Римдіктерге 4:1—25

  • Ыбырайым сенімінің арқасында әділ деп саналды (1—12)

    • Ыбырайым — сенімі барлардың түп атасы (11)

  • Құдай Ыбырайымның сенімін көріп, оған уәде берді (13—25)

4  Ал бабамыз Ыбырайым туралы не дейміз?  Егер ол істерінің арқасында әділ деп жарияланса, онда мақтануына болар еді, бірақ Құдай алдында емес.  Киелі жазбада не айтылған? Жазбада: “Ыбырайым Ехобаға* сенді, сондықтан ол әділ деп саналды”+,— делінген.  Жұмыс істеген адам жалақысын рақым ретінде емес, тиісті ақы ретінде алады.  Ал кім өз істеріне сүйенбей, қайта, күнәкарды әділ деп жариялайтын Құдайға сенсе, осы сенімі арқылы әділ деп саналады+.  Істеріне қарамай-ақ Құдай әділ деп есептеген адамның бақытты екендігін Дәуіт те айтқан:  “Заңсыз істері кешірілгендер мен күнәлары жабылғандар бақытты!  Ехоба күнәсін мойнына артпайтын адам бақытты+!”  Мұндай бақытқа тек сүндеттелгендер кенеле ме, әлде сүндеттелмегендер де ме+? Өйткені: “Ыбырайым сенімінің арқасында әділ деп саналды”+,— дедік қой. 10  Ол қашан әділ деп саналды, сүндеттелгеннен кейін бе, оған дейін бе? Сүндеттелгеннен кейін емес, одан бұрын. 11  Әлі сүндеттелмей тұрып-ақ сенімі болғандықтан, оған әділдік мөрі ретінде белгі салынды+, яғни сүндеттелді. Осылайша ол сүндеттелмей-ақ сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің бәрінің түп атасы болды+. 12  Сондай-ақ Ыбырайым — сүндеттелген ұрпақтың, яғни сүндеттелу рәсімін орындаумен ғана шектелмей, оның сүндеттелмей тұрғандағы сеніміне еліктейтіндердің де түп атасы+. 13  Ыбырайым мен оның ұрпағына дүниенің мұрагері боласың деген уәде+ заңды ұстанғаны үшін емес, сенімі арқылы әділ деп есептелгені үшін берілді+. 14  Егер заңды ұстанатындар ғана мұрагер болса, онда сенімнің еш пайдасы, ал уәденің еш күші болмас еді. 15  Заң Құдайдың қаһарына ұшыратады+, ал заң жоқ жерде оны бұзу да мүмкін емес+. 16  Демек, бұл уәде Құдайдың рақымына сай+, сенімге байланысты берілді. Осылайша осы уәде Ыбырайымның бүкіл ұрпағы+ үшін — Заңды ұстанатындары үшін ғана емес, Ыбырайымдікі сияқты сенімі барлары үшін де — күшін жоғалтпайтыны сөзсіз. Ол — бәріміздің түп атамыз+. 17  (Бұл туралы: “Сені көптеген халықтардың түп атасы еттім”+,— деп жазылған). Бұл уәде Ыбырайым сенім артқан Құдайдың — өлілерді тірілтетін және әлі жоқ нәрсені бар дейтін* Құдайдың — алдында берілді. 18  Үміттенуге еш негіз болмаса да, ол көптеген халықтардың түп атасы болатынына үмітін үзбей сене берді. Өйткені оған: “Сенің ұрпағың осынша көп болады”+,— делінген еді. 19  Жасы жүзге таяп қалған Ыбырайым өз тәнін өлі, ал Сараның құрсағына бала бітпейді+ деп есептесе де+, сенімін әлсіретпеді. 20  Қайта, Құдайдың уәдесіне еш күмәнданбай, сенімінен күш алып, Құдайды дәріптеді 21  және оның өз уәдесін орындай алатынына кәміл сенді+. 22  Сондықтан да “әділ деп саналды”+. 23  Алайда “әділ деп саналды” деген сөздер оған ғана емес+, 24  әділ деп саналатын біздерге де арнап жазылған. Өйткені біз Иеміз Исаны өлімнен қайта тірілткен Құдайға сенеміз+. 25  Иса біздің күнәларымыз үшін өлді+, ал әділ деп жариялануымыз үшін қайта тірілді+.

Сілтемелер

Бұл — Құдайдың есімі. Түсіндірмені қараңыз.
Мүмкін: “жоқ нәрсені бар қылатын”.