Самуилдің 2-жазбасы 19:1—43

  • Дәуіттің Абессаломды жоқтауы (1—4)

  • Жоғабтың Дәуітті түзетуі (5—8а)

  • Дәуіттің Иерусалимге оралуы (8ә—15)

  • Шимейдің кешірім сұрауы (16—23)

  • Мепібошеттің кінәсі жоқ екенін айтуы (24—30)

  • Барзилайға көрсетілген құрмет (31—40)

  • Исраил руларының дауласуы (41—43)

19  Біраз уақыт өткенде Жоғабқа “патша көз жасын төгіп, Абессаломды жоқтап жатыр” деген хабар жетті+.  Халық Дәуіттің өлген ұлын жоқтап қайғырып жатқанын естігенде, жеңіс күні қаралы күнге айналды.  Жұрт соғыс алаңынан қашып масқара болған сарбаздардай, қалаға ұрланып кіре бастады+.  Патша болса бетін жауып алып: “Ұлым, Абессалом! Абессалом, ұлым-ай, ұлым!”— деп дауыстап жылаумен болды+.  Сонда Жоғаб патшаның үйіне келіп, былай деді: “Бүгін сен өзіңнің де, ұл-қыздарыңның да+, әйелдерің мен кәнизактарыңның да+ жанын аман алып қалған барлық қызметшілеріңді қарабет қылдың.  Сен өзіңді жек көретіндерді жақсы көріп, жақсы көретіндерді жек көресің. Бүгін басшыларың мен қызметшілеріңнің өзің үшін түкке тұрғысыз екенін көрсеттің. Саған Абессалом аман қалып, бәріміздің қырылып қалғанымыз артық еді! Бүгін соған көзім жетті.  Ал енді тұр да, сыртқа шығып, қызметшілеріңнің рухын көтер. Ехобаның атымен ант етемін: олай етпесең, бүгін түнде қасыңда ешкім қалмайды. Сонда бұл балалық шағыңнан осы күнге дейін көрген азаптарыңның ең ауыры болмақ!”  Сонда патша орнынан тұрып, қала қақпасының алдына барып отырды. Жұртқа “патша қақпа алдында отыр” деген хабар жеткенде, барлығы оның алдына келді. Ал Абессаломның жағына шыққан исраилдіктер үйді-үйіне қашып кеткен еді+.  Исраилдің күллі руының адамдары өзара айтысып, былай десіп жатты: “Патшамыз бізді жауларымыздан құтқарып+, філістірлердің езгісінен азат еткен еді. Бірақ енді Абессаломнан бассауғалап, елден қашып кетті+. 10  Ал өзімізге патша етіп тағайындаған Абессалом+ болса шайқаста қаза тапты+. Ендеше патшамызды қайтармай, неге қол қусырып отырмыз?” 11  Дәуіт патша діни қызметкерлер Садық+ пен Әбиятарға+ мынадай хабар жіберді: “Яһуда ақсақалдарына+ былай деңдер: “Неге патшаны үйіне қайтаруды кешеуілдетіп жатырсыздар? Күллі Исраил арасында бұл жайлы айтылып жатқан әңгіме патша мен оның үй ішіндегілеріне де жетті. 12  Сіздер менің бауырларым, қандастарым* емессіздер ме?! Ендеше неге патшаны кері қайтармай, кешеуілдетіп отырсыздар?” 13  Ал Ғамасаға+ мынаны айтыңдар: “Сен менің бауырымсың* ғой. Жоғабтың орнына сені бүгіннен бастап қолбасшы етіп қоймасам, Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын+!” 14  Осы сөздерімен Дәуіт күллі яһудалықтардың жүрегін жаулап алды. Сонда жұрт патшаға “өзіңіз де, күллі қызметшілеріңіз де қалаға оралыңыздар” деген хабар жолдады. 15  Содан патша жолға шығып, Иорданға келіп жетті. Ал яһудалықтар оны күтіп алып, өзеннен өткізу үшін Ғылғалға+ жиналды. 16  Бахуримде тұратын бенияминдік Гера ұлы Шимей+ де асыға жолға шығып, яһудалықтармен бірге патшаны қарсы алу үшін төмен түсті. 17  Оған 1000 бенияминдік кісі еріп келді. Саулдың үйінде қызметші болған Сиба+ да 15 ұлы мен 20 қызметшісін алып, Шимеймен бірге Иорданға патшадан бұрын жетті. 18  Ол* патшаның үй ішін өзеннен өткізіп, оның барлық қалауын орындау үшін өткелден өтті. Ал Гера ұлы Шимей болса патша Иорданнан өткелі жатқанда, алдына жығыла кетіп, 19  былай деді: “Патша ағзам кінәмді мойныма арта көрмесін. Тақсыр ием Иерусалимнен кетіп бара жатқан күні қызметшісінің жасаған жамандығын есіне түсіре көрмесін+. Патша оны көңіліне алмаса екен. 20  Қызметшіңіз күнә жасағанын өзі де біледі. Сондықтан бүгін патша иемді қарсы алу үшін бүкіл Жүсіп әулетінің ішінен бірінші болып келіп отырмын”. 