Патшалар 2-жазба 20:1—21
20 Сол күндері Езекия науқастанып, өлім аузында жатты+. Сонда оған Амос ұлы Ишая пайғамбар келіп: “Ехоба саған мынаны айтады: —Үй ішіңе нұсқаулар бер, себебі сен айықпайсың, көз жұмасың”,— деді+.
2 Мұны естіген Езекия бетін қабырғаға қарай бұрып, Ехобаға дұға етті. Ол:
3 “Уа, Ехоба, жалынамын, адалдығымнан таймай, бар жүрегіммен беріле қызмет етіп, саған ұнамдыны істеп келгенімді есіңе ала көрші”+,— деді де, өксіп қоя берді.
4 Ишая патша сарайының ортаңғы ауласына жетпей жатып, Ехоба оған сөзін арнап былай деді+:
5 “Қайта орал да, халқымның көсемі Езекияға мынаны айт: —Арғы атаң Дәуіттің Құдайы Ехоба саған былай дейді: “Айтқан дұғаң құлағыма жетті, көз жасыңды да көрдім+. Мен сені сауықтырамын+. Үш күннен кейін сен Ехобаның үйіне барасың+.
6 Мен сенің өміріңді тағы 15 жылға ұзартамын. Өзіңді де, мына қаланы да Ассирия патшасының қолынан құтқарамын+. Бұл қаланы өз есімім үшін және қызметшім Дәуіт үшін қорғаймын+”.
7 Бұдан кейін Ишая: “Кепкен інжірден күлше жасап әкеліңдер”,— деді. Олар күлше жасап әкеліп, шиқанның үстіне қойып, таңып тастады. Сонда патша бірте-бірте айыға бастады+.
8 Езекия Ишаядан: “Ехобаның мені айықтырып, үш күннен кейін Ехобаның үйіне баратыным қандай белгіден көрінеді+?”— деп сұрады.
9 Ол: “Ехоба уәдесінде тұратынының дәлелі ретінде Ехобаның өзі саған белгі береді: баспалдаққа* түсіп тұрған көлеңке он басқышқа ілгері жылжысын ба, әлде кері ме?”+— деп сұрады.
10 Бұған Езекия: “Көлеңкенің ілгері жылжуы оңай ғой. Ол кері жылжысын”,— деді.
11 Сонда Ишая Ехобаға дұға етіп еді, ол Ахаз баспалдағына түсіп тұрған көлеңкені он басқышқа кері жылжытты+.
12 Сол күндері Бабыл патшасы Баладан ұлы Беродах-Баладан Езекияның ауырғанын естіп, оған хаттар мен сый-тарту жіберді+.
13 Езекия келген кісілерді құшақ жая қарсы алып, оларға қазына қоймасындағы алтын-күмісін, бальзам мен басқа да құнды майын, күллі қару-жарағын — бар қазынасын+ көрсетті. Оларға өз сарайы мен патшалығында көрсетпеген ештеңесі қалмады.
14 Бұдан кейін Езекия патшаға Ишая пайғамбар келіп: “Әлгі кісілер не деді? Олар қайдан келді?”— деп сұрады. Патша: “Олар шалғайдағы Бабыл елінен келді”,— деп жауап қатты+.
15 Сонда пайғамбар: “Олар сарайыңнан не көрді?”— деген сұрақ қойды. Езекия болса: “Сарайымдағының бәрін көрді. Қазынамда оларға көрсетпеген ештеңем қалмады”,— деп жауап берді.
16 Бұған Ишая былай деді: “Ехоба мынаны айтады+:
17 —Сарайыңдағы заттардың бәрі, бабаларыңның осы күнге дейін жиған-тергені де түгел Бабылға әкетілетін күн келеді+. Мұнда ештеңе де қалмайды,— дейді Ехоба,—
18 Өзіңнен туылатын ұлдарыңның кейбірі тұтқынға әкетіліп+, Бабыл патшасының сарайында қызмет ететін болады+”.
19 Сонда Езекия оған: “Ехобаның сен арқылы айтқан сөзі дұрыс+,— деді де: —Менің заманымда тыныштық пен тұрақтылық болса, мұның игі болғаны”,— деп қосты+.
20 Езекияның басқа да істері мен құдіреті, қалай тоған+ жасап, кәріз арқылы қалаға су тартқаны+ жайында Яһуда патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған.
21 Ақырында Езекия ата-бабаларына қосылды да+, орнына ұлы Манаса+ патша болды+.
Сілтемелер
^ Бұл баспалдақтар уақытты білу үшін, күнсағат ретінде қолданылған болса керек.