Самуилдің 1-жазбасы 24:1—22
24 Саул філістірлерді қуып тастап, қайта оралған соң, “Дәуіт Ен-Геди шөлінде жүр” деген хабар алды+.
2 Содан ол күллі Исраилден 3000 таңдаулы сарбаз жинап алып, Дәуіт пен жігіттерін тауешкілер мекендейтін жартастардың арасынан іздеуге аттанды.
3 Саул жол бойында тұрған тастан салынған қораларға жеткенде, түзге отыру үшін сондағы үңгірге кірді. Дәуіт болса жігіттерімен сол үңгірдің түкпірінде жасырынып отырған еді+.
4 Жігіттері оған: “Мінеки, Ехоба жауыңды уысыңа салып беріп отыр+. Енді оған не істесең де, өз еркің”,— деді. Сонда Дәуіт барып, Саулдың жеңсіз шапанының етегінен білдіртпей кесіп алды.
5 Бірақ бұлай істегеніне артынан жүрегі ауырып*+,
6 жігіттеріне: “Ехоба майлаған патша иеме қалай ғана бұлай істемекпін?! Ехоба бұның бетін аулақ қылсын. Ол — Ехоба майлаған патша ғой”+,— деді.
7 Осы сөздерімен жігіттерін тыйып тастап*, Саулға тап беруге жол бермеді. Ал патша үңгірден шығып, жөніне кетті.
8 Артынша Дәуіт те үңгірден шығып, Саулдың соңынан: “Патша ием!”+— деп айғайлады. Саул бұрылып қарағанда, Дәуіт жерге дейін иіліп, тағзым етті де,
9 былай деді: “Жұрттың “Дәуіт сізге қастық ойлап жүр” дегеніне неге сенесіз+?
10 Көрдіңіз бе, үңгірде болғаныңызда Ехоба сізді уысыма салып берген болатын. Қасымдағылардың бірі сізді өлтіре сал деген еді+, бірақ мен сізге жаным ашып, “иеме қол көтермеймін, өйткені ол — Ехоба майлаған патша ғой” дедім+.
11 Қараңызшы, әке, мынаны сіздің жеңсіз шапаныңыздың етегінен кесіп алдым, бірақ өзіңізді өлтірмедім. Бұдан менің сізге зияндық жасауды не бүлік шығаруды ойламағанымды біліңіз. Мен сізге қарсы күнә жасаған жоқпын+. Ал сіз менің жанымды алу үшін ізімді торып жүрсіз+.
12 Екеумізге Ехоба төрелік етсін+. Мен үшін Ехоба сізден өш алсын+, ал мен сізге қолымның ұшын да тигізбеймін+.
13 Ежелгі мәтелдердің бірінде “зұлымдықты зұлымдар жасайды” делінген ғой, сондықтан мен сізге қолымның ұшын да тигізбеймін.
14 Исраил патшасы кімге қарсы аттанды? Сіздің қуып жүргеніңіз өлген ит, жалғыз бүрге емес пе+?
15 Екеумізге Ехоба төреші болып, билікті сол айтсын. Ол ісімді өзі жүргізіп+, мені ақтап алып, сіздің қолыңыздан құтқарады”.
16 Дәуіт осыларды айтып болғанда, Саул: “Дәуіт, балам, бұл сенсің бе?”— деді де+, айғайлап жылай бастады.
17 Сосын былай деді: “Сен менен әлдеқайда әділсің: жасаған жамандығыма жақсылықпен қайтардың+.
18 Міне, маған қандай жақсылық істегеніңді айтып бердің: Ехоба мені уысыңа салып берген еді, бірақ сен мені өлтірмедің+.
19 Жауын қолына түсірген адам оны жөніне жіберуші ме еді?! Бүгін маған істеген жақсылығың үшін Ехоба қарымтаңды қайтарады+.
20 Білемін, сен патша болып+, патшалығың Исраилде мызғымастай берік орнығады.
21 Ендеше, ұрпағыңды құртып жібермеймін, әкеңнің әулетінен есіміңді өшіріп тастамаймын деп Ехобаның атымен ант ет+”.
22 Осылай Дәуіт Саулға ант берді. Бұдан кейін Саул үйіне қайтты+. Ал Дәуіт жігіттерімен бірге адам аяғы баспайтын таса жерлерге қарай өрледі+.