21  Сол кезде Сарұяның ұлы+ Әбісай+: “Ехоба майлаған патшаны қарғағаны үшін Шимейді өлтіру керек емес пе?!”+— деді. 22  Бірақ Дәуіт: “Сарұяның ұлдары, неге менің шаруама араласып+, маған қарсы шығасыңдар? Бүгін Исраилде кісі өлтіретін күн бе? Мен бүгін Исраилге қайтадан патша болдым емес пе?!”— деді. 23  Сосын Шимейге: “Сен өлмейсің!”— деп ант етті+. 24  Патшаны қарсы алуға Саулдың немересі Мепібошет+ те келді. Ол патша кеткен күннен бастап, аман-есен қайтып келгенге дейін сақал-мұртына қарамады, аяғын да, киімін де жумаған еді. 25  Мепібошет Иерусалимге* патшаның алдына келгенде, патша одан: “Мепібошет, неге менімен бірге кетпедің?”— деп сұрады. 26  Ол былай деп жауап берді: “Тақсыр ием, қызметшіңіздің аяғы майып болып қалғанын білесіз ғой+. Мен қызметшім Сибаға+ “есегімді ерттеп әкел, патшама ілесіп барайын” деген едім, бірақ ол мені алдап кетті. 27  Ал патша ағзамның алдында маған жала жауыпты+. Бірақ патша ием шынайы Құдайдың періштесі сияқты, сондықтан не істесе де өз еркі. 28  Себебі әкемнің әулеті патша иемнің алдында өлімнен басқаға лайық емес еді. Бірақ патшам маған өз дастарқанынан орын берді+. Олай болса, алдыңызда бірдеңе талап етуге құқым бар ма?!” 29  Алайда патша: “Бұл әңгімені доғарайық. Менің кесімім мынау: Сиба екеуің танапты бөліп аласыңдар+!”— деді. 30  Мепібошет: “Ол бәрін де өзіне ала берсін, патша ием үйіне аман-есен оралды ғой”,— деп жауап берді. 31  Ғалақаттық Барзилай+ да патшаны Иорданға дейін шығарып салуға Рогелимнен ылдилап келді. 32  Ол 80 жасқа келген қарт кісі еді. Патша Маханаимде жүрген кезде, Барзилай оны ас-сумен қамтамасыз етіп тұрды+, өйткені ол аса дәулетті болатын. 33  Патша оған: “Менімен бірге жүріңіз. Сізді Иерусалимде өз қарамағыма алып, ас-сумен қамтамасыз етіп отырайын”+,— деді. 34  Бірақ ол мынаны айтты: “Азғана ғұмырым қалғанда, патшамен Иерусалимге барып қайтемін? 35  Жасым болса 80-ге келіп қалды+. Жағымды мен жағымсызды да, әншілердің+ даусын да айырудан қалғанмын. Ішіп-жеген астың да дәмін сезбеймін. Сондықтан патша иеме ауыртпалық болмай-ақ қояйын. 36  Қызметшіңе патшаны Иорданға дейін шығарып салғанының өзі де жеткілікті. Неге патшам сол үшін маған осыншама сый көрсету керек? 37  Қызметшіңе кері қайтуға рұқсат ете көр: әке-шешемнің қабірінен алыстамай, өз қалама барып өлейін+. Ал мынау — қызметшің Кимхам+. Тақсыр иеммен арғы бетке сол өтсін. Оған не істеймін десең, өз еркің”. 38  Патша бұған: “Жарайды, менімен Кимхам өтсін. Оған сіз дұрыс деп тапқанды істейін. Не қаласаңыз, бәрін орындаймын”,— деді. 39  Содан күллі жұрт Иорданнан өте бастады. Патша өзеннен өтерде, Барзилайдың бетінен сүйіп+, батасын берді де, ол үйіне қайтып кетті. 40  Патша өзеннен өтіп, Ғылғалға+ бет алғанда, Кимхам да бірге өтті. Сондай-ақ оның қасында күллі яһудалықтар және исраилдіктердің жартысы болды+. 41  Сонда барлық исраилдіктер патшаға келіп: “Неге бауырларымыз яһудалықтар сізді ұрлап әкетіп, патшамызды, үй іші мен барлық адамдарын Иорданнан өздері өткізді?”— деп наразылық білдірді+. 42  Бұған яһудалықтар: “Өйткені патша — біздің ет жақын туысымыз+. Мұның несіне ашуланасыңдар? Әлде оның бірдеңесін жеп қойды не одан сыйлық алды дейсіңдер ме?”— деп жауап берді. 43  Сонда исраилдіктер мынаны айтты: “Біз патшалықтың он бөлігін құраймыз, сондықтан Дәуітке қатысты құқымыз сендердікінен он есе көп. Ендеше неге бізді менсінбедіңдер? Патшаны кері қайтару біздің жолымыз еді ғой?” Алайда оларға қарағанда, яһудалықтар қатты-қатты сөйледі.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “сүйегім мен етім”.
Сөзбе-сөз “сүйегім мен етімсің”.
Мүмкін: “олар”.
Мүмкін: “Иерусалимнен”.