Самуилдің 2-жазбасы 24:1—25

  • Дәуіттің санақ жүргізіп күнә жасауы (1—14)

  • Індеттен 70 000 адамның қырылуы (15—17)

  • Дәуіттің құрбандық орнын жасауы (18—25)

    • “Тегін алынғанды құрбандыққа шалмаймын” (24)

24  Ехоба исраилдіктерге тағы да қаһарланды+. Себебі біреу* Дәуітті халыққа қарсы әрекет етуге түрткілеп: “Бар да, Исраил мен Яһуданы санақтан өткіз”+,— деген еді+.  Сонда Дәуіт қарамағындағы әскербасы Жоғабқа+: “Барып, Даннан Бер-Шебаға дейін күллі Исраил руларын+ аралап, халықты санақтан өткізіп келші. Халықтың санын біліп алайын”,— деп тапсырды.  Бірақ Жоғаб: “Құдайың Ехоба халықтың санын жүз есе көбейтіп, патша ағзам соны өз көзімен көрсін. Бірақ неге тақсыр ием мұндай іске барғысы келіп отыр?”— деп жауап берді.  Алайда Жоғаб пен жасақ басшыларынан патшаның сөзі үстем болып, оның айтқанына көнді. Олар патшадан шығып, Исраил елін санақтан өткізуге кетті+.  Санақшылар Иорданнан өтіп, аңғардың ортасында орналасқан қаланың оң жағындағы Арогер+ қаласының маңына келіп қос тікті. Сосын ғадтықтардың жеріне, ал одан Жазерге+ қарай беттеп,  Ғалақат+ пен Тахтим-Ходши еліне, ол жерден Дан-Яғанға келді, бұдан кейін айналып Сидонға+ барды.  Ол жерден Тир+ қорғаны мен хевтіктер+ мен қанахандықтардың күллі қалалары арқылы өтіп, ақырында Яһуда жеріне, Негевтегі+ Бер-Шебаға+ жетті.  Осылай бүкіл елді кезіп, 9 ай 20 күннен кейін Иерусалимге қайтып келді.  Жоғаб патшаға халық санағының қорытындысын табыстады: Исраилде 800 000, ал Яһудада 500 000 семсер ұстауға жарамды ер-азамат бар екен+. 10  Халықты санап шыққаннан кейін, Дәуіт қатты өкініп, жүрегі ауырды*+. Сондықтан Ехобаға: “Осындай іске барып, мен үлкен күнәға баттым+. Енді, Ехоба, қызметшіңнің күнәсін кешіре көр+. Мен барып тұрған ақымақтық жасадым”,— деп дұға етті+. 11  Ертеңіне Дәуіт оянғанда, аяндар алатын Ғад+ пайғамбарға Ехобадан мынадай хабар келді: 12  “Дәуітке барып, хабарымды жеткіз. Ехоба мынаны айтады: —Мен саған үш жаза ұсынамын. Қайсысын таңдасаң, соны қолданамын”+. 13  Сонымен, Ғад пайғамбар патшаға келіп: “Қайсысын таңдайсың: еліңе жеті жыл аштық жайлағанын ба+, не үш ай соңыңа түскен жауларыңнан қашып жүруді ме+? Әлде еліңнің үш күн індетке шалдыққанын ба+? Жақсылап ойланып, мені жіберген Құдайға не жауап берейін, соны айт”,— деді. 14  Дәуіт оған: “Қатты қиналып тұрмын! Бірақ адамның қолына түскенше+, Ехобаның қолына түскеніміз жақсы+, өйткені оның мейірімі мол+”,— деп жауап берді. 15  Сонда Ехоба таңертеңнен белгіленген уақытқа дейін Исраил еліне індет жайлатты+. Даннан Бер-Шебаға дейін+ 70 000 адам қаза болды+. 16  Жазаны жүзеге асырып жатқан періште Иерусалимге қарай қолын созып, оны құртпақ болғанда, Ехоба халқын пәлеге ұшыратқанына өкініп+, әлгі періштеге: “Жетер! Енді қолыңды түсір!”— деді. Бұл кезде Ехобаның періштесі ебустік+ Араунаның+ қырманына жақындап қалған еді. 17  Дәуіт халықты қырып келе жатқан періштені көргенде, Ехобаға: “Күнәға батқан да, қателік жасаған да мен ғой, ал мына қойлардың+ жазығы не? Сондықтан мені және әкемнің әулетін жазалай көр”,— деді+. 18  Сол күні Дәуітке Ғад пайғамбар келіп: “Ебустік Араунаның қырманына барