Патшалар 1-жазба 14:1—31

  • Ахияның Еробоғамға қатысты айтқан пайғамбарлығы (1—20)

  • Робоғамның Яһудаға билік етуі (21—31)

    • Шұшақтың шабуылы (25, 26)

14  Сол кездері Еробоғамның ұлы Әбиях қатты ауырып қалды.  Сонда Еробоғам әйеліне былай деді: “Тұр да, менің әйелім екеніңді ешкім білмеу үшін киіміңді ауыстырып алып, Шилоға бар. Сол жерде кезінде менің осы елге патша болатынымды айтқан Ахия пайғамбар+ тұрады.  Оған он күлше, бірнеше шелпек, бір құмыра бал ала бар. Ол балаға не болатынын айтып береді”.  Әйелі Еробоғамның айтуы бойынша жолға шығып, Шилодағы+ Ахияның үйіне қарай бет алды. Ахия алдына қадала қарап отыратын, себебі жасы келіп көзі көрмей қалған болатын.  Бірақ Ехоба Ахияға: “Еробоғамның әйелі ауырып жатқан баласына не болатынын сұрау үшін саған келе жатыр. Оған не айтатыныңды өзім білдіремін. Ол сырт кейпін өзгертіп, басқа адам болғансып келеді”,— деді.  Әйел есіктен кіре бергенде, Ахия оның аяғының басқан дыбысын естіп, былай деді: “Еробоғамның әйелі, кіре бер! Неге маған басқа адам болғансып келдің? Құдайдан жақсы хабар аламын деп күтпе.  Бар да, Еробоғамға мынаны жеткіз: —Исраил Құдайы Ехоба былай дейді: “Сені халқым Исраилге көсем етіп тағайындау үшін, өз халқыңның арасынан жоғарылаттым+.  Дәуіт үйінен патшалықты тартып алып, саған бердім+. Бірақ сен қызметшім Дәуіт сияқты болмадың. Ол менің жолымнан таймай, бұйрықтарымды ұстанып, бар жүрегімен маған ұнайтынды ғана істеп жүрді+.  Сенің жасаған жамандығың өзіңе дейінгілердің бәрінен асып түсті. Сен мені қорлау үшін, өзіңе басқа тәңір және темір мүсіндер жасап алып+, менен теріс айналып кеттің+. 10  Сондықтан Еробоғамның үйін пәлеге ұшыратып, әулетінде бірде-бір еркек кіндіктіні, тіпті Исраилдегі ең бейшарасы мен әлсізін де қалдырмаймын. Осылай Еробоғамның үй ішін қи сыпырғандай, тып-типыл етіп сыпырып тастаймын+! 11  Оның әулетіне жататындардың қалада өлгендері итке, ал далада өлгендері құсқа жем болады. Өйткені Ехоба осылай айтты”. 12  Сосын Ахия былай деді: “Ал енді тұр да, үйіңе бар. Сен қалаға кіре бергенде, балаң қайтыс болады. 13  Оны күллі Исраил жоқтап, қабірге қояды. Еробоғамның әулетінен тек сол ғана қабірге қойылады. Өйткені Исраилдің Құдайы Ехоба Еробоғамның әулетінен осы баланың бойынан ғана бір игі нәрсе тапты. 14  Ехоба Исраил еліне патша тағайындайды+. Ол белгіленген күні Еробоғамның үйін жояды. Қаласа, ол мұны қазір де істей алады. 15  Ехоба Исраилді жазалайды да, олар су тербеген қамыс іспетті болады. Ол ата-бабаларына берген жақсы жерден оларды түптамырымен жұлып алып+, Евфраттың арғы бетіне бытыратып жібереді+. Себебі олар өздеріне қасиетті бағаналар* жасап алып+, Ехобаны қорлады. 16  Еробоғам өзі де күнәға батып, Исраилді де күнәға батырғандықтан, Құдай Исраилді тастап кетеді+”. 17  Содан Еробоғамның әйелі орнынан тұрып, Тирсаға қайтты. Ол үйінің табалдырығынан аттай бергенде, баласы қайтыс болды. 18  Күллі Исраил оны жоқтап, қабірге қойды. Осылай Ехобаның өз қызметшісі Ахия пайғамбар арқылы айтқан сөзі жүзеге асты. 19  Еробоғамның басқа да істері, қалай соғысып+, қалай билік жүргізгені жайлы Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған. 20  Еробоғам 22 жыл билік етіп, ата-бабаларына қосылды+. Оның орнына ұлы Надап таққа отырды+. 21  Ал бұл кезде Яһудада Сүлеймен ұлы Робоғам билік етті. Ол 41 жасында таққа отырып, Ехоба барлық рулардың ішінен өзінің есімін орнықтыру үшін+ таңдап алған Иерусалим қаласында+ 17 жыл билік құрды. Оның анасы аммондық Нағама еді+. 22  Яһуда халқы Ехобаның алдында зұлым істер жасады+. Олар ата-бабаларынан бетер күнәға батып, олардан бетер Құдайдың қызғанышын оятты+. 23  Олар да ғибадат төбелерін жасаған еді, кез келген биік жерлерде+, әрбір жайқалған ағаштың астында+ тастан не ағаштан қасиетті бағаналар* орнатқан еді+. 24  Ал ғибадатханаларында бұзылған еркектер* де болды+. Осылайша исраилдіктер кезінде Ехоба қуып жіберген халықтардың барлық жеркенішті істерін қайталады. 25  Робоғамның патшалық құруының бесінші жылы Мысыр патшасы Шұшақ+ Иерусалимге қарсы аттанды+. 26  Ол Ехобаның үйі мен патша сарайындағы барлық қазынаны+, Сүлеймен жасатқан алтын қалқандарды да алып кетті+. 27  Робоғам патша олардың орнына мыс қалқандар жасатып, патша сарайының кіреберісіндегі күзетшілердің басшыларына табыстады. 28  Патша Ехобаның үйіне барған сайын, күзетшілер қалқандарды сонда апарып, кейін қайтадан күзетшілер үйіне әкеп қоятын. 29  Робоғамның басқа да істері жайлы Яһуда патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған+. 30  Робоғамның тұсында Еробоғам патшамен соғыс толастамады+. 31  Робоғам ата-бабаларына қосылғанда, сүйегі Дәуіттің қаласындағы солар жатқан қабірге қойылды+. Оның анасы аммондық Нағама болатын+. Робоғамның орнына таққа ұлы Әбиям*+ отырды.

Сілтемелер

Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
Ғибадатханаларда еркектермен азғындық жасайтын еркектер.
Әбиях деп те аталады.