Патшалар 2-жазба 17:1—41

  • Жосия — Исраил патшасы (1—4)

  • Исраил патшалығының құлауы (5, 6)

  • Жолдан тайғаны үшін Исраилдің жер аударылуы (7—23)

  • Самарияға жатжерліктердің қоныстануы (24—26)

  • Самариялықтардың аралас діндерді ұстануы (27—41)

17  Яһуда патшасы Ахаздың билік құруының он екінші жылы Елах ұлы Хошия+ Самарияда патша болып, Исраил еліне 9 жыл билік етті.  Ол Ехобаның алдында ұнамсыз істер істеді, бірақ Исраилдің бұрынғы патшалары сияқты емес.  Ассирия патшасы Салманасар оған қарсы аттанды+, содан Хошия оған қызмет етіп, алым төлейтін болды+.  Бірақ Ассирия патшасы Хошияның қастандық жасамақ ойы бар екенін білді. Өйткені Хошия Мысыр патшасы Соға хабаршылар жіберген еді+, оның үстіне, жылдағыдай алым төлемей қойған болатын. Сондықтан Ассирия патшасы оны байлап, түрмеге жауып тастады.  Содан Ассирия патшасы бүкіл елге қарсы соғысқа аттанды. Ол Самарияға келіп, қаланы үш жыл бойы қоршауда ұстады.  Хошияның билік құруының тоғызыншы жылы Ассирия патшасы Самарияны жаулап алды+. Ол Исраил халқын Ассирияға жер аударып+, оларды Халахқа, Ғозан өзенінің бойындағы Хаборға+ және мидиялықтардың қалаларына қоныстандырды+.  Бұның бәрі Исраил халқы өздерін Мысыр патшасы перғауынның қолынан азат етіп, Мысыр елінен алып шыққан Құдайлары Ехобаға+ қарсы күнә жасағандықтан осылай болды. Олар басқа құдайларға құлшылық етіп*+,  Құдайлары Ехоба исраилдіктердің алдынан қуып шыққан халықтардың дәстүрлерін, сондай-ақ Исраил патшалары ендірген дәстүрлерді ұстанды.  Исраилдіктер Құдайлары Ехобаға ұнамайтын істерге құмар болды. Олар барлық қалаларында, күзет мұнараларынан бекіністі қалаға дейін*, ғибадат төбелерін сала берді+. 10  Әрбір қырдың басы мен әрбір жайқалған ағаштың түбінде+ қасиетті тас бағаналар мен ағаш бағаналар* орнатты+. 11  Сондай-ақ олар Құдайлары Ехоба алдарынан қуып шығып, аластатқан халықтарға еліктеп, ғибадат төбелерінің бәрінде құрбандық түтінін түтетті+. Осылай зұлымдық жасап, Ехобаны қорлауды қоймады. 12  Олар жеркенішті пұттарға табынуды жалғастыра берді+. Ал Ехоба сол пұттарға қатысты: “Оларға табынбаңдар!”— деген еді+. 13  Ехоба барлық пайғамбарлары мен аян көретін қызметшілері арқылы Исраил мен Яһуда елін: “Зұлым істеріңнен бас тартыңдар+! Ата-бабаларыңа берген заңда жазылған, сондай-ақ пайғамбарларым арқылы айтқан өсиеттерім мен жарлықтарымды ұстаныңдар!”— деп талай ескертті+. 14  Бірақ олар тыңдамай, Құдайлары Ехобаға сенбеген ата-бабалары іспетті қасарысуларын қоймады+. 15  Олар Құдайларының жарлықтары мен ата-бабаларымен жасасқан оның келісімінен+ бас тартты, ескертулерін де тыңдамады+. Қайта, айналасындағы халықтарға еліктеп, түкке тұрғысыз пұттарға табынып+, өздері де түкке тұрғысыз болып кетті+. Ал Ехоба: “Оларға еліктемеңдер!”— деп бұйырған еді+. 16  Олар Құдайлары Ехобаның өсиеттерінің бәрін тастап, өздеріне темірден бұзаудың екі мүсінін+, сондай-ақ қасиетті бағана* жасап алды+. Бұған қоса, күллі көк әскеріне табынды+, Бағалға да қызмет етті+. 17  Олар тіпті ұлдары мен қыздарын құрбандыққа шалып, отқа өртеді+, сәуегейлікпен айналысты+, белгілерге қарап болашақты болжады. Ехобаның алдында ұнамсыз істерді беріле істеп, оны қорлады. 18  Сондықтан Ехоба Исраилге қатты қаһарланып, өзінің көз алдынан аластатты+. Ол яһуда руынан басқа ешкімді қалдырмады. 19  Бірақ Яһуда халқы да Құдайлары Ехобаның өсиеттерін ұстанбады+. Олар да Исраил ұстанған дәстүрге еліктеді+. 20  Сол себепті Ехоба Исраилдің барлық ұрпағынан бас тартып, оларды масқара қылды. Өзінің көз алдынан құрып кеткендерінше, оларды тонаушыларға талатып қойды. 21  Ол Дәуіт үйінің қол астынан Исраилді бөліп тастады, ал олар өздеріне Набат ұлы Еробоғамды патша етіп қойды+. Бірақ Еробоғам Исраилді Ехобаның жолынан тайдырып, зор күнәға батырды. 