Патшалар 2-жазба 5:1—27

  • Елішенің Нағыманды алапестен айықтыруы (1—19)

  • Ашкөз Гехезидің алапеске шалдығуы (20—27)

5  Сирия патшасының қолбасшысы Нағыман қожайынына сыйлы әрі беделді адам болатын. Өйткені сол арқылы Ехоба Сирияны жеңіске жеткізген-ді. Ол ержүрек кісі еді, бірақ алапеспен ауыратын.  Жорықтарының бірінде сириялықтар Исраил елінен бір кішкентай қызды тұтқынға алды. Сол қыз Нағыманның әйеліне қызметші болды.  Бірде қыз қожайын әйелге: “Мырзам Самариядағы пайғамбарға+ барса ғой! Пайғамбар оны алапесінен айықтырар еді+!”— деді.  Ол* барып, Исраил қызынан естігендерін өз қожайынына айтты.  Сирия патшасы: “Ендеше соған бар! Мен Исраил патшасына хат жазып берейін”,— деді. Содан Нағыман 10 талант* күміс, 6000 алтын ақша, 10 ауысым киім-кешек алып, жолға шықты.  Сөйтіп, ол хатты Исраил патшасына әкеліп берді. Онда былай делінген еді: “Осы хатпен бірге саған қызметшім Нағыманды жіберіп отырмын. Оны алапесінен сауықтыр”.  Хатты оқығаннан кейін, Исраил патшасы киімінің өңірін айырып: “Біреуді өлтіріп, қайта тірілте алатын мен Құдай ма едім+?! Маған мына кісіні алапесінен айықтыр деп жіберіпті. Қараңдаршы, ол жанжал іздеп отыр!”— деді.  Шынайы Құдай адамы Еліше Исраил патшасы киімінің өңірін айырыпты дегенді ести сала, оған мынадай хабармен кісі жіберді: “Неге киіміңнің өңірін айырасың?! Әлгі кісіні маған жіберші, Исраилде пайғамбар бар екенін білсін+!”  Сонымен, Нағыман аттарымен, соғыс арбаларымен келіп, Елішенің үйінің алдына тоқтады. 10  Ал Еліше оған хабаршы жіберіп, мынаны айтты: “Иорданға бар да, жеті рет+ суға түс+. Сонда денең қалпына келіп, тазарады”. 11  Нағыман бұған қатты ашуланып, қайтып кетпек болып былай деді: “Ол алдымнан шығып, осында Құдайы Ехобаның атын шақырып, алапес болған жердің үстінен қолын әрі-бері жүргізіп, айықтырып жібереді деп ойлап едім. 12  Дамаскідегі+ Абана, Фарпар өзендері Исраилдің күллі өзендерінен артық емес пе?! Мен соларға барып-ақ шомылып, айыға алмас па едім?!” Осылай ашуға булығып, кері бұрылды. 13  Ал қызметшілері оған жақындап келіп: “Әке, егер пайғамбар сізге ерекше бірдеңе істеуді тапсырса, орындамас па едіңіз? Ол бар болғаны: —Суға түс те, тазар!— деді ғой, айтқанын орындай салмайсыз ба?”— деді. 14  Нағыман құлақ асып, шынайы Құдай адамы айтқандай, ылдилап барды да, жеті рет Иорданға түсіп шықты+. Сонда оның денесі жас баланың денесіндей болып+, тазарып шыға келді+. 15  Бұдан кейін ол барлық қызметшілерін ертіп, шынайы Құдай адамының алдына келіп тұрды да+: “Дүниежүзі бойынша Исраилден басқа жерде Құдай жоқ екеніне көзім жетті+! Енді қызметшіңіздің әкелген сыйын қабыл алсаңыз екен”,— деді. 16  Бірақ Еліше: “Өзім қызмет етіп жүрген тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамын*, сыйыңды алмаймын!”— деп бас тартты+. Нағыман оны көндіруге қанша тырысса да, ол алмай қойды. 17  Ақырында Нағыман мынаны айтты: “Онда қызметшіңізге екі қашырға артып әкететіндей осы елден топырақ берілсе екен. Өйткені қызметшіңіз бұдан былай Ехобадан басқа ешқандай құдайға түгел өртелетін не басқа құрбандық ұсынбайды. 18  Тек бір жайтқа қатысты Ехоба қызметшіңізді кешірсін: тақсыр ием тағзым ету үшін Римонның үйіне барғанда, менің қолыма сүйенеді, сондықтан сол жерде мен де тағзым етуге мәжбүр боламын. Қызметшіңіздің Римонның үйінде осылай тағзым еткенін Ехоба кешіре көрсін”. 19  Еліше оған: “Аман-есен қайта бер!”— деді. Осылай Нағыман жолға шығып, біраз ұзағанда, 20  шынайы Құдай адамы+ Елішенің қызметшісі Гехези+: “Қожайыным әлгі сириялық Нағыманға+ ауыртпалық салмайын деп, әкелген сыйын алмады. Тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамын*, мен артынан қуып жетіп, одан бірдеңе аламын”,— деп ойлады. 21  Содан Гехези Нағыманның артынан жүгіре жөнелді. Нағыман арт жақта біреудің жүгіріп келе жатқанын көріп, оның алдынан шықпақ болып арбасынан түсті де: “Тыныштық па?”— деп сұрады. 22  Оның жауабы мынау болды: “Иә, тыныштық. Қожайыным сізге мынадай сәлемдеме айтты: —Жаңа ғана маған Ефремнің таулы өңірінен пайғамбарлар ұлдары жіберген екі жігіт келген еді. Соларға бір талант күміс пен екі ауысым киім-кешек беріп жіберші+”. 23  Нағыман оған: “Бір емес, екі талант ал!”— деді. Оны көндіріп+, екі ауысым киім-кешекпен қоса, екі талант күмісті екі дорбаға орап салып берді. Бұларды Гехезидің алдында алып жүру үшін екі қызметшісін қосып жіберді. 24  Опелге* жеткенде, Гехези әлгілердің қолынан дорбаларды алып, үйіне кіргізді де, өздерін қайтарып жіберді. Олар кеткен соң, 25  қожайыны Елішенің алдына барды. Еліше одан: “Қайда барып келдің, Гехези?— деп сұрап еді, ол: —Қызметшіңіз ешқайда барған жоқ”,— деп жауап берді+. 26  Сонда Еліше былай деді: “Әлгі кісі сені қарсы алу үшін арбасынан түскенде, менің жүрегім сенімен болмады дейсің бе? Қазір күміс, киім-кешек, зәйтүн бақтары мен жүзімдіктер, ірілі-ұсақ мал, құл-күң алатын кез бе еді+? 27  Енді Нағыманның алапесі+ мәңгі бақи сенде және үрім-бұтағыңда қалатын болады!” Сол-ақ екен Гехези Елішенің алдынан шыққанда, алапестен қардай аппақ болып кетті+.

Сілтемелер

Бұл есімдік Нағыманға нұсқаса керек.
1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Немесе “Ехобаның тірі екеніндей хақ сөзім”.
Немесе “Ехобаның тірі екеніндей хақ сөзім”.
Самариядағы қыр не бекінетін жер болса керек.