Патшалар 2-жазба 24:1—20
24 Ехоякімнің тұсында Бабыл патшасы Навуходоносор+ Яһуда еліне қарсы аттанды. Содан Ехоякім оған үш жыл бойы бағынышты болды. Бірақ кейін Навуходоносорға қарсы бас көтерді.
2 Ехоба Ехоякімге қарсы халдей+, сирия, моаб және аммондықтардың шапқыншыларын жібере бастады. Ехоба оларды өзінің пайғамбарлары арқылы айтқан сөзін жүзеге асырып, Яһуда елін құрту үшін жіберіп отырды+.
3 Иә, Яһуда елі осындай пәлеге Ехобаның шешімі бойынша ұшырады. Өйткені ол Манасаның жасаған бар күнәсі үшін+ яһудалықтарды көз алдынан құртып жіберуді ұйғарған еді+.
4 Бұған Манасаның жазықсыз адамдардың қанын төгіп+, Иерусалимді жазықсыз төгілген қанға толтырғаны да себеп болды. Ехоба мұны кешіргісі келмеді+.
5 Ехоякімнің басқа да істері Яһуда патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған+.
6 Ақырында Ехоякім ата-бабаларына қосылды да+, орнына ұлы Ехония патша болды.
7 Бұдан былай Мысыр патшасы өз елінен жорыққа әскер аттандырмайтын болды. Өйткені Бабыл патшасы оның бүкіл жерін, Мысыр өзен аңғарынан+ Евфрат өзеніне дейін+, тартып алған еді+.
8 Ехония+ 18 жасында патша болып, Иерусалимде үш ай билік етті+. Оның анасы иерусалимдік Елнатанның қызы Нехушта еді.
9 Ехония әкесі іспетті, Ехобаның алдында ұнамсыз істер істеді.
10 Сол кездері Бабыл патшасы Навуходоносор Иерусалимге қарсы аттанып, қала қоршауда қалды+.
11 Қызметшілері Иерусалимді қоршауға алып жатқанда, Бабыл патшасы Навуходоносордың өзі де келді.
12 Сонда Яһуда патшасы Ехония шешесімен, қызметшілері, бекзадалары, сондай-ақ сарай қызметкерлерімен бірге Бабыл патшасының алдынан шықты+. Сонда Бабыл патшасы билік құруының сегізінші жылы оны тұтқынға алды+.
13 Ехоба алдын ала айтқандай, Навуходоносор Ехобаның үйі мен патша сарайындағы бар қазынаны алып кетті+. Ол Ехобаның ғибадатханасына арнап Исраил патшасы Сүлеймен жасаған алтын бұйымдардың бәрін бұзып тастады+.
14 Ал Иерусалимнің барлық тұрғындарын, барлық бекзадаларын+, майталман сарбаздарын және барлық шеберлері мен темір ұсталарын* тұтқынға әкетті+. Бас-аяғы 10 000 адам тұтқынға әкетілді. Қалада ең кедей деген адамдарды ғана қалдырды+.
15 Навуходоносор Ехонияның+ өзін де Бабылға әкетті+. Онымен қоса, патшаның шешесін, әйелдерін, сарай қызметкерлері мен елдің беделді кісілерін де Иерусалимнен Бабылға жер аударды.
16 Бабыл патшасы елдегі күллі сарбаздарды, 7000 адамды, 1000 шебер мен темір ұстасын* және соғысуды үйренген әрі мықты жігіттердің бәрін Бабылға айдап әкетті.
17 Ал Ехонияның орнына оның әкесінің інісі Матанияхты+ патша етіп қойды да, оның есімін Седекия+ деп өзгертті.
18 Седекия 21 жасында патша болып, Иерусалимде 11 жыл билік етті. Оның анасы либналық Еремияның қызы Хамутал еді+.
19 Седекия Ехоякім іспетті, Ехобаның алдында ұнамсыз істер істеді+.
20 Ехоба қатты қаһарланғандықтан Иерусалим мен Яһуданы осындай пәлеге душар етіп, ақырында өзінің алдынан аластатты+. Седекия болса Бабыл патшасына қарсы бас көтерді+.