Патшалар 1-жазба 20:1—43

  • Сириялықтардың Ахабқа соғыс ашуы (1—12)

  • Ахабтың сириялықтарды жеңуі (13—34)

  • Ахаб туралы пайғамбарлық (35—43)

20  Сирия+ патшасы Бен-Хадад+ күллі әскерін жинады, сондай-ақ ол өзіне 32 патшаны, олардың аттары мен соғыс арбаларын қосып алды. Сосын Самарияны+ қоршауға алып+, соғыса бастады.  Содан ол Исраил патшасы Ахабқа+ “Бен-Хадад былай дейді:  —Сенің алтын-күмісіңнің бәрі менікі, әйелдерің мен ұлдарыңның ең көріктілері де менікі” деген хабар жіберді.  Ахаб болса оған: “Тақсыр ием, айтқаның болсын: өзім де, мендегінің бәрі де сенікі”,— деп жауап берді+.  Бұдан кейін Бен-Хададтың хабаршылары тағы да келіп: “Бен-Хадад былай дейді: —Мен сенен алтын-күмісіңді, әйелдерің мен ұлдарыңды талап еткен едім.  Бірақ ертең шамамен осы уақытта қызметшілерімді жіберемін. Олар өзіңнің де, қызметшілеріңнің де үйін тінтіп, сен үшін құнды нәрселердің бәрін алып кетеді”,— деді.  Исраил патшасы елдің барлық ақсақалдарын шақырып алып, мынаны айтты: “Қараңдаршы, мына адам бізді пәлеге ұшыратқысы келіп отыр. Ол әйелдерім мен ұлдарымды, алтын-күмісімді талап еткенде, бұнысына көнген едім”.  Сонда ақсақалдар мен бүкіл халық: “Оны тыңдамаңыз, талабын да орындамаңыз”,— деді.  Патша Бен-Хададтың хабаршыларына: “Тақсыр иеме мынаны айтып барыңдар: —Алғашқы талабыңды орындайын, ал соңғысын орындай алмаймын”,— деген сәлем жолдады. Хабаршылар оның сөздерін патшаларына жеткізді. 10  Бен-Хадад қайтадан хабаршыларын жіберіп: “Мен қалың қолыммен Самарияны талқандағанда, сарбаздарымның әрқайсысына тіпті біруыс топырақтан да тимейді. Бұлай болмай шықса, құдайларым мені жазалаған үстіне жазаласын!”— деді. 11  Исраил патшасы болса: “Оған барып айтыңдар, сауыт-сайманын киіп жатқан адам жеңіспен оралып, оны шешіп жатқандай мақтанбасын+!”— деп жауап берді. 12  Күркеде патшалармен бірге ішіп отырған Бен-Хадад бұны естігенде, қызметшілеріне: “Шабуылға дайындалыңдар!”— деді. Сонда олар қалаға шабуыл жасауға дайындалды. 13  Сол кезде Исраил патшасы Ахабқа+ бір пайғамбар келіп: “Ехоба мынаны айтады: —Мына қалың нөпірді көрдің бе? Бүгін оларды уысыңа салып беремін. Сонда сен менің Ехоба екенімді білетін боласың!”— деді+. 14  Ахаб одан: “Кім арқылы?— деп сұрап еді, ол: —Ехоба мынаны айтады: —Аймақ әкімдеріне қызмет ететін жігіттер арқылы”,— деді. Ахаб: “Шайқасты кім бастайды?— деп сұрағанда, пайғамбар: —Сен!”— деп жауап берді. 15  Ахаб аймақ әкімдеріне қызмет ететін жігіттерді санап шығып еді, олардың саны 232 екен, ал Исраил жасағының саны 7000 болып шықты. 16  Сөйтіп, олар түс мезгілінде соғысуға шықты. Ол кезде Бен-Хадад өзіне көмектесуге келген 32 патшамен күркеде ішіп, мас болып отырған еді. 17  Аймақ әкімдеріне қызмет ететін жігіттер бірінші болып аттанды. Бен-Хадад мән-жайды біліп келуге дереу кісілерін жіберді. Олар Самариядан адамдар шыққанын айтып келді. 18  Сонда ол: “Бітім жасасу үшін шықса да, шайқасу үшін шықса да оларды тірідей ұстап әкеліңдер”,— деді. 19  Бірақ қаладан шыққан аймақ әкімдеріне қызмет ететін жігіттер мен оларға ерген Исраил жасағы 20  жауды қыра бастады. Сонда сириялықтар қаша жөнеліп+, исраилдіктер олардың соңына түсті. Сирия патшасы Бен-Хадад болса атқа мініп, біраз салт атты жігіттерімен бірге қашып кетті. 21  Исраил патшасы да шайқасқа шығып, сириялықтардың аттарын қырып, арбаларын талқандап, оларды зор қырғынға ұшыратты. 22  Бұдан кейін Исраил патшасына тағы да пайғамбар+ келіп: “Барып, қол жина, не істейтініңді ойлан+. Өйткені келесі жылдың басында* Сирия патшасы саған қайтадан шабуыл жасайды+”,— деді. 23  Ал Сирия патшасының қызметшілері оған мынаны айтты: “Олардың Құдайы — таулардың Құдайы. Сондықтан күштері бізден басым болды. Ендігі жолы олармен жазық жерде шайқасайық, сонда жеңіп шығамыз. 24  Былай істеңіз: патшалардың+ бәрін әскери шендерінен босатып, орындарына әкімдер қойыңыз. 