Самуилдің 2-жазбасы 13:1—39

  • Амнонның Тамарды зорлауы (1—22)

  • Абессаломның Амнонды өлтіруі (23—33)

  • Абессаломның Гесурге қашуы (34—39)

13  Дәуіттің Амнон деген ұлы+ қандас бауыры Абессаломның қарындасы Тамар+ сұлуға ғашық болып қалды.  Амнон Тамарды ойлап, құса болып ауырып қалды. Өйткені Тамар пәк қыз болғандықтан, оған қатысты ойын жүзеге асыру Амнонға мүмкін еместей көрінді.  Оның Ехонадаб+ деген өте қу досы болатын. Ол Дәуіттің бауыры Шимахтың+ ұлы еді.  Досы Амноннан: “Айтшы, неге патша баласы үнемі мұңайып жүреді?”— деп сұрады. Ол: “Мен бауырым Абессаломның қарындасы Тамарға ғашықпын+,— дегенде,  досы мынадай кеңес берді: —Сен ауырғансып төсегіңде жат. Әкең көңіл сұрап келгенде, былай де: “Қарындасым Тамар келіп, маған тамақ берсінші. Көз алдымда науқасқа берілетін ас пісіріп берсе, өз қолынан жер едім”.  Содан Амнон ауырғансып жатып қалды. Әкесі келіп, көңіл сұрағанда, ол: “Қарындасым Тамар келіп, менің көзімше жүрек пішіндес екі шелпек пісіріп берсінші, оның қолынан тамақ жейін”,— деп өтінді.  Дәуіт Тамардың үйіне “Ағаң Амнонның үйіне барып, тамақ пісіріп бере қойшы” деген хабар жіберді.  Тамар төсекте жатқан ағасының үйіне барды да, қамыр илеп, ағасының көзінше шелпек пісірді.  Сосын шелпекті қазаннан алып, оның алдына қойды. Бірақ Амнон одан ауыз тимей: “Бәрің бұл жерден кетіңдер!”— деді. Барлығы шығып кетті. 10  Бұдан кейін Тамарға: “Тамақты жатын бөлмеге апар, өз қолыңнан жейін”,— деді. Ол пісірген жүрек пішіндес шелпектерін ағасы Амнонның жатын бөлмесіне алып барды. 11  Жегізейін деп қасына жақындағанда, Амнон оны шап беріп ұстап алып: “Қарындасым, кел, менімен жат”,— деді. 12  Бірақ Тамар: “Жоқ, аға! Мені масқаралай көрме! Исраилде бұлай етпейді+, мұндай сорақы қылық жасама+! 13  Мұндай масқаралықпен қалай өмір сүремін? Сені де Исраилде жексұрын көретін болады. Одан да патшамен сөйлесіп көрші, ол мені саған беруге қарсы болмайды”,— деді. 14  Бірақ Амнон оның сөзін құлағына да ілмей, күштірек болғандықтан, қызды зорлап, масқара етті. 15  Бұдан кейін оны қатты жек көріп кетті. Оның жеккөрініші оған деген махаббатынан да күшті болды. Сондықтан оған: “Тұр, жоғал бұл жерден!”— деді. 16  Тамар болса: “Жоқ, аға, олай ете көрме! Мені қуғаның бұған дейін істеген қылығыңнан да жаман ғой”,— деді. Бірақ ол тыңдағысы келмеді. 17  Амнон бір қызметші жігітті шақырып: “Мынаны сыртқа шығарып жібер де, есікті іліп қой”,— деді. 18  (Тамар үстіне патшаның тұрмыс құрмаған қыздары киетін ерекше* көйлек киген еді.) Қызметшісі Тамарды шығарып жіберіп, есікті іліп қойды. 19  Тамар басына күл сеуіп+, көйлегінің өңірін жыртты да, екі қолын төбесіне қойып, ботадай боздаған күйі кете барды. 20  Ағасы Абессалом+ оған: “Мұны істеген ағаң Амнон ғой, солай ма?! Қарындасым, бұл жайлы ешкімге тіс жарма. Ол сенің ағаң+, енді бұны ойлап, жүрегің қан жыламасын”,— деді. Осылай Тамар жұрттан оқшау, ағасы Абессаломның үйінде тұрып жатты. 21  Дәуіт патша қызымен болған жайтты естігенде, қатты ашуланды+. Бірақ Амнон оның тұңғыш ұлы еді, әрі ол оны жақсы көретін. Сондықтан Дәуіт оның сезімін жаралағысы келмеді. 22  Абессалом болса бауыры Амнонға ләм-мим деп жаман да, жақсы да сөз айтпады. Бірақ қарындасы Тамарды масқаралағаны үшін+ Амнонды жек көріп кетті+. 23  Екі жылдан кейін Абессалом Ефрем өңіріндегі+ Бағал-Хазорда қойларын қырықты. Ол қырықтыққа патша ұлдарының бәрін шақырды+. 24  Абессалом патшаға келіп: “Қызметшіңіз қой қырқып жатыр. Патша ием қызметшілерімен бірге маған еріп барса екен”,— деп өтінді. 25  Дәуіт болса: “Жоқ, балам! Бәріміз барып, саған ауыртпалық салмайық”,— деп, Абессалом қанша сұраса да көнбеді, бірақ батасын берді. 26  Сонда Абессалом: “Өзіңіз бармасаңыз, бізбен Амнон барсыншы,— деп еді+, патша: —Ол сенімен барып не қылады?”— деп сұрады. 27  Бірақ Абессалом өтініп қоймады, сондықтан патша Амнонды да, қалған ұлдарының бәрін де жіберді. 28  Абессалом қызметшілеріне былай деді: “Мұқият бақылап отырыңдар. Амнон шарап ішіп, қызып алғанда, мен сендерге: —Амнонды сұлатып салыңдар!— деймін. Сол кезде оны өлтіріңдер. Еш қорықпаңдар, бұл — менің бұйрығым. Берік те батыл болыңдар!” 29  Қызметшілері Абессаломның айтқанын екі етпей орындады. Мұны көргенде, патшаның қалған ұлдары тұра сала, қашырларына қарғып мініп, қаша жөнелді. 30  Олар әлі жолда келе жатқанда, Дәуітке “Абессалом патша ұлдарын бірін қалдырмай қырып салыпты!” деген хабар жетті. 31  Бұны естіген патша орнынан тұрды да, киімінің өңірін жыртып, жерге жығыла кетті. Қызметшілері де киімдерінің өңірін жыртқан күйі оның қасында тұрды. 32  Бірақ Дәуіттің ағасы Шимахтың+ ұлы Ехонадаб+ былай деді: “Тақсыр ием патша ұлдарының бәрі қаза болды деп ойламасын, тек Амнон өлді+. Мұны істеуді бұйырған — Абессалом+. Амнон қарындасы Тамарды масқаралаған+ кезде-ақ, Абессалом оны өлтіруді шешіп қойған. 33  Тақсыр ием “патшаның ұлдарының бәрі қаза болды” деген сөзге сенбесін. Өлген — жалғыз Амнон ғана”. 34  Сол екі арада Абессалом қашып кетті+. Біраздан соң күзетші жігіт арт жағындағы тау беткейінде жатқан жолмен көп адамның келе жатқанын көрді. 35  Сонда Ехонадаб+ патшаға: “Қараңыз, патша ұлдары келе жатыр. Қызметшіңіздің айтқаны тура келді”,— деді. 36  Ол осыны айтып бола бергенде, патша ұлдары кіріп келді. Олар дауыс салып жылады, оларға қосылып патша да, қасындағы қызметшілерінің бәрі де еңіреп қоя берді. 37  Абессалом болса Гесур патшасы Әмихуд ұлы Талмайға+ қашып кетті. Ал Дәуіт ұзақ уақыт бойы ұлы Амнонды жоқтап жүрді. 38  Абессалом қашып барған Гесур жерінде+ үш жыл тұрды. 39  Күндердің күнінде Дәуіт жұбаныш тауып, өлген баласы Амнонды жоқтауын қойды. Ол енді Абессаломды сағына бастады.

Сілтемелер

Немесе “өрнектелген”.