Патшалар 2-жазба 1:1—18

  • Ілиястың Ахазияның өлетінін алдын ала айтуы (1—18)

1  Ахаб патша қайтыс болғаннан кейін, Моаб+ Исраилге қарсы бас көтерді.  Бірде Ахазия патша Самариядағы сарайының шатырындағы бөлмесінің торкөз терезесінен құлап кетіп, қатты жарақаттанды. Содан ол мынадай сөздермен хабаршылар жіберді: “Екронға+ барып, сол жердің тәңірі Бағал-Зебубтен жарақатымнан айығамын ба, жоқ па — біліп келіңдер”+.  Сол кезде Ехобаның* періштесі тишбелік Ілиясқа*+ былай деді: “Тұр да, Самария патшасы жіберген хабаршылардың алдынан шығып, мынаны айт: —Екрон тәңірі Бағал-Зебубке жүгінетіндей, Исраилде Құдай жоқ па еді+?!  Сондықтан Ехоба былай дейді: —Сен жатқан төсегіңнен қайтып тұрмайсың, өлесің!” Ілияс барып, берілген тапсырманы орындады.  Хабаршылар қайтып оралғанда, патша олардан: “Неге қайтып келдіңдер?”— деп сұрады.  Олардың жауабы мынау болды: “Бір кісі алдымыздан шығып, былай деді: —Патшаларыңа қайта оралып, мына хабарды жеткізіңдер. Ехоба былай дейді: —Екрон тәңірі Бағал-Зебубке жүгінетіндей, Исраилде Құдай жоқ па еді?! Сол үшін сен жатқан төсегіңнен қайтып тұрмайсың, өлесің+!”  Сонда патша: “Алдарыңнан шығып, осы сөздерді айтқан адамның түрі қандай еді?”— деп сұрады.  Олар: “Ол үстіне жарғақ киім* киіп+, беліне қайыс белдік тағып алған+”,— деп суреттеді. Бұған патша: “Бұл — тишбелік Ілияс!”— деді.  Бұдан кейін Ахазия патша бір елубасын 50 сарбазымен бірге Ілиясқа жіберді. Әлгілер өрлеп келгенде, ол тау басында отырған еді. Елубасы оған: “Шынайы Құдайдың адамы+, патша саған “Түс!” деп жатыр”,— деді. 10  Ал Ілияс: “Егер мен шынайы Құдайдың адамы болсам, көктен от түсіп+, сені де, 50 сарбазыңды да жалмап қойсын!”— деп жауап берді. Сонда көктен от түсіп, елубасын да, оның 50 сарбазын да жалмап қойды. 11  Патша басқа бір елубасын 50 сарбазымен бірге Ілиясқа жіберді. Елубасы оған: “Шынайы Құдайдың адамы, патша саған “Тез төмен түс!” деп жатыр”,— деді. 12  Ал Ілияс: “Егер мен шынайы Құдайдың адамы болсам, көктен от түсіп, сені де, 50 сарбазыңды да жалмап қойсын!”— деп жауап берді. Сонда көктен от түсіп, елубасын да, оның 50 сарбазын да жалмап қойды. 13  Сонда патша үшінші елубасын 50 сарбазымен бірге Ілиясқа жіберді. Бұл елубасы өрлеп барып, Ілиястың алдында тізерлеп тағзым етті. Сосын одан ықыласын түсіруді өтініп былай деді: “Шынайы Құдайдың адамы, менің және мына 50 қызметшіңіздің жанын қымбат көрсеңіз екен. 14  Көктен от түсіп, маған дейін келген екі елубасын сарбаздарымен қоса жалмап қойды. Бірақ менің жанымды қымбат көрсеңіз екен”. 15  Сонда Ехобаның періштесі Ілиясқа: “Онымен бірге төмен түс, одан қорықпа”,— деді. Ілияс орнынан тұрып, төмен түсіп, онымен бірге патшаға барды. 16  Ол патшаға мынаны айтты: “Ехоба былай дейді: —Екрон+ тәңірі Бағал-Зебубке хабаршылар жіберетіндей, Исраилде Құдай жоқ па еді+?! Неге Исраилдің Құдайына жүгінбедің? Осылай еткенің үшін жатқан төсегіңнен қайтып тұрмайсың, өлесің!” 17  Ехобаның Ілияс арқылы айтқан сөзіне сай, патша көз жұмды. Ұлы болмағандықтан, оның орнына Жорам*+ таққа отырды. Бұл Яһуда патшасы Жосафат ұлы Жорамның+ патшалық құруының екінші жылы болды. 18  Ахазияның+ басқа да істері Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған.

Сілтемелер

Бұл — Құдайдың есімі. Түсіндірмені қараңыз.
Мағынасы “менің Құдайым — Ехоба”.
Түгін сыртына қаратып киетін мұндай киімді әдетте пайғамбарлар киетін.
Жорам Ахазияның бауыры еді.