25  Қанша сарбаз, ат пен арба жоғалтсаңыз, сонша етіп қайтадан орнын толтырыңыз. Осыдан кейін олармен жазық жерде шайқасайық, сонда жеңіп шығамыз”. Патша қызметшілерінің ақылымен дәл солай істеді. 26  Келесі жылдың басында* Бен-Хадад сириялықтарды жинап, Исраилмен соғысу үшін Әфек қаласына+ көтерілді. 27  Исраилдіктер де бас қосып, керек-жарақтарын алып, сириялықтарға қарсы шықты. Олар жауларына қарсы қос тіккенде, небәрі екі қора ешкі сияқты болып көрінді. Сириялықтар болса жер-дүниені алып жатты+. 28  Сонда шынайы Құдайдың адамы Исраил патшасына келіп: “Ехоба мынаны айтады: —Сириялықтар “Ехоба — жазық жерлердің емес, таулардың Құдайы” дегендері үшін, осы қалың нөпірді сенің уысыңа салып беремін+. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар+!”— деді. 29  Екі жақ бір-біріне қарсы орналасқан күйі жеті күн тұрды. Ал жетінші күні шайқас басталып, исраилдіктер бір күнде Сирияның 100 000 жаяу әскерін жер құштырды. 30  Аман қалғандары Әфекке+ қашып барғанда, олардың үстіне қаланың қабырғасы құлап, 27 000 адам қаза болды. Бен-Хадад та қалаға қашып, бір үйдің түпкі бөлмесіне кіріп, жасырынып қалды. 31  Қызметшілері оған: “Исраил үйінің патшалары мейірімді* патшалар деп естіген едік. Азалы киім* киіп, басымызға арқан байлап, патшаға баруға рұқсат етіңізші. Бәлкім, ол сіздің жаныңызды сақтап қалар”+,— деді. 32  Сөйтіп, олар азалы киім киіп, бастарына арқан байлап алды да, Исраил патшасына келіп: “Қызметшіңіз Бен-Хадад жанын аман сақтап қалғаныңызды өтініп жатыр”,— деді. Ахаб: “Ол әлі тірі ме еді? Бен-Хадад менің бауырым ғой”,— деді. 33  Бен-Хададтың адамдары бұл сөзді жақсылыққа жорып, шын жүректен айтып жатқанын түсіне қойды да: “Әрине, ол — сіздің бауырыңыз”,— деді. Патша болса: “Барып, оны ертіп келіңдер”,— деп тапсырды. Бен-Хадад келгенде, Ахаб оны арбасына мінгізіп алды. 34  Бен-Хадад оған: “Әкем сенің әкеңнен тартып алған қалаларды өзіңе қайтарамын. Әкемнің Самарияда базарлар ашқанындай, сен де Дамаскіден базарлар ашып ал”,— деді. Ахаб оған: “Осындай келісіммен сені босатамын”,— деп жауап берді. Олар келісім жасасқан соң, Ахаб оны жөніне жіберді. 35  Пайғамбарлар ұлдарының*+ бірі Ехобаның бұйыруымен досына келіп: “Мені бір ұршы”,— деді. Бірақ ол ұрғысы келмеді. 36  Сонда пайғамбар: “Ехобаның сөзіне құлақ аспағаның үшін, қасымнан кеткеніңде сені арыстан талап өлтіреді”,— деді. Содан досы кетіп бара жатқанда, оған арыстан тап беріп, өлтіріп тастады. 37  Пайғамбар басқа біреуге барып: “Мені бір ұршы”,— деп өтінді. Ол пайғамбарды ұрып, жарақаттады. 38  Бұдан кейін пайғамбар ешкім танымайтындай етіп көзін таңып алды да, жол бойында Ахаб патшаны күтіп тұрды. 39  Патша қасынан өтіп бара жатқанда, пайғамбар оған былай деп айғайлады: “Патша ием, алдыңыздағы қызметшіңіз қиян-кескі соғыс алаңында болды. Осы кезде біреу маған бір адамды алып келді де: —Мынаны күзет. Ол қашып кетсе, оның жаны* үшін өз жаныңды бересің+ не бір талант* күміс төлейсің,— деді. 40  Қызметшіңіз ананы-мынаны істеп, қолы тимей жүргенде, әлгі адам қашып кетіпті”. Бұған Исраил патшасы: “Осы сөздеріңмен өзіңе-өзің үкім шығардың!”— деп жауап берді. 41  Сонда пайғамбар көзіндегі орауын жұлып алып еді, патша оның пайғамбарлардың бірі+ екенін таныды. 42  Пайғамбар болса: “Ехоба мынаны айтады: —Мен өлуі тиіс деген адамды жібере салғаның үшін+, оның жанының орнына өз жаныңды+, ал халқының орнына өз халқыңды бересің+”,— деді. 43  Бұдан кейін Исраил патшасы көңілі түсіп, түнерген күйі Самариядағы+ үйіне жол тартты.

Сілтемелер

Яғни келесі жылы көктемде.
Яғни келесі жылы көктемде.
Немесе “айнымас сүйіспеншілік танытатын”.
“Пайғамбарлар ұлдары” деген тіркес пайғамбарларға нұсқау берілетін мектепке не пайғамбарлар қауымдастығына нұсқаса керек.
1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.