Патшалар 2-жазба 9:1—37

  • Иқудың Исраил патшасы болып майлануы (1—13)

  • Иқудың Жорам мен Ахазияны өлтіруі (14—29)

  • Езабелдің өлтіріліп, иттерге жем болуы (30—37)

9  Еліше пайғамбарлар ұлдарының бірін шақырып алып, былай деп тапсырды: “Көйлегіңнің етегін беліңе қыстыр да, мына құтыдағы майды алып, дереу Рамот-Ғалақатқа+ бар.  Сол жерден Нимшидің немересі Жосафат ұлы Иқуды+ тауып ал. Оның қасына бар да, бауырларынан бөліп алып, түпкі бөлмеге кіргіз.  Сосын құтыдағы майды оның басына құй да: —Ехоба мынаны айтады: “Мен сені Исраилге патша етіп майладым!”+— де. Бұдан кейін есікті аша сала, қашып кет!”  Сонымен Еліше пайғамбардың қызметшісі Рамот-Ғалақатқа қарай жол тартты.  Келіп жеткенде, ол сол жерде отырған қолбасыларды көрді. Сосын оларға барып: “Уа, қолбасы, сізге айтар сөзім бар!”— деді. Иқу: “Қайсысымызға?— деп сұрап еді, ол: —Сізге, уа, қолбасы!”— деді.  Иқу тұрып, үйге кірді, сонда әлгі қызметші оның басына май құйып, былай деді: “Исраилдің Құдайы Ехоба мынаны айтады: —Мен сені Ехобаның халқы Исраилге патша етіп майладым+!  Қожайының Ахабтың үйін жойып жібер. Осылай мен өзіме қызмет еткен пайғамбарлардың төгілген қаны үшін және Езабелдің қолынан өлген Ехобаның барлық қызметшілері үшін кек аламын+.  Ахабтың үйі түптамырымен құрып кетеді. Мен Ахабтың әулетінде бірде-бір еркек кіндіктіні, тіпті Исраилдегі ең бейшарасы мен әлсізін де қалдырмаймын+.  Ахабтың үйіне Набат ұлы Еробоғамның үйі+ мен Ахия ұлы Бағасаның үйінің+ кебін кигіземін. 10  Ал Езабел Езрехелде иттерге жем болады+. Оны ешкім жерлемейді!” Осыдан кейін әлгі қызметші есікті аша сала, қашып кетті+. 11  Иқу патшаның өзге қолбасыларына қайтып келгенде, олар: “Тыныштық па? Ана есуас жігіт саған не үшін келіпті?”— деп сұрады. Ол: “Ондай адамдарды өздерің де білесіңдер ғой, дені дұрыс не айтушы еді!?”— деді. 12  Бірақ олар: “Мұның өтірік! Айтшы, ол не деді?”— деп қоймады. Сонда Иқу: “Ол маған пәлен-түген деді, сосын: —Ехоба мынаны айтады: “Мен сені Исраилге патша етіп майладым!”+— деп қосты”,— деп, болған жайтты айтып берді. 13  Сонда олар шапандарын шеше сала, оның аяғының астындағы баспалдақтарға жайды да+, керней тартып: “Иқу патша болды!”— деп жар салды+. 14  Енді Нимшидің немересі Жосафат ұлы Иқу+ Жорамға қастандық жасауды ойластырды. Бұдан ертерек Жорам мен күллі Исраил Сирия патшасы Хазаелден+ Рамот-Ғалақатты қорғап жатқан еді+. 15  Бірақ Сирия патшасы Хазаелмен болған шайқаста Жорамды сириялықтар жарақаттап, ол емделу үшін Езрехелге+ қайтқан болатын+. Иқу былай деді: “Егер менімен ниеттес болсаңдар, мына қаладан біреудің аман шығып, Езрехелге хабар жеткізуіне жол бермеңдер!” 16  Содан ол арбасына мінді де, Езрехелге тартты. Өйткені шайқаста жараланған Жорам патша сол жерде жатқан еді. Оның халін сұрап келген Яһуда патшасы Ахазия да сол жерде болатын. 17  Езрехел мұнарасында тұрған күзетші қалың нөпір ерткен Иқуды көріп: “Қалың нөпірді көріп тұрмын”,— деді. Жорам оған: “Алдарынан шабарман жіберіп “Тыныштық па?” деп сұрат”,— деп тапсырды. 18  Шабарман Иқудың алдынан шығып: “Патша “Тыныштық па?” деп сұрап жатыр,— деп еді, ол: —Тыныштық па, жоқ па — шаруаң қанша?! Ер соңымнан!”