Патшалар 2-жазба 22:1—20

  • Жосия — Яһуда патшасы (1, 2)

  • Ғибадатхананы жөндеуге қатысты нұсқаулар (3—7)

  • Заң кітабының табылуы (8—13)

  • Олдаманың Яһуданың апатқа ұшырайтынын пайғамбарлық етуі (14—20)

22  Жосия+ сегіз жасында патша болып, Иерусалимде 31 жыл билік етті+. Оның анасы босқаттық+ Адаяхтың қызы Едида болатын.  Жосия Ехобаның алдында ұнамды істер жасап, арғы атасы Дәуіттің жолымен жүрді+, әрі одан оңға да, солға да ауытқымады.  Патшалық құруының он сегізінші жылы Жосия патша өзінің хатшысы Мешуламның ұрпағы Асалиях ұлы Шафанды Ехобаның үйіне жіберіп+, былай деді:  “Бас діни қызметкер Хелкияға+ барып айт, жұрт Ехобаның үйіне әкеліп, қақпа күзетшілері жинап+ тапсырған барлық ақшаны санасын+.  Жиналған ақша Ехобаның үйіндегі жөндеу жұмысын басқарушыларға берілсін. Олар сол ақшадан Ехобаның үйіндегі бұзылған жерлерді жөндеп жатқан жұмысшылардың+,  яғни ұсталар, құрылысшылар мен тас қалаушылардың ақысын төлесін. Жөндеу жұмыстарына қажетті ағаштар мен қашалған тастар да осы ақшаға алынсын+.  Ақшаны жұмсап жатқандар сенімді адамдар, сондықтан олардан есеп талап етудің қажеті жоқ+”.  Кейінірек бас діни қызметкер Хелкия хатшы Шафанға+: “Мен Ехобаның үйінен Заң кітабын+ тауып алдым”,— деді де, кітапты соған берді. Ал ол Заңды оқи бастады+.  Бұдан кейін хатшы Шафан патшаға барып: “Қызметшілеріңіз Ехобаның үйіндегі жәшіктерден ақшаны алып, жөндеу жұмыстарын басқарушылардың қолына тапсырды”,— деді+. 10  Сосын ол: “Діни қызметкер Хелкия маған мына кітапты+ берді”,— деп қосты да, патшаның алдында кітапты оқи бастады. 11  Патша Заң кітабында не жазылғанын естіген бойда, киімінің өңірін айырып жіберді+. 12  Бұдан кейін діни қызметкер Хелкияға, Шафан ұлы Ахиқамға+, Михая ұлы Ахборға, хатшы Шафанға және қызметшісі Асаяға былай деп тапсырды: 13  “Барып, Ехобадан менің атымнан және мына халық пен бүкіл Яһуданың атынан табылған кітаптағы сөздер туралы сұрап келіңдер. Өйткені ата-бабамыз осы кітапта бізге қатысты жазылған нұсқауларды орындамай, ондағы сөздерге мойынсұнбады. Сондықтан Ехоба бізге қаһарын төгіп жатыр+”. 14  Содан діни қызметкер Хелкия, Ахиқам, Ахбор, Шафан мен Асая Олдама пайғамбарға+ барды. Ол киім қоймасының басқарушысы Хасраның немересі, Тиқуа ұлы Шалумның әйелі еді. Олдама Иерусалим қаласының Екінші ауданында тұратын. Патша жіберген кісілер сол жерге келіп, оған бұйымтайларын айтты+. 15  Пайғамбар әйелдің жауабы мынау болды: “Исраилдің Құдайы Ехоба былай дейді: —Сендерді маған жіберген кісіге айтыңдар. 16  Ехоба былай дейді: “Мен осы жерді және оның тұрғындарын апатқа ұшыратамын. Яһуда патшасы сол кітаптан оқыған+ сөздердің бәрін бастарына түсіремін. 17  Өйткені олар менен безіп, өз қолдарымен жасаған бөтен құдайларға+ құрбандық түтінін түтетіп+, мені қорлауда. Сондықтан мен осы жерге қаһарымды лаулатамын, әрі ол еш сөнбейді+”. 18  Сосын Олдама пайғамбар былай деп сөзін жалғады: “Ал сендерді Ехобаның еркін сұрауға жіберген Яһуда патшасына мынаны айтыңдар: —Исраил Құдайы Ехоба өзің естіген сөздер жайлы былай дейді: 19  “Сен менің “осы жер мен оның тұрғындары өзгелерде үрей тудыратындай күйге ұшырайды әрі қарғысқа қалады” деген сөздерімді естігенде, жүрегіңді қасарыстырмай, қайта, Ехобаның алдында кішірейіп+, киіміңнің өңірін айырдың+. Сол үшін мен де сенің сөздеріңді естідім. Мұны айтып отырған — Ехоба. 20  Сондықтан да сені ата-бабаларыңа қосамын да, тыныштықта қабірге қойыласың. Осылай мен осы жерге жіберетін апатты көрмейсің”. Содан жіберген кісілері патшаға осындай жауап алып келді.

Сілтемелер