Самуилдің 2-жазбасы 11:1—27

  • Дәуіттің Барсабиямен азғындық жасауы (1—13)

  • Дәуіттің Ұрияны өлімге ұшырату үшін жасаған әрекеттері (14—25)

  • Дәуіттің Барсабияны әйелдікке алуы (26, 27)

11  Жылдың басында*, патшалар жорыққа аттанатын кезде, Дәуіт Жоғабты, өзінің қызметшілері мен бүкіл Исраил әскерін аммондықтарды қыруға жіберді де, олар Раббаны қоршауға алды+. Ал Дәуіттің өзі Иерусалимде қалып қойды+.  Бірде кешқұрым Дәуіт төсегінен тұрып, сарайының төбесінде әрлі-берлі жүрді. Сол жерден ол шомылып жатқан бір әйелді көрді. Әйел өте сұлу екен.  Дәуіт ол туралы сұрастыру үшін біреуді жіберіп, оның Елиямның қызы+, хеттік+ Ұрияның+ әйелі Барсабия+ екенін біліп алды.  Бұдан кейін адамдарын жіберіп, әйелді өзіне алдыртты да+, онымен жақындасты+. (Бұл уақытта әйел тазару рәсімінен өтіп жатқан болатын*+.) Сосын Барсабия үйіне қайтып кетті.  Әйел жүкті болып қалып, Дәуітке “менің аяғым ауыр” деген хабар жіберді.  Сонда Дәуіт Жоғабқа хабар жіберіп: “Хеттік Ұрияны маған жібер”,— деді. Ол Ұрияны Дәуітке жөнелтті.  Ұрия келгенде, Дәуіт одан Жоғаб пен әскердің жағдайы туралы, соғыстың қалай өтіп жатқаны жайлы сұрастырды.  Бұдан соң оған: “Үйіңе барып, тынығып демал”,— деді. Ұрия шығып кеткенде, патша артынан сыйлық* жіберді.  Бірақ Ұрия үйіне бармай, патша иесінің басқа қызметшілерімен бірге сарайдың кіреберісінде түнеп шықты. 10  Оның үйіне бармағанын естігенде, Дәуіт одан: “Жол жүріп келдің ғой, неге үйіңе бармадың?”— деп сұрады. 11  Ұрия былай жауап берді: “Келісім сандығы+, Исраил мен Яһуда әскері күркелерде тұрып, ал мырзам Жоғаб пен патша ағзамның қызметшілері даладағы қоста түнеп жүргенде, қалай үйіме барып, ішіп-жеп, әйеліммен жатпақпын+?! Сіздің алдыңызда шын айтамын*, ешқашан бұлай етпеспін!” 12  Сонда Дәуіт: “Онда бүгін де осында қал, ал ертең сені жіберемін”,— деді. Осылайша Ұрия тағы бір күн Иерусалимде қалды. 13  Дәуіт оны өзімен ішіп-жеуге шақырып алып, мас болғанша ішкізді. Бірақ кешке ол бәрібір үйіне бармай, патшаның қызметшілерімен бірге түнеді. 14  Таңертең Дәуіт Жоғабқа хат жазып, оны Ұрия арқылы беріп жіберді. 15  Хатында ол: “Ұрияны шайқастың қызып тұрған алдыңғы шебіне қойыңдар да, өздерің кері шегініп, оны өлімге қалдырыңдар”,— деп жазды+. 16  Содан Жоғаб қаланы мұқият бақылауға алып, жаудың мықты сарбаздары орналасқан жерге Ұрияны қойды. 17  Қала тұрғындары шығып, Жоғабпен соғысқанда, Дәуіттің бірнеше адамы қаза тапты, араларында хеттік Ұрия да болды+. 18  Жоғаб шайқастың мән-жайы туралы Дәуітке хабар жіберді. 19  Ол шабарманға былай деп тапсырды: “Патшаға шайқастың мән-жайын айтқан соң, 20  ол ашуланып, “Неге қалаға сонша жақындадыңдар? Садақшылардың қабырғадан оқ жаудыратынын білмедіңдер ме? 21  Ерубесеттің*+ ұлы Әбумәлікті кім өлтіргенін+ білесіңдер ғой: Тебес қаласында бір әйел оның үстіне диірмен тасын тастап жіберіп, өлім құштырды емес пе?! Неге қала қабырғасына тым жақындадыңдар?” десе, “Қызметшіңіз хеттік Ұрия да қаза болды” дерсің”. 22  Шабарман келіп, Дәуітке Жоғабтың сөзін бірін қалдырмай айтып берді. 23  Сосын: “Жаудың күші басым екен, сондықтан бізбен шайқасуға далаға шықты. Бірақ біз оларды қала қақпасына дейін тықсыра түстік. 24  Сонда садақшылары қабырғадан оқ жаудырып, патша иемнің біраз қызметшілері қаза тапты. Қызметшіңіз хеттік Ұрия да мерт болды+”,— деп қосты. 25  Дәуіт былай деді: “Жоғабты мына сөздермен жігерлендір: —Бұған көңілің түспесін, соғыс болған соң шығын болмай қоймайды. Шайқасты күшейте түсіп, қаланы күйрет+”. 26  Ұрияның әйелі күйеуінің қаза болғанын естіп, аза тұтты. 27  Жоқтау мерзімі өте салысымен, Дәуіт оны үйіне алдыртты. Ол Дәуіттің әйелі болып+, бір ұл туды. Бірақ Дәуіттің бұл ісі Ехобаның көз алдында барып тұрған жексұрындық еді+.

Сілтемелер

Яғни көктемде.
Етеккір кезіндегі тазару рәсімі жөнінде айтылып тұрса керек.
Немесе “патша үлесі”. Яғни қожайынның сыйлы қонаққа жіберетін үлесі.
Немесе “Сіздің тірі екеніңіздей хақ сөзім”.