да, судан да ауыз тиме, келген жолыңмен де қайтушы болма,— деп бұйырған”. 10  Бұдан кейін ол жолға шығып, Бетелге келген жолмен емес, басқа жолмен кетті. 11  Бетелде бір қарт пайғамбар тұратын. Сол күні ұлдары оған шынайы Құдайдың адамы Бетелде не істеп, патшаға не дегенінің бәрін айтып келді. Олар әңгімелерін аяқтағанда, 12  әкелері: “Ол қай жолмен кетті?”— деп сұрады. Балалары Яһудадан келген әлгі адам бет алған жолға нұсқады. 13  Қарт пайғамбар ұлдарына: “Маған есек ерттеп беріңдер”,— деді. Сосын есекке мініп жолға шықты. 14  Ол шынайы Құдайдың адамы кеткен жолмен жүріп отырып, оны бір үлкен ағаштың астында отырған жерінен тапты. Пайғамбар одан: “Шынайы Құдайдың Яһудадан келген адамы сенсің бе?”+— деп сұрады. Ол: “Иә, менмін”,— деді. 15  Қарт пайғамбар оны: “Менің үйіме барып, тамақтанып шық”,— деп шақырды. 16  Бірақ ол былай деп жауап берді: “Кері қайта алмаймын, шақыруыңызды да қабылдай алмаймын. Бұл жерден нан жеп, су ішпеуім керек. 17  Өйткені Ехоба маған: —Ол жерде нан жеп, су ішпе, келген жолыңмен де қайтушы болма,— деп бұйырған”. 18  Қарт пайғамбар болса мынаны айтты: “Мен де өзің сияқты пайғамбармын. Маған бір періште Ехобаның бұйрығын жеткізіп: —Оны үйіңе әкеліп, нан мен су бер,— деді”. (Оның айтқаны өтірік еді.) 19  Сөйтіп, ол кері қайтып, қарт пайғамбардың үйінен нан жеп, су ішті. 20  Олар әлі дастарқан басында отырғанда, әлгі кісіні кері қайтарған қарт пайғамбар Ехобадан хабар алды. 21  Ол шынайы Құдайдың Яһудадан жіберген адамына былай деді: “Ехоба мынаны айтады: —Сен Құдайың Ехобаның бұйрығына қарсы шығып, Ехобаның сөзін елемедің. 22  Бұл жерден нан жеп, су ішуге тыйым салғаныма қарамай, жолыңнан кері қайтып, нан жеп, су іштің. Сол үшін мәйітің ата-бабаларыңның қабіріне қойылмайды+”. 23  Шынайы Құдай адамы ішіп-жеп алған соң, оны кері қайтарған қарт пайғамбар оған есек ерттеп берді. 24  Содан ол жөніне кетті, бірақ жолда оған бір арыстан тап беріп, өлтіріп тастады+. Оның денесі жол бойында жатты, ал есегі қасында тұрды; арыстан да өлі дененің жанында тұрды. 25  Сол жолмен өткендер жолда жатқан мәйіт пен қасында тұрған арыстанды көріп, бұл жайлы қарт пайғамбар тұратын қаланың адамдарына айтып келді. 26  Оны кері қайтарған қарт пайғамбар бұл жайлы естігенде: “Бұл — шынайы Құдайдың адамы. Ол Ехобаның бұйрығына қарсы шықты+. Сондықтан Ехоба айтқан сөзіне сай істеді: Ехоба оған бір арыстанды жіберді де, арыстан оны талап өлтірді”,— деді+. 27  Бұдан кейін ұлдарына: “Маған есек ерттеп беріңдер”,— деп тапсырды. Олар солай етті. 28  Сөйтіп, ол жолға шығып, жол бойында жатқан мәйітті тауып алды, қасында есек пен арыстан тұр екен. Арыстан мәйітті жемепті, есекке де тимепті. 29  Қарт пайғамбар шынайы Құдай жіберген адамның мәйітін есекке өңгеріп алып, өз қаласына әкелді де, оны жоқтап, жерлемек болды. 30  Ол мәйітті өзі үшін дайындаған қабірге қойып: “Бауырым-ай, бауырым!”— деп жоқтады. 31  Жерлеп болған соң, ұлдарына мынаны тапсырды: “Мен өлгенде денемді шынайы Құдайдың адамы жатқан қабірге қойыңдар. Сүйегім оның сүйегінің қасында жатсын+. 32  Себебі оның Ехобаның бұйрығы бойынша Бетелдегі құрбандық ошағы мен Самариядағы ғибадат төбелеріндегі+ табынатын үйлерге қарсы айтқан сөздері міндетті түрде орындалады+”. 33  Еробоғам бұдан кейін де зұлым жолынан қайтпады, ғибадат төбелеріне халық арасынан діни қызметкерлер тағайындауын да қоймады+. Ол діни қызметкер болғысы келетіндердің бәріне: “Ғибадат төбелерінде діни қызметкер бол”,— дейтін+. 34  Бұның бәрі Еробоғамның үй ішін күнәға батырып+, жер бетінен құрып кетуіне әкеп соқты+.

Сілтемелер

Яғни құрбандықтардың майы сіңген күл.