Римдіктерге 3:1—31
3 Олай болса, яһуди болудың қандай артықшылығы бар? Сүндеттелудің қандай пайдасы бар?
2 Барлық жағынан үлкен артықшылығы бар. Ең басты артықшылығы — яһудилерге Құдайдың қасиетті сөздері сеніп тапсырылған+.
3 Сонда не, кейбіреулер бұл сөздерге сенбесе, соған бола Құдай сенімді болудан қала ма?
4 Жоқ, мүлдем олай емес! Қайта, адамдардың бәрі өтірікші болып шықса да+, Құдай шыншыл+. Киелі жазбада былай делінген: “Айтқан сөздеріңнен әділ екенің көрінеді; айыпталғанда сен жеңіп шығасың”+.
5 Алайда біздің әділетсіздігіміз арқылы Құдайдың әділдігі көрінсе, онда не демекпіз? Бізге қаһарын төккенде, Құдайдың әділетсіз болғаны ма? (Мұны адами тұрғыдан айтып отырмын.)
6 Жоқ, мүлдем олай емес! Құдай әділетсіз болса, дүниені қалай соттамақ+?
7 Ал егер менің өтірік сөйлегенімнен Құдайдың шындығы айқындала түсіп, ол мадақталатын болса, неге мен күнәкар ретінде айыпталуым керек?
8 Онда неге “жамандық істейік, сонда жақсылық болады” демеске? Кейбіреулер бізге осылай айтты деп жала жауып жүр екен ғой. Мұндайларға шығарылған үкім әділ+.
9 Сонымен, біздің басқалардан артықшылығымыз бар ма? Еш артықшылығымыз жоқ! Жоғарыда анықтап алғанымыздай, яһудилер де, гректер де — бәрі күнәнің билігінде+.
10 Бұл туралы Киелі жазбада былай делінген: “Бірде-бір әділ кісі жоқ+,
11 түсінігі бар бірде-бір адам жоқ. Құдайды іздеп жүрген де ешкім жоқ.
12 Бәрі теріс жолға түсіп, бәрі де түкке тұрғысыз болып кетті. Жақсылық жасайтын ешкім жоқ, тіпті біреуі де жоқ+”.
13 “Көмейлері — ашық тұрған көр, тілдерімен жалған сөйлейді”+. “Айтқан сөздері жыланның уындай”+.
14 “Ауыздары қарғыс пен ызалы сөздерге толы”+.
15 “Аяқтары қан төгуге асығады”+.
16 “Жүрген жерлерін қиратып, қасіретке батырады,
17 олар татулық жолын білмейді+”.
18 “Көздерінен Құдайдан қорқудың нышаны да көрінбейді”+.
19 Біз Заңда жазылғандардың бәрі оны ұстанатындарға арналғанын білеміз. Бұл олардың аузы жабылып, бүкіл дүние Құдайдың жазасына ұшырау үшін істелді+.
20 Сондықтан заңды ұстану арқылы ешкім де Құдай алдында әділ деп жарияланбайды+, себебі біз заң арқылы күнәнің не екенін толық түсіндік+.
21 Ал енді, Заң мен Пайғамбарлар жазбаларынан көрінетіндей+, заңның көмегінсіз-ақ адамның Құдай алдында әділ бола алатыны ашылды+.
22 Иә, сенушілердің бәрі Иса Мәсіхке деген сенімдерінің арқасында Құдай алдында әділ бола алады. Өйткені адамдар арасында еш айырмашылық жоқ+:
23 барлығы да күнә жасады және Құдайдың ұлылығына ие болу мүмкіндігінен айырылды+.
24 Бірақ Құдайдың берген сыйы+ мынау — оның рақымының арқасында+ олар Иса Мәсіх төлеген құнның+ негізінде азат етіліп, әділ деп жарияланады.
25 Құдай Мәсіхті татуластыратын құрбандық ретінде берді+. Ол мұны Мәсіхтің төгілген қанына+ сенетіндерді өзімен татуластыру үшін істеді. Осылайша өзінің әділдігін паш етті, себебі ол бұрынғы уақыттарда жасалған күнәларды төзімділікпен кешіріп отырды.
26 Сондай-ақ Құдай мұны өз әділдігін+ қазіргі уақытта да паш ету үшін, яғни Исаға сенген кісіні әділ деп жариялағанда да әділ болып қала беру үшін істеді+.
27 Ендеше мақтануымызға себеп бар ма? Еш себеп жоқ. Мақтануға себеп қалдырмаған қандай заң? Істерді талап ететін заң ба+? Жоқ, сенімді талап ететін заң.
28 Сонымен, біз адам заң талаптарын орындау арқылы емес, сенімі арқылы әділ деп жарияланады деп есептейміз+.
29 Жоқ әлде Құдай тек яһудилердің Құдайы ма+? Басқа ұлттардың да Құдайы емес пе+? Иә, ол — басқа ұлттардың да Құдайы+.
30 Олай болса, бір-ақ Құдай бар+, әрі ол сүндеттелгендерді де, сүндеттелмегендерді де сенімдері арқылы әділ деп жариялайды+.
31 Онда біз сенімімізбен заңды күшінен айырамыз ба? Жоқ, мүлдем олай емес! Қайта, оның күшін арттыра түсеміз+.