Патшалар 2-жазба 13:1—25
13 Яһуда патшасы Ахазия+ ұлы Жоғастың+ билік құруының жиырма үшінші жылы Иқу+ ұлы Ехохаз Самарияда Исраилдің патша тағына отырды. Ол 17 жыл билік етті.
2 Ехохаз Ехобаның алдында ұнамсыз істер істеп, Исраилді күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның күнәсінан айырылмады+. Ехохаз сол жолдан таймады.
3 Сондықтан Исраилге Ехобаның қаһары+ лаулады+. Құдай оны ұзақ уақытқа Сирия патшасы Хазаелдің+ және оның ұлы Бен-Хададтың+ қолына тапсырды.
4 Уақыт өте келе Ехохаз Ехобаның жүзін жібіту үшін оған жалбарынды, Ехоба болса құлақ асты. Өйткені ол Сирия патшасының Исраилді қатты қанап жатқанын көрді+.
5 Ехоба Исраилге Сирияның қол астынан азат ететін құтқарушы жіберді+. Соның арқасында исраилдіктер бұрынғыша өз үйлерінде* тұратын болды.
6 (Бірақ олар Исраилді күнәға батырған Еробоғамның үйінің күнәсінан айырылмады+. Сол күнәлі жолмен жүре берді. Самарияда қасиетті бағана*+ да тұрды.)
7 Ехохаздың әскерінде небәрі 50 салт атты адам, 10 арба мен 10 000 жаяу жасақ қана қалған еді. Себебі Сирия патшасы оларды астық бастырғандағы шаң-тозаңдай таптап тастаған болатын+.
8 Ехохаздың басқа да істері мен құдіреті жайлы Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған.
9 Ақырында ол ата-бабаларына қосылды да, сүйегі Самарияға қойылды+. Ал орнына ұлы Жоғас таққа отырды.
10 Яһуда патшасы Жоғастың патшалық құруының отыз жетінші жылы Ехохаз ұлы Жоғас+ Самарияда Исраил еліне патша болды. Ол 16 жыл билік құрды.
11 Жоғас Ехобаның алдында ұнамсыз істер жасап, Исраилді күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның күнәларынан айырылмады+. Сол күнәлі жолмен жүре берді.
12 Оның басқа да істері мен құдіреті және Яһуда патшасы Амазияхпен қалай соғысқаны туралы+ Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған.
13 Ақырында ол ата-бабаларына қосылды да, орнына Еробоғам*+ таққа отырды. Жоғастың сүйегі Исраил патшаларының жанына Самарияға қойылды+.
14 Еліше+ науқастанып, хал үстінде жатқанда, оған Исраил патшасы Жоғас келіп: “Әкем-ау, әке! Исраилдің арбасы, оның салт аттылары!”— деп жылады+.
15 Ал Еліше: “Қолыңа садақ пен жебелер ал!”— деді. Патша солай етті.
16 Сонда пайғамбар оған: “Қолыңдағы садақты кер”,— деп тапсырды. Патша садағын керіп жатқанда, Еліше қолдарын оның қолдарының үстіне қойды да,
17 оған: “Шығысқа қарап тұрған терезені аш”,— деді. Ол ашқанда, Еліше: “Ат!”— деп бұйырды. Патша оның айтқанын орындады. Пайғамбар болса мынаны айтты: “Ехобаның жеңіске жеткізетін жебесі, Сирияны жеңетін жебесі! Сен Әфекте+ Сирияны толығымен талқандайсың!”
18 Бұдан кейін: “Қолыңа жебелер ал”,— деді. Исраил патшасы жебелер алғанда, ол: “Солармен жерді соққыла!”— деп бұйырды. Патша жерді үш рет соқты да, тоқтап қалды.
19 Шынайы Құдай адамы бұған ашуланып, мынаны айтты: “Жерді бес не алты рет соққылауың керек еді! Сонда Сирияны толығымен талқандар едің, ал енді оны үш-ақ рет жеңесің+”.
20 Кейінірек Еліше қайтыс болып, қабірге қойылды.
Жыл сайын көктемде елге Моабтың тонаушы топтары+ келетін.
21 Бір күні исраилдіктер бір кісінің сүйегін жерлеп жатқанда, тонаушылардың келе жатқанын көріп қалды. Олар мәйітті Елішенің қабіріне тастай сала, қаша жөнелді. Сонда Елішенің сүйектерімен жанасқан мәйіт тіріліп кетіп+, аяғына тік тұрды.
22 Ехохаз билік құрған кездің бәрінде Сирия патшасы Хазаел+ Исраил елін қанаумен болды+.
23 Бірақ Ехоба Ыбырайым+, Ысқақ+ және Жақыппен жасасқан келісімі+ үшін исраилдіктерге ықыласын түсіріп, мейірімділік танытты+. Ол Исраилді құртып жібергісі келмеді, әрі күні бүгінге дейін олардан жүзін бұрып әкетпеді.
24 Ақырында Сирия патшасы Хазаел дүние салып, орнына ұлы Бен-Хадад таққа отырды.
25 Жоғас кезінде әкесінен Хазаел тартып алған жерлерді Бен-Хададтан қайтарып алды. Ол Хазаел ұлы Бен-Хададты үш рет жеңіп+, Исраил қалаларын қайтадан тартып алды.
Сілтемелер
^ Яғни тыныш әрі қауіпсіз.
^ Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
^ Яғни ІІ Еробоғам.