Самуилдің 2-жазбасы 22:1—51

  • Құтқарғаны үшін Дәуіттің Құдайды мадақтауы (1—51)

    • “Ехоба — асқар тауым” (2)

    • Ехоба адал адамға адалдық танытады (26)

22  Ехоба Дәуітті күллі жауларынан және Саулдың қолынан құтқарған күні+ ол Ехоба Құдайына былай деп жырлады+:   “Ехоба — асқар тауым әрі қорғаным+, менің Құтқарушым+.   Құдайым — пана табар жартасым+,Менің қалқаным+, құтқарушы мүйізім*, қауіпсіз панам+,Құтқарушым+ әрі баспанам+.Сен мені зорлық-зомбылықтан сақтайсың.   Мадаққа лайық Ехобаға сиынамын,Сонда жауларымнан құтқарыламын.   Мені өлім толқындары қоршады+,Оңбаған адамдар екпінді тасқындай зәремді алды+.   Көрдің* арқаны мені матады+,Өлім маған тұзақ құрды+.   Бойымды қайғы меңдегенде, Ехобаға жүгіндім+,Құдайыма үздіксіз сиындым. Киелі шатырынан ол үнімді естіді,Зарлаған даусым құлағына жетті+.   Жер шайқалды, дүмпіді+,Көктің іргесі де дірілдеді+,Себебі Құдай қаһарына мінді+.   Мұрнынан түтін будақтап, аузынан жойқын от лаулады+,Тұла бойынан қызған шоқ атқылады. 10  Құдай көкті иіп, төмен түсті+,Аяғының астына қара бұлт үйірді+. 11  Ол керубке мініп+, ұшып келді, Рухтың* қанатынан көрінді+. 12  Ол түнекке оранды,Айналасына жаңбырлы қара бұлт үйірді, Өзіне оны шатыр етті+. 13  Алдындағы жарықтан қызған шоқ шашырады. 14  Көктен Ехоба күн күркіретті+,Құдай Тағала даусын гүрілдетті+. 15  Жебе атқылап+, жауларын жан-жаққа бытыратты,Найзағай ойнатып, әбден абдыратты+. 16  Ехобаның сөгісінен, танауының екпінді лебінен+Теңіз түбі көрінді+,Жердің негіздері жалаңаштанды. 17  Ол көктен қолын созды,Мені ұстап, терең судан шығарып алды+. 18  Күші басым жауымнан,Мені жек көретін мықты дұшпандарымнан құтқарды+. 19  Бақытсыздыққа ұшырағанымда, олар қарсы шығып еді+,Бірақ Ехоба маған тірек болды. 20  Ол мені қауіпсіз жерге әкелді+,Маған көңілі толғандықтан азат етті+. 21  Ехоба әділдігіме қарай қарымтамды қайтарды+,Кінәратсыздығыма қарай есемді берді+. 22  Себебі мен Ехобаның жолымен жүрдім,Құдайымнан безіп, зұлымдық та жасамадым. 23  Қайта, барлық шешімдері+ көз алдымда,Бас тартпаймын жарлықтарынан да+. 24  Оның алдында мінсіздігімді сақтаймын+,Заңсыздық атаулыдан аулақ боламын+. 25  Лайым Ехоба әділдігіме қарай қарымтамды берсін+,Алдында кінәратсыз жүргеніме қарай есемді қайтарсын+. 26  Сен адал адамға адалдық танытасың+,Мінсіз жанның мінсіздігіне қарай әрекет қыласың+. 27  Жүрегі таза адамға таза екеніңді көрсетесің+,Арамзаға тапқырлығыңды паш етесің*+. 28  Кішіпейіл жанды аман сақтайсың+,Ал тәкаппарларға жаратпай қарап, көкірегін басасың+. 29  Өйткені, Ехоба, сен менің шам-шырағымсың+,Уа, Ехоба, түнегімді де өзің жарқыратасың+. 30  Сенің көмегіңмен бір топ қарақшыға да қарсы тұрамын,Құдайымның күшімен дуалға да шығамын+. 31  Шынайы Құдайдың жолы кемелді+,Сөзі де Ехобаның саф таза+. Ол — өзін паналағандар үшін қалқан+. 32  Ехобадан басқа Құдай бар ма+?! Құдайымыздан басқа жартас бар ма+?! 33  Шынайы Құдай — мызғымас қамалым+,Ол жолымды түзулеп, мінсіз қылады+. 34  Аяғымды маралдікіндей жүйрік етеді,Биік жерлерге нық тұрғызады+. 35  Қолымды үйретеді шайқасуға,Сонда ие аламын мыс садақты да. 36  Сен мені қалқан боп құтқарасың,Кішіпейілділігің мерейімді өсіреді+. 37  Қадам басар жолымды кеңейтесің,Аяғым еш таймайды+. 38  Жауларымның соңына түсіп, көзін құртамын,Оларды түгел жоймай қайтпаймын. 39  Енді қайтып бас көтермейтіндей етіп көздерін құртамын, талқандаймын+.Оларды аяғымның астына жығамын. 40  Сен маған шайқасуға күш сыйлайсың+,Дұшпандарымды аяғымның астына жығасың+. 41  Жауларымды қашуға мәжбүр етесің*+,Сонда өзімді жек көретіндердің үнін өшіремін+. 42  Олар көмек сұрап айғайлайды, бірақ ешкім құтқармайды,Тіпті Ехобаға жалбарынады, бірақ одан еш жауап алмайды+. 43  Мен оларды жердің тозаңындай ұнтақтаймын,Көшедегі балшықтай езгілеймін, жермен-жексен етіп мылжалаймын. 44  Сен мені кінәлатып қоймайсың өз халқыма+, Аман сақтайсың басшы ету үшін ұлттарға+,Маған қызмет етеді өзім білмеген халық та+. 45  Жатжерліктер маған келіп жағымпазданады+,Сөзіме құлақ асып, мойынсұнады. 46  Жатжерліктер батылдықтан жұрдай болады,Дірілдеп қамалдарынан шығады. 47  Ехоба — тірі Құдай! Жартасым мадақталсын+! Құдайым, құтқарушы Жартасым, даңқталсын+! 48  Шынайы Құдай мен үшін кек алады+,Халықтарды маған бағындырады+, 49  Ол жауларымнан құтқарады. Уа, Құдай, маған шабуылдағандардан сен мені жоғары қоясың+,Зұлым адамнан аман сақтап қаласың+. 50  Сондықтан, уа, Ехоба, өзіңді ұлттар арасында мадақтайын+,Атыңды әнге қосып даңқтайын+: 51  Ол өзі тағайындаған патша үшін зор кереметтер жасайды+,Өз майланғанын, Дәуіт пен оның ұрпағын,Айнымас сүйіспеншілігінен еш айырмайды+”.

Сілтемелер

Еврейше “шеол”. Түсіндірмені қараңыз.
Немесе “желдің”.
Мүмкін: “Арамзаны адастырасың”.
Сөзбе-сөз “Жауларымның желкесін көрсетесің”.