Самуилдің 1-жазбасы 18:1—30

  • Дәуіт пен Жонатанның достығы (1—4)

  • Дәуіттің жеңістері Саулдың қызғанышын оятты (5—9)

  • Саулдың Дәуітті өлтірмек болуы (10—19)

  • Дәуіттің Саул қызы Михалды әйелдікке алуы (20—30)

18  Дәуіт пен Саул әңгімелесіп болған соң, Жонатан+ мен Дәуіт айнымас дос болып, Жонатан оны жанындай жақсы көріп кетті+.  Сол күннен бастап Саул Дәуітті әкесінің үйіне қайтармай, қасына алып қалды+.  Жонатан Дәуітті жанындай жақсы көргендіктен+, екеуі дос болуға серт байласты+.  Ол жеңсіз көйлегін Дәуітке шешіп берді. Сондай-ақ басқа да киімдерін, семсерін, садағы мен белдігін де сыйлады.  Содан Дәуіт жорыққа шыға бастады. Қайда жұмсаса да, бар ісін ақылмен атқаратындықтан+, Саул оны сарбаздарға басшы етіп қойды+. Бұл бүкіл халыққа, Саулдың қызметшілеріне де ұнады.  Дәуіт пен өзге сарбаздар філістірлерді жеңіп, елге қайтып келе жатқанда, Саул патшаны қарсы алу үшін Исраилдің бүкіл қалаларынан жиналған әйелдер үш ішекті аспап пен даңғырада ойнап+, би билеп, ән айтып+, қуана алдарынан шығатын.  Жеңісті тойлаған әйелдер былай деп әндететін: “Саул мыңдаған жауды қырды,Ал Дәуіт он мыңдағанын жайратты”+.  Саул бұл сөздерді мүлдем ұнатпайтын. Бірде ол қатты ашуланып+, іштей: “Олар Дәуітке қырылған жаудың он мыңдағаны, ал маған небәрі мыңдағаны үшін мақтау айтады. Енді оған тек патша болу жетпей тұр+!”— деді.  Сол күннен бастап ол Дәуітке күдіктене қарайтын болды. 10  Келесі күні Дәуіт әдеттегідей патша сарайында арфа тартып отырғанда+, Саулға Құдай жіберген жаман рух әсер етіп+, өзін біртүрлі ұстай бастады. Оның қолында найзасы бар еді+. 11  Сонда ол “Дәуітті қабырғаға қадап қоямын” деген оймен найзасын оған қарай лақтырып жіберді+. Бірақ Дәуіт жалтарып үлгерді. Мұндай жағдай екі рет болды. 12  Саул одан қорқа бастады, өйткені Ехоба оны тастап кетіп+, Дәуітке жар болып жүрген еді+. 13  Сондықтан патша оны өзінен алыстатып, мыңбасы етіп қойды. Содан Дәуіт жорықтарда сарбаздарды бастап жүретін болды+. 14  Ол барлық ісін ақылмен атқаратын+, әрі Ехоба оған жар болып жүрді+. 15  Оның әрқашан ақылмен әрекет ететінін көріп, Саул одан бетер қорықты. 16  Ал бүкіл Исраил мен Яһуда халқы Дәуітті жақсы көрді, өйткені ол жорықтарда басшылық ететін. 17  Бірде Саул Дәуітке: “Үлкен қызым Мерабты+ саған беремін+, тек маған ерлікпен қызмет етіп, Ехоба үшін соғыса бер+”,— деді. Ал ішінен: “Ол менің емес, філістірлердің қолынан қаза тапсын”,— деп ойлады+. 18  Бұған ол: “Патшаның күйеубаласы болатындай мен кіммін, Исраилде туыстарым мен әкемнің үй іші кім+?!”— деп жауап берді. 19  Алайда Мерабты Дәуітке ұзататын уақыт келгенде, Саул оны мехолалық Әдіриелге+ беріп қойғаны белгілі болды. 20  Саулдың Михал+ деген қызы Дәуітке ғашық болатын. Мұны естігенде, бұл Саулға ұнап: 21  “Осы қызымды Дәуітке қоссам, ол оған тұзақ болып, філістірлер арқылы көзін құрта алатын шығармын,— деп ойлады да+, Дәуітке екінші рет: —Сен патшаның күйеубаласы боласың”,— деді. 22  Сосын қызметшілеріне мынаны бұйырды: “Дәуітке оңашада: —Сен патшаға да, барлық қызметшілеріне де ұнайсың. Ендеше, патшаға күйеубала болмайсың ба?!— деңдер”. 23  Олар Дәуітке осылай дегенде, ол: “Патшаның күйеубаласы болу оңай дейсіңдер ме? Мен кедеймін, беделді де емеспін”,— деп жауап берді+. 24  Қызметшілері оның сөздерін Саулға айтып берді. 25  Бұған Саул мынаны айтты: “Оған былай деңдер: —Патша жауларынан өш алғысы келеді, сондықтан қалыңмалдан+ гөрі жүз філістірдің сүндет терісін артық көріп отыр+”. Шындығына келгенде, Саул Дәуітті філістірлердің қолымен құртпақ еді. 26  Қызметшілер бұл сөздерді Дәуітке жеткізгенде, патшаның күйеубаласы болуға қатысты ой оған ұнады+. Сөйтіп, ол белгіленген уақыт бітпей тұрғанда, 27  жігіттерімен жорыққа аттанып, 200 філістірді өлтірді де, патшаның шарты бойынша, сүндет терілерін алып келді. Сондықтан патша оған қызы Михалды әйелдікке берді+. 28  Сонда Саул Дәуітке Ехобаның жар екенін+, әрі қызы Михалдың оны сүйетінін түсінді+. 29  Саул Дәуіттен бұрынғыдан бетер қорқып, оны өле-өлгенше жау көріп өтті+. 30  Філістір бекзадалары шабуыл жасауын қоймады. Дәуіт олармен шайқасқан сайын, Саулдың басқа қызметшілерінен әлдеқайда ақылдырақ әрекет ететін+. Осылай оның мерейі өсе берді+.

Сілтемелер