Патшалар 2-жазба 23:1—37

  • Жосияның реформалары (1—20)

  • Құтқарылу мейрамын тойлау (21—23)

  • Жосияның басқа да реформалары (24—27)

  • Жосияның өлімі (28—30)

  • Ехохаз — Яһуда патшасы (31—33)

  • Ехоякім — Яһуда патшасы (34—37)

23  Сонда патша хабаршылар жіберіп, Яһуда мен Иерусалимдегі күллі ақсақалдардың басын қосты+.  Сосын ол күллі Яһуда халқы мен Иерусалим тұрғындарын, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды — үлкенді-кішілі бүкіл халықты ертіп, Ехобаның үйіне қарай өрледі. Сол жерде патша жұрт алдында Ехобаның үйінен табылған келісім+ кітабының+ барлық сөздерін бастан-аяқ оқып шықты+.  Патша бағананың жанында тұрып, өзінің және халықтың атынан Ехобамен келісім жасасты*+. Ол Ехобаның жолымен жүріп, оның өсиеттерін, ескертулері мен жарлықтарын бар жүректерімен және жан-тәндерімен ұстанып, сол кітапта жазылған келісімді орындауды уәде етті. Күллі жұрт осы келісімді мақұл көрді+.  Сосын патша бас діни қызметкер Хелкия+ мен көмекші діни қызметкерлерге және қақпа күзетшілеріне Бағалға, қасиетті бағанаға*, сондай-ақ күллі көк әскеріне арнап жасалған барлық бұйымдарды Ехобаның ғибадатханасынан шығарып тастауды бұйырды+. Патша сол бұйымдарды Иерусалимнің сыртына шығарып, Қидронның қыр-қырқаларына апарып өртеді де, күлін Бетелге+ апарып тастады.  Сонымен қатар ол кезінде Яһуда патшалары Яһуда қалалары мен Иерусалим аймағындағы ғибадат төбелерінде бөгде құдайларға құрбандық түтінін түтетуге тағайындаған діни қызметкерлерді орындарынан алып тастады. Сондай-ақ Жосия патша Бағалға, күн мен айға, шоқжұлдыздарға* және күллі көк әскеріне құрбандық түтінін түтететін+ діни қызметкерлерді де орындарынан алды.  Ол Ехобаның үйіндегі қасиетті бағананы*+ да Иерусалимнің сыртына, Қидрон аңғарына, шығарып, оны сол жерде өртеп+, ұнтақтап, күлін жай адамдардың қабірлерінің үстіне шашып тастады+.  Жосия Ехобаның үйіндегі бұзылған еркектердің* үйлерін де тас-талқан етті+. Сол жерде әйелдер қасиетті бағанаға* арнап ғибадат күркелерін тоқитын.  Бұдан кейін патша Яһуда қалаларындағы діни қызметкерлердің бәрін жинап алып, Гебадан+ Бер-Шебаға+ дейінгі ғибадат төбелерінің бәрін арамдады. Сол жерлерде діни қызметкерлер құрбандық түтінін түтететін. Сонымен қатар ол қақпалардың алдындағы ғибадат төбелерін, атап айтқанда, қала қақпасынан кіргенде, сол жақта орналасқан қала басшысы Ешуаның қақпасының кіреберісіндегі ғибадат төбелерін де талқандады.  Ғибадат төбелерінің діни қызметкерлері Иерусалимдегі Ехобаның құрбандық ошағының басында қызмет етпейтін+, әйтсе де бауырларымен бірге ашымаған наннан жей беретін. 10  Жосия патша ешкім өз ұлын не қызын Молекке құрбандыққа шалып, отқа өртемеу үшін+, Бен-Хенном аңғарындағы+ Тофет+ деген табынатын жерді де арамдады. 11  Бұған қоса, патша өзіне дейінгі Яһуда патшалары күнге бағыштаған аттарды Ехобаның үйіне алып кіруге тыйым салды. Бұл аттарды сарай қызметкері Натан-Мәліктің бастырманың астындағы асханасы арқылы кіргізетін. Жосия күнге бағышталған арбаларды+ да өртеп жіберді. 12  Ол кезінде Яһуда патшалары Ахаз патшаның жоғарғы бөлмесінің шатырына орнатқан құрбандық орындарын+, сондай-ақ Манаса патшаның Ехобаның үйінің екі ауласына орнатқан құрбандық орындарын+ да талқандады. Жосия оларды күл-талқан етті де, топырағын Қидрон аңғарына шашып тастады. 13  Ол Иерусалимнің алдындағы, яғни Құлдырау тауының* оңтүстігіндегі* ғибадат төбелерін арамдады. Бұл ғибадат төбелерін кезінде Исраил патшасы Сүлеймен сидондықтардың жеркенішті әйел тәңірі Аштарға, моабтықтардың жеркенішті тәңірі Хамосқа және аммондықтардың жиренішті тәңірі Милкомға+ арнап тұрғызған еді+. 14  Жосия қасиетті тас бағаналарды талқандап, қасиетті ағаш бағаналарды* кесіп тастап+, солар тұрған жерге адам сүйектерін шашып тастады. 15  Сонымен қатар ол Бетелдегі құрбандық ошағының, Набат ұлы Еробоғам тұрғызған ғибадат төбесінің (ол сол арқылы Исраилді күнәға батырған еді) тас-талқанын шығарды+. Ошақ пен ғибадат төбесін талқандағаннан кейін, ғибадат төбесін өртеп, ұнтақтап тастады, қасиетті бағананы* да өртеп жіберді+. 16  Жосия айналасына қарап еді, төбе басындағы қабірлерді көрді. Сонда ол қабірлердегі сүйектерді шығарып алып, әлгі құрбандық ошағының үстінде өртеп жіберді. Осылай оны ғибадат етуге жарамсыз етіп арамдады. Бұл Ехобаның сөзі бойынша жүзеге асты, себебі ол өзінің пайғамбары арқылы осылай болатынын алдын ала айтқан еді+. 