Патшалар 2-жазба 16:1—20

  • Ахаз — Яһуда патшасы (1—6)

  • Ахаздың ассириялықтарға пара беруі (7—9)

  • Ахаздың жалған тәңірге арналған құрбандық ошағының көшірмесін жасауы (10—18)

  • Ахаздың өлімі (19, 20)

16  Исраил патшасы Ремалиях ұлы Пекахтың билік құруының он жетінші жылы Яһуда патшасы Жотам ұлы Ахаз+ таққа отырды.  Ол 20 жасында патша болып, Иерусалимде 16 жыл билік етті. Ахаз арғы атасы Дәуіт сияқты болмай, Құдайы Ехобаның алдында ұнамсыз істер істеді+.  Ол Исраил патшаларының жолымен жүрді+. Тіпті Исраил елінің алдынан Ехоба қуып жіберген басқа ұлттардың жеркенішті істеріне еліктеп+, өз ұлын құрбандыққа шалып, өртеді+.  Бұған қоса, патша ғибадат төбелерінде+, қыр бастары мен әрбір жайқалған ағаш+ астында құрбандық шалып, құрбандық түтінін түтететін.  Бұдан кейін Сирия патшасы Ресин мен Исраил патшасы Ремалиях ұлы Пеках Иерусалимге қарсы аттанды+. Олар қаланы қоршауға алғанмен, оны жаулап ала алмады.  Сол кезде Сирия патшасы Ресин Елат қаласын+ Яһуданың қол астынан тартып алып, Едомға қайтарды. Ал қаладағы яһудилерді қуып жіберді. Елатқа едомдықтар қоныстанып, күні бүгінге дейін сонда тұрады.  Ахаз Ассирия патшасы Тиглатпаласарға+ хабаршылар жіберіп: “Мен сіздің қызметшіңіз әрі ұлыңызбын. Келіп, еліме шабуыл жасап жатқан Сирия патшасы мен Исраил патшасының қолынан мені құтқара көріңіз”,— деп өтінді.  Бұған қоса, Ахаз Ехобаның үйі мен патша сарайының қазыналарындағы алтын мен күмісті жинап алып, Ассирия патшасына пара берді+.  Сонда Ассирия патшасы оның өтінішін орындап, Дамаскіге аттанды да, қаланы жаулап алды. Ол қала тұрғындарын Кирге жер аударды+, ал Ресинді өлтіріп тастады+. 10  Бұдан кейін Ахаз патша Тиглатпаласармен кездесу үшін Дамаскіге барды. Ол Дамаскідегі құрбандық ошағын көрді де, діни қызметкер Ұрияхқа ошақтың бейнесі мен толық жобасын жіберді+. 11  Діни қызметкер Ұриях+ болса Ахаз патшаның барлық нұсқауларын ұстана отырып, құрбандық ошағын жасауға кірісті+. Ол ошақты патша Дамаскіден оралғанша бітіріп қойды. 12  Дамаскіден оралған патша құрбандық ошағын көрді де, жақындап келіп, оның үстінде құрбандықтар ұсынды+. 13  Патша сол ошақтың үстінде түгел өртелетін құрбандықтар мен астық тартуының түтінін түтетті. Сондай-ақ үстіне сұйық тарту құйып, татулық құрбандығының қанын бүркіді. 14  Ал Ехобаның үйінің алдында тұрған, яғни өзі соқтырған ошақ пен Ехобаның үйінің арасында тұрған, мыс құрбандық ошағын+ орнынан алып, өзі жасатқан ошақтың солтүстік жағына қойдырды. 15  Мұнан соң діни қызметкер Ұрияхқа+ былай деп бұйырды: “Таңертеңгі түгел өртелетін құрбандық пен кешкі астық тартуының+ түтінін, сондай-ақ патшаның түгел өртелетін құрбандығы мен астық тартуының түтінін осы үлкен құрбандық ошағының үстінде түтет+. Жұрт ұсынған түгел өртелетін құрбандықтар мен астық және сұйық тартулар да соның үстінде әкелінетін болсын. Ошақтың үстіне түгел өртелетін құрбандықтар мен басқа да құрбандықтардың қаны бүркілсін. Ал мыс құрбандық ошағымен не істейтінімді ойланып көрейін”. 16  Діни қызметкер Ұриях Ахаз патшаның бұйырғанын екі етпей орындады+. 17  Мұнымен қоймай, Ахаз патша кебеже арбалардың+ қабырғаларындағы тақталарын кестіріп тастады, үстіндегі қазандарды да алдырды+. Мыс бұқалардың үстінде тұрған “Теңіз” деп аталатын тайқазанды+ да алдырып, тас еденге қойдырды+. 18  Сонымен қатар ол киелі үйде Демалыс күні қолдану үшін салынған бастырманы және Ехобаның үйіне апаратын патшаның сыртқы кіреберісін алдырып тастады. Мұның бәрін Ахаз Ассирия патшасынан қорыққандықтан істеді. 19  Ахаздың басқа да істері Яһуда патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған+. 20  Ақырында Ахаз ата-бабаларына қосылды да, сүйегі солардың қасына, Дәуіттің қаласындағы қабірге қойылды. Ал орнына ұлы Езекия*+ таққа отырды.

Сілтемелер

Мағынасы “Ехоба күш береді”.