22  Содан Исраил халқы Еробоғамның күнәкар жолымен жүретін болды+. Сол күнәкар істерден айырылмады. 23  Ехоба пайғамбарлары арқылы өзі айтқандай, Исраилді көз алдынан аластатып жібергенше+, олар алған беттерінен қайтпады. Сондықтан Исраил өз жерінен Ассирияға жер аударылып+, күні бүгінге дейін сонда тұрып жатыр. 24  Кейінірек Ассирия патшасы Бабылдың, Құт, Абба, Хамат пен Сефараимнің+ халқын әкеліп, исраилдіктердің орнына Самария қалаларына қоныстандырды. Олар Самарияны иемденіп, қалаларында тұратын болды. 25  Сол жерге жаңадан қоныстанған кезде, бұл халықтар Ехобадан қорықпайтын*. Сондықтан Ехоба арыстандар+ жіберіп, олар жұрттың біразын мерт қылды. 26  Сонда Ассирия патшасына: “Өзіңіз жер аударып, Самария қалаларына қоныстандырған халықтар сол елдің Құдайына қалай табыну керек екенін білмейді*. Сондықтан ол арыстандар жіберіп, жыртқыштар жұртты қырып жатыр. Өйткені олардың ешқайсысы сол елдің Құдайына қалай табыну керектігін білмейді”,— деген хабар жіберілді. 27  Ассирия патшасы: “Сол елден жер аударылған діни қызметкерлердің бірін еліне қайтарыңдар. Ол сонда тұрып, жұртты сол елдің Құдайына қалай табыну керектігін үйретсін”,— деп бұйырды. 28  Осылай Самариядан жер аударылған діни қызметкерлердің бірі қайта оралып, Бетелге+ қоныстанды. Ол сонда көшіп келген жұртқа Ехобадан қорқуды* үйрететін болды+. 29  Бірақ әр халық өз құдайының мүсінін жасап алып, кезінде самариялықтар жасаған ғибадат төбелеріндегі үйлерге қойып қойды. Әрбір халық өздері қоныстанған қалаларда солай етті. 30  Осылай бабылдықтар Сикут-Беноттың, құттықтар — Нергалдың, хаматтықтар+ — Ашиманың, 31  аббалықтар — Нибхаз бен Тартактың мүсінін жасап алды. Ал сефараимдіктер Сефараим тәңірлері+ Адрамелех пен Анамелехке арнап ұлдарын құрбандыққа шалып, отқа өртейтін. 32  Олар Ехобадан қорқатын, әйтсе де өз араларынан ғибадат төбелерінде қызмет ететін діни қызметкерлер тағайындады. Сол діни қызметкерлер ғибадат төбелеріндегі үйлерде қызмет атқарып жүрді+. 33  Осылайша олар Ехобадан қорқатын, сөйте тұра өздері жер аударылып келген елдің дәстүріне сай, өз құдайларына да табынатын+. 34  Күні бүгінге дейін сол халықтар өз діндерін ұстанып келеді. Олардың ешқайсысы Ехобаға ғибадат етіп*, оның жарлықтарына, шешімдері мен Заңына сай өмір сүрмеді. Ехобаның Жақыптың (ал оның атын өзі Исраил деп өзгерткен болатын+) ұлдарына берген өсиеттерін де ұстанбады. 35  Ехоба исраилдіктермен келісім жасасқанда+, оларға мынаны бұйырған болатын: “Басқа құдайларды қастерлеп, оларға табынбаңдар, қызмет те етпеңдер, құрбандық та шалмаңдар+. 36  Қайта, қолын созып, зор құдіретпен өздеріңді Мысыр елінен алып шыққан Ехобаны+ қастерлеңдер+, соған бас ұрып, соған арнап құрбандық шалыңдар. 37  Соның жазып берген жарлықтарын, шешімдерін, Заңы мен өсиеттерін+ мұқият орындаңдар. Одан басқа ешқандай құдайды қастерлеуші болмаңдар. 38  Менің өздеріңмен жасасқан келісімімді ұмытпаңдар+. Басқа ешқандай құдайларды қастерлеуші болмаңдар. 39  Қайта, Құдайларың Ехобаны қастерлеңдер. Өйткені сендерді бар жауларыңнан құтқаратын — сол”. 40  Бірақ олар құлақ аспай, өздерінің бұрынғы діндерін ұстана берді+. 41  Сол халықтар Ехобадан қорқатын+, сөйте тұра өздерінің жасап алған мүсіндеріне де табына берді. Олардың ұлдары мен немерелері де ата-бабалары іспетті, күні бүгінге дейін солай етіп келеді.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “басқа құдайлардан қорқып”.
Яғни адам аз не көп тұратынына қарамай, кез келген жерде.
Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
Немесе “Ехобаға ғибадат етпейтін”.
Немесе “діни жораларын білмейді”.
Немесе “Ехобаға ғибадат етуді”.
Сөзбе-сөз “Ехобадан қорқып”.