17  Сосын патша: “Анау тұрған қандай құлпытас?”— деп сұрады. Қала тұрғындары оған: “Бұл — Яһудадан келген шынайы Құдай адамының+ қабірі. Ол өзіңіз Бетелдегі құрбандық ошағына істегендеріңіз туралы пайғамбарлық еткен болатын”,— деп жауап берді. 18  Патша болса: “Онда оған тимеңдер. Оның сүйегін ешкім қозғаушы болмасын!”— деді. Осылай әлгі қабірдегі сүйекке және Самариядан келген пайғамбардың сүйегіне+ ешкім тиіспеді. 19  Жосия Самария қалаларындағы ғибадат төбелерінде салынған табынатын үйлерді де қиратып тастады+. Кезінде оларды Исраил патшалары Құдайды қорлау үшін салған болатын. Жосия патша Бетелдегі ғибадат төбелеріне не істесе, бұларға да соны істеді+. 20  Ол ғибадат төбелерінде қызмет ететін діни қызметкерлердің бәрін құрбандыққа шалып, құрбандық ошақтарының үстінде адамдардың сүйектерін өртеді+. Бұдан кейін патша Иерусалимге оралды. 21  Патша бүкіл халыққа: “Келісім кітабында жазылғандай+, Құдайларың Ехобаға Құтқарылу мейрамын* өткізіңдер+!”— деп әмір етті. 22  Мұндай Құтқарылу мейрамы Исраилде төрелік еткен билердің заманында да, Исраил мен Яһуда патшаларының ешқайсысының тұсында да өткізілмеген еді+. 23  Ал Жосия патшаның билік құруының он сегізінші жылы Иерусалимде Ехобаға арнап осы Құтқарылу мейрамы өткізілді. 24  Бұған қоса, Жосия Яһуда елі мен Иерусалимді аруақ шақырушылар мен көріпкелдерден+, терафим мүсіндерінен*+, жеркенішті пұттар мен барлық жеркенішті нәрселерден тазартты. Мұның бәрін ол діни қызметкер Хелкия Ехобаның үйінен тауып алған кітапта+ жазылған Заңды орындау үшін істеді+. 25  Бұған дейін Жосия іспетті, Мұса арқылы берілген Заңды толық ұстанып, бар жүрегімен, бар жан-тәнімен+ және бар күш-қуатымен Ехобаға бет бұрған патша болмаған еді, одан кейін де болған жоқ. 26  Сөйтсе де Ехобаның Яһудаға қарсы лаулаған қаһары басылмады. Бұл Манаса патшаның оны қорлау үшін істеген күллі істерінің кесірінен солай болды+. 27  Ехоба былай деді: “Мен Исраилді аластатқанымдай+, Яһуданы да көз алдымнан аластатамын+. Өзім таңдап алған қала Иерусалимнен, сондай-ақ “өз есімімді осында орнықтырамын”+ деген үйден бас тартамын”. 28  Жосияның басқа да істері Яһуда патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған. 29  Жосия патшаның тұсында Мысыр билеушісі Нехо перғауын Ассирия патшасына көмектесу үшін Евфрат өзенінің бойына келді. Жосия патша оған қарсы аттанды, бірақ Нехо оны Мегиддода жолықтырған бойда мерт қылды+. 30  Содан қызметшілері Жосияның денесін Мегиддодан арбамен Иерусалимге әкеліп, өзінің қабіріне қойды. Сосын жұрт патшаның ұлы Ехохазға май жағу рәсімін жасап, әкесінің орнына патша етіп тағайындады+. 31  Ехохаз+ 23 жасында таққа отырып, Иерусалимде үш ай билік етті. Оның анасының аты Хамутал болатын+, ол либналық Еремияның қызы еді. 32  Ехохаз ата-бабалары іспетті, Ехобаның көз алдында ұнамсыз істер жасады+. 33  Нехо перғауын+ Иерусалимде билік еткізбеу үшін оны Хамат жеріндегі Риблада+ тұтқынға алды. Ал Яһуда елінен 100 талант* күміс пен бір талант алтын талап етті+. 34  Бұған қоса, Нехо перғауын Жосия ұлы Елиәкімді әкесінің орнына патша етіп қойып, оның атын Ехоякім деп өзгертті. Ал Ехохазды Мысырға алып кетті+, ол сол жерде қаза болды+. 35  Ехоякім Нехо перғауын талап еткен күміс пен алтынды төледі, бірақ оны беру үшін халықтың мойнына салық салды. Ол ел тұрғындарының әрқайсысынан алым ретінде белгілі бір мөлшерде күміс пен алтын алды. 36  Ехоякім+ 25 жасында патша болып, Иерусалимде 11 жыл билік етті+. Оның анасы румалық Педаяхтың қызы Зебида еді. 37  Ехоякім ата-бабалары іспетті+, Ехобаның көз алдында ұнамсыз істер істеді+.

Сілтемелер

Немесе “келісімді қайта жаңғыртты”.
Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
Немесе “зодиак шоқжұлдыздарына”.
Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
Еркектермен азғындық жасайтын еркектер.
Яғни Зәйтүн тауы, дәлірек айтқанда, таудың Заңсыздық тауы деген атпен де белгілі қиыр оңтүстіктегі бөлігі.
Сөзбе-сөз “оң жағындағы”. Адам шығысқа қарап тұрғанда, оңтүстік болады.
Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
Немесе “отбасы тәңірлері; пұттар”.
1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.