Патшалар 2-жазба 3:1—27

  • Жорам — Исраил патшасы (1—3)

  • Моабтың Исраилге қарсы бас көтеруі (4—25)

  • Моабтың жеңілуі (26, 27)

3  Ахаб ұлы Жорам+ Яһуда патшасы Жосафаттың патшалық құруының он сегізінші жылы Самарияда Исраил тағына отырып, 12 жыл билік етті.  Ол Ехобаға ұнамсыз істер істеді, бірақ әкесі мен шешесі сияқты болған жоқ. Өйткені ол әкесі Бағалға арнап жасаған қасиетті бағананың+ көзін құртты.  Сөйтсе де ол Исраилді күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның күнәкар істерінен айырылмай, соларды істей берді+.  Моаб патшасы Меша қой өсірумен шұғылданатын. Ол Исраил патшасына салық төлеп, 100 000 қозы, 100 000 қырқылмаған қошқар беріп отыратын.  Ахаб өлгеннен кейін+, Моаб патшасы Исраилге қарсы бас көтерді+.  Сонда Жорам патша Самариядан шығып, күллі Исраилді жинады.  Ол Яһуда патшасы Жосафатқа да шабарман жіберіп: “Моаб патшасы маған қарсы бас көтерді. Менімен бірге онымен соғысуға барасың ба?”— деп сұрады. Ол: “Иә, барамын+. Екеуміз бірміз: менің халқым — сенің халқың, менің жылқым — сенің жылқың”,— деп жауап берді+.  Сосын: “Ол жаққа қай жолмен барамыз?”— деп сұрады. Жорам: “Едомның шөл даласы арқылы”,— деді.  Осылайша Исраил патшасы Яһуда патшасы мен Едом патшасын+ ертіп жорыққа аттанды. Олар айналма жолмен жеті күн жүргеннен кейін, әскерлері мен соңдарынан келе жатқан малдарына беретін су қалмады. 10  Сонда Исраил патшасы: “Сұмдық-ай! Ехоба мына үш патшаны Моабтың қолына түсіру үшін жинаған екен ғой!”— деді. 11  Бұған Жосафат: “Бұл жерде Ехобаның пайғамбары бар ма екен? Сол арқылы Ехобадан басшылық сұрамаймыз ба?”— деді+. Исраил патшасының бір қызметшісі: “Мұнда Ілиястың қолына су құйып, қызмет көрсеткен+ Шафат ұлы Еліше+ бар”,— деп сөзге араласты. 12  Жосафат: “Ехоба сол арқылы сөзін жеткізеді”— деді. Сонымен, Исраил патшасы, Жосафат және Едом патшасы пайғамбарға келді. 13  Бірақ Еліше Исраил патшасына: “Менде не шаруаң бар+?! Әкең мен шешеңнің пайғамбарларына бар+!”— деді. Исраил патшасы болса: “Жоқ, бармаймын. Өйткені мына үш патшаны Моабтың қолына беру үшін жинап отырған — Ехоба”,— деп жауап берді. 14  Еліше мынаны айтты: “Өзім қызмет етіп жүрген Әскербасы Ехобаның алдында шын айтамын*, Яһуда патшасы Жосафатты сыйламағанымда+, саған қарамас та едім, көзіме де ілмес едім+. 15  Ал енді маған арфада ойнайтын күйші алып келіңдер+”. Күйші аспабында ойнай бастағанда, Ехоба Елішеге құдірет дарытты+. 16  Сонда ол былай деді: “Ехоба мынаны айтады: —Мына аңғарда қаз-қатар етіп шұңқыр қазыңдар. 17  Сендер ешқандай желді де, жаңбырды да көрмейсіңдер. Сөйтсе де мына аңғар суға толып+, өздерің де, малдарың да содан ішесіңдер. Себебі мұны айтып отырған — Ехоба”. 18  Еліше тағы былай деді: “Мұны істеу Ехоба үшін түк те емес+. Ол Моабты да қолдарыңа береді+. 19  Ал сендер барлық бекіністі+ және ірі қалаларды қиратып, барлық жақсы ағаштарды шауып, су көздерінің бәрін бекітіп, жақсы деген жер телімдеріне тас үйіп тастаңдар+”. 20  Ертеңіне таңертең астық тартуын+ ұсынатын кезде Едом аймағынан кенеттен су ағып келіп, сол жерді басып кетті. 21  Моабтықтар үш патшаның өзімен соғысуға келгенін естігенде, қару ұстауға жарамды ер адамдарының бәрін жинап, шегараға орналастырды. 22  Арғы жақтағы Моаб әскері таңертең ерте оянғанда, күн шапағы су бетіне түсіп тұрған еді. Аңғардағы су оларға қан іспетті қып-қызыл болып көрінді. 23  Олар: “Мынау — қан ғой! Ана патшалар бір-бірін семсермен қырып тастапты! Ей, Моаб, жүр, олжаға батайық!”+— десті. 24  Осылай олар Исраил қосына келгенде, исраилдіктер лап қойып, жауларын қыра бастады. Олар болса қаша жөнелді+. Исраилдіктер моабтықтарды жол-жөнекей қыра отырып, елдеріне басып кірді. 25  Содан қалаларын қиратып, адамдарын қырып, жақсы деген жер телімдеріне тас үйіп, барлық су көздерін бекітіп+, жақсы ағаштардың бәрін кесіп тастады+. Кир-Харешеттің+ тас дуалы ғана құламай тұрған еді. Алайда қаланы сақпаншылар қоршап алып, тас атқылады. 26  Моаб патшасы шайқаста жеңілгенін көріп, семсермен қаруланған 700 адамымен Едом патшасының+ шебін бұзып өтпек болды, бірақ өте алмады. 27  Сол кезде ол өзінің орнына патша тағына отыратын тұңғыш ұлын алып, қала қабырғасының үстінде құрбандыққа шалып өртеп жіберді+. Сонда исраилдіктерге қарсы қатты наразылық туып, олар кері шегініп, елдеріне қайтып кетті.

Сілтемелер

Немесе “Ехобаның тірі екеніндей хақ сөзім”.