— деп жауап берді. Мұнарадағы күзетші: “Шабарман оларға жетті, бірақ кері қайтпады”,— деп хабарлады. 19  Патша тағы бір шабарман жіберді. Ол да Иқуға келіп: “Патша “Тыныштық па?” деп сұрап жатыр”,— деді. Ол бұған да: “Тыныштық па, жоқ па — шаруаң қанша?! Ер соңымнан!”— деп жауап берді. 20  Күзетші: “Шабарман оларға жетті, бірақ кері қайтпады. Алдыңғы арбаны айдап келе жатқан кісінің арба айдасы Нимшидің немересі Иқудікіне ұқсайды: құтырына зулап келеді”,— деп мәлімдеді. 21  Сонда Жорам: “Арбаларды даярлаңдар!”— деп бұйырды. Исраил патшасы Жорам мен Яһуда патшасы Ахазия+ өздерінің соғыс арбаларына мініп, Иқудың алдынан шықпақ болды. Олар Иқумен езрехелдік Набутайдың+ танабында кездесті. 22  Жорам Иқуды көргенде: “Тыныштық па, Иқу?”— деп сұрады. Ал ол: “Шешең Езабел+ жезөкшелікке салынып, түрлі сиқырлықпен айналысып отырғанда+, қандай тыныштық болсын!?”— деді. 23  Сол-ақ екен Жорам қашпақ болып арбасын бұра беріп, Ахазияға: “Бұл — опасыздық, Ахазия!”— деп айқайлады. 24  Иқу болса садағын алып, Жорамның екі жауырынының арасын көздеп атып жіберді. Жебе патшаның жүрегіне тиді де, ол арбасының ішіне сұлап түсті. 25  Иқу көмекшісі Бидхарға былай деді: “Оны көтеріп алып, езрехелдік Набутайдың танабына лақтырып таста+! Есіңде болса, екеуміз оның әкесі Ахабтың артында бір арбада келе жатқанда, Ехоба оған қарсы келесі шешімін айтып+: 26  —Ехоба мынаны айтады: “Мен кеше Набутай мен ұлдарының қаны төгілгеніне куә болдым+. Солар үшін сенен дәл осы жер телімінде кек аламын+! Мұны айтып отырған — мен, Ехоба”,— деген еді. Сондықтан Ехоба айтқандай, оны көтеріп алып, сол жер теліміне лақтырып таста+!” 27  Болған жайтты көрген Яһуда патшасы Ахазия+ бақтағы үйге апаратын жолмен қаша жөнелді. (Кейінірек Иқу оның соңына түсіп: “Оны да өлтіріңдер!”— деді. Ахазия Иблеғамның+ тұсындағы Ғұрға апаратын жолда арбасында кетіп бара жатқанда жараланды. Ол Мегиддоға қашып барып, сол жерде өлді. 28  Қызметшілері оның денесін арбамен Иерусалимге әкеліп, Дәуіттің қаласындағы+ ата-бабаларының қабіріне қойды. 29  Ахазия+ Яһуда еліне Ахаб ұлы Жорамның билік құруының он бірінші жылы патша болған еді.) 30  Иқу Езрехелге+ келді. Бұны естіген Езабел+ көзін сүрмелеп, шашын сәндеп жинап, терезеден қарап отырды. 31  Иқу қақпадан кіргенде, ол: “Қожайынын өлтірген Зимридің хал-жағдайы жақсы ма?”+— деді. 32  Сонда Иқу басын көтеріп, терезеге қарады да: “Кім менің жағымда? Кәне, қайсысың барсың?”— деп айғайлады+. Сол-ақ екен терезеден екі-үш сарай қызметкері қарады. 33  Иқу оларға: “Оны төмен қарай лақтырыңдар!”— деді. Олар Езабелді төмен қарай лақтырып жібергенде, оның қаны қабырға мен аттарға шашырады. Иқу Езабелді аттарымен таптап тастады. 34  Бұдан кейін ол ішке кіріп, ішіп-жеді. Сосын: “Ана қарғыс атқан әйелдің денесін алып, қабірге қойыңдар. Не дегенмен, патша қызы ғой+!”— деп тапсырды. 35  Мәйітті жерлеуге барғандар Езабелдің бассүйегі мен аяқ-қолдарының басынан басқа ештеңе таппады+. 36  Олар қайтып келіп, мұны Иқуға айтқанда, ол былай деді: “Осылай Ехобаның тишбелік Ілияс арқылы айтқан мына сөзі жүзеге асты+: —Езабел Езрехелде иттерге жем болады+. 37  Езабелдің мәйіті Езрехелде қи сияқты шашылып жатады. Осылай ешкім де: “Мынау — Езабел”,— дей алмайтын болады!”

Сілтемелер