Патшалар 2-жазба 11:1—21
11 Ахазияның шешесі Аталия+ ұлының қаза болғанын естігенде+, патша тұқымын түгел қырып тастады+.
2 Бірақ Жорамның қызы Ехошеба өлімге бұйырылған патша ұлдарының арасынан Ахазия ұлы Жоғас+ пен оның бағушы әйелін ұрлап әкетіп, түкпірдегі жатын бөлмеге жасырып қойды. Осылай олар Жоғасты Аталиядан жасырып, өлімнен аман алып қалды.
3 Баланы Ехобаның үйінде алты жыл бойы жасырып ұстады. Бұл уақытта елді Аталия биледі.
4 Жетінші жылы Еходай Ехобаның үйіне карилік оққағарлардың және патша сарайының сақшыларының жүзбасыларын+ шақыртты. Еходай олармен Ехобаның үйінде келісім жасасып, ант-су ішкізді, сосын оларға патша ұлын көрсетті+.
5 Еходай оларға мынадай тапсырма берді: “Сендер былай етіңдер: үштен бірің Демалыс күні қызметтеріңе кірісіп, патша үйін күзетіңдер+.
6 Келесі үштен бірің Іргетас қақпасында, ал қалған үштен бірің сарай сақшыларының артында тұрыңдар. Осылай патша сарайын кезекпен күзетіңдер.
7 Демалыс күні күзетке түсетін екі топ патшаны қорғау үшін, Ехобаның үйін күзетсін.
8 Сендер қолдарыңа қаруларыңды алып, патшаны айналдыра қоршап тұруларың керек. Араларыңа кірмек болған кез келген адамды өлтіріңдер! Патша қайда бармасын, одан бір елі қалмаңдар!”
9 Жүзбасылар+ діни қызметкер Еходайдың бұйрығын екі етпей орындады. Олар Демалыс күні күзетке түскен және сол күні күзеттен шыққан адамдарын алып, Еходайға келді+.
10 Ол болса жүзбасыларға Ехобаның үйінде сақтаулы тұрған Дәуіт патшаның найзалары мен дөңгелек қалқандарын берді.
11 Содан қолдарына қару ұстаған сарай сақшылары+ патшаны ортаға алып, үйдің оң жақ қанатынан сол жақ қанатына қарай құрбандық ошағы+ мен үйді айналдыра сап түзеді.
12 Бұдан кейін Еходай патша ұлын+ алып шығып, тәж кигізді де, төбесіне Келісімді*+ қойды. Осылай оны патша етіп тағайындап, май жақты. Сосын жұрт қол шапалақтап: “Патша мың жасасын!”— деп жар салды+.
13 Аталия жүгіріп жүрген жұрттың айғайын ести сала, жиналған халық арасына, Ехобаның үйіне келді+.
14 Ол дәстүр бойынша бағананың қасында тұрған патшаны көрді+. Қасында басшылар мен кернейшілер+ тұр екен. Жиналған қала тұрғындарының бәрі қуанып, керней тартып жатты. Сонда Аталия киімінің өңірін айырып жіберіп: “Қастандық, қастандық жасалды!”— деп айғайлады.
15 Діни қызметкер Еходай әскер үстінен қойылған жүзбасыларға+: “Аталияны жұрт арасынан алып шығыңдар! Кім оның соңынан ерсе, семсермен өлтіріңдер!”— деп бұйырды. Бұдан алдын ол: “Оны Ехобаның үйінде өлтірмеңдер”,— деп тапсырған еді.
16 Әлгілер Аталияны ұстап алып, патша сарайына+ аттар кіретін жерге әкеліп, сол жерде өлтірді.
17 Бұдан кейін Еходай патша мен халыққа Ехобамен келісім жасатты+. Олар әрқашан Ехобаның халқы болуды уәде етті. Сондай-ақ ол патша мен халықтың арасында да келісім жасатты+.
18 Сосын күллі халық Бағалдың ғибадатханасына келіп, оған арналған құрбандық орындарын талқандады+. Оның мүсіндерін де түгін қалдырмай тас-талқан етті+. Құрбандық орындарының алдында Бағалдың абызы Матанды өлтірді+.
Діни қызметкер Еходай Ехобаның үйінде жетекшілік ететін адамдар тағайындады+.
19 Осыдан кейін патшаны Ехобаның үйінен алып шығу үшін, Еходай қасына жүзбасыларын+, карилік оққағарларды, сарай күзетшілері+ мен елдің күллі халқын ертіп алды. Олар сарай сақшыларының қақпасы арқылы өтіп, патша сарайына келді. Сосын Жоғас патша тағына отырды+.
20 Ел тұрғындарының бәрі қуанды, ал қалада тыныштық орнады. Өйткені Аталия патша үйінің қасында семсермен өлтірілген болатын.
21 Жоғас+ патша болғанда жеті жаста еді+.
Сілтемелер
^ Бұл Құдай Заңы жазылған шиыршық болса керек.