Самуилдің 2-жазбасы 17:1—29

  • Хушайдың Ахитопелдің кеңесін жоққа шығаруы (1—14)

  • Дәуіттің хабар алып, Абессаломнан құтылып кетуі (15—29)

    • Барзилай мен өзгелердің азық-түлік әкелуі (27—29)

17  Ахитопел Абессаломға мынаны айтты: “Рұқсат етсең, 12 000 адам таңдап алып, бүгін түнде Дәуіттің соңына түсейін.  Мен оған шаршап-шалдығып тұрғанында+ бас салып, дүрбелеңге түсіремін. Сонда қасындағылардың бәрі бытырап кетеді де, жалғыз қалған патшаны өлтіріп+,  күллі жұртты өзіңе қайтарамын. Сен іздеп жүрген адамның көзі құрыған соң, бүкіл жұрт өзіңе оралып, тыныштық орнайды”.  Ахитопелдің ұсынысы Абессаломға да, Исраилдің барлық ақсақалдарына да ұнады.  Әйтсе де Абессалом: “Архилік Хушайды+ да шақырыңдаршы, ол не дер екен”,— деді.  Хушай келгенде, Абессалом оған: “Ахитопел былай деді. Сөйтейік пе? Олай етпе десең, не істеу керектігін сен айт”,— деп ұсынды.  Ол болса: “Бұл жолы Ахитопел жақсы кеңес бермепті”,— деді+.  Сосын мынаны айтты: “Сен әкеңнің де, қасындағы адамдарының да мықты кісілер екенін жақсы білесің+. Оның үстіне, олар қонжықтарынан айырылған аюдай қатты ашынған+. Ал әкең болса нағыз жауынгер+, ол жұртпен бірге түнемейді.  Қазір ол үңгірде не басқа бір жерде жасырынып жатыр+. Егер ол бірінші болып шабуылдаса, мұны естігендер “Абессаломға ергендер жеңіліп қалды!” дейтін болады. 10  Сонда тіпті арыстан жүректі мықты сарбаздың+ өзі қорқып, жүні жығылады. Себебі бүкіл Исраил әкеңнің майталман сарбаз+, ал қасындағылардың жаужүрек екенін жақсы біледі. 11  Менің берер кеңесім — Даннан Бер-Шебаға дейінгі Исраил халқы+ құм қиыршықтарындай көп+ болып қасыңа жиналсын. Оларды шайқасқа өзің бастап бар. 12  Біз жерге түскен шықтай қаптап, оған жасырынып жатқан жерінде тап береміз. Сөйтіп, бірде-бірін қалдырмай, өзін де, адамдарын да қырып саламыз. 13  Ал егер қалалардың біріне жасырынып қалса, күллі Исраил сол жерге арқандарын әкеледі. Біз ол қаланы бірде-бір тасын қалдырмай аңғарға сүйреп апарып тастаймыз”. 14  Сонда Абессалом да, барлық исраилдіктер де: “Архилік Хушайдың кеңесі Ахитопелдікінен жақсы”+,— деді. Өйткені Ехоба Ахитопелдің жақсы кеңесін іске асырмауды шешкен еді+. Ехоба мұны Абессаломды пәлеге душар ету үшін істеді+. 15  Кейінірек Хушай діни қызметкерлер Садық пен Әбиятарға+ мынаны айтты: “Ахитопел Абессалом мен ақсақалдарға мынадай кеңес берді, ал мен былай дедім. 16  Енді дереу Дәуітке барып, “бүгін шөлдегі өткелдерде* түнемей, өзеннің арғы бетіне өт, әйтпесе өзің де, адамдарың да опат боласыңдар” деген хабарымды жеткізіңдер+”. 17  Бұл кезде Жонатан+ мен Ахимағас+ Ен-Рогел+ маңында еді. Бір қызметші әйел екеуіне хабар әкелді де, олар оны Дәуіт патшаға жеткізу үшін жолға шықты. Біреу-міреу танып қояр деп екеуі қалаға кірмеді. 18  Бірақ оларды бір жігіт байқап қалып, мұны Абессаломға жеткізді. Жонатан мен Ахимағас тездетіп сол жерден кетіп, Бахуримдегі+ бір кісінің үйіне келді. Оның есік алдында құдық бар екен, екеуі соған түсіп, жасырынып қалды. 19  Әлгі кісінің әйелі құдықтың бетін төсенішпен жауып, үстіне түк білінбейтіндей етіп жарма сеуіп тастады. 20  Абессаломның қызметшілері келіп, одан: “Ахимағас пен Жонатан қайда?— деп сұрағанда, әйел: —Олар өзенге қарай кетті”,— деп жауап берді+. Қызметшілер екеуін іздеп таппаған соң, Иерусалимге қайтып кетті. 21  Олар кеткен соң, Ахимағас пен Жонатан құдықтан шығып, Дәуітті хабардар ету үшін жол тартты. Екеуі патшаға келіп: “Бәріңіз жиналып, жылдам өзеннің арғы бетіне өтіңіздер. Өйткені Ахитопел сіздер туралы осылай да осылай деп кеңес беріпті”,— деді+. 22  Сонда Дәуіт пен қасындағы күллі халық орындарынан тұра сала, Иорданнан өте бастады. Таң атқанша бірде-біреуі қалмай, өзеннің арғы бетіне өтіп алды. 23  Ахитопел болса кеңесінің елеусіз қалғанын көріп, есегіне мінді де, туған қаласындағы үйіне қарай тартты+. Келген соң, үй ішіндегілерге нұсқаулар берді+. Сосын өзі асылып өлді+. Оның сүйегі ата-бабаларының қабіріне қойылды. 24  Осы екі арада Дәуіт Маханаимге+ келді. Абессалом да бүкіл Исраил халқымен Иорданнан өтті. 25  Абессалом Жоғабтың+ орнына қолбасшы етіп Ғамасаны+ қойған болатын. Ол Нахаштың қызы Әбигелмен жақындасқан Иетра* деген исраилдіктің ұлы еді+. Ал Әбигел Жоғабтың шешесі Сарұяның сіңлісі болатын. 26  Исраилдіктер мен Абессалом Ғалақат+ жеріне қос тікті. 27  Дәуіт Маханаимге жеткенде, аммондықтардың жеріндегі Раббадан+ Нахаштың ұлы Шоби, Лодебардан Әмиелдің ұлы Махир+ және Рогелимнен ғалақаттық Барзилай+ 28  оған төсек-орын, шылапшындар мен қыш ыдыстар әкелді. Олар тағы арпа-бидай, ұн, қуырылған дән, лобия, жасымық, кептірілген дән, 29  бал, сарымай, ірімшік және ұсақ мал әкелді. Олар: “Шөл далада жүріп, халық әбден ашығып, шаршап-шалдығып, шөлдеді ғой”,— деп, мұның бәрін Дәуіт пен қасындағы жұртқа берді+.

Сілтемелер

Мүмкін: “елсіз жазықтарда”.
Иетра Әбигелдің күйеуі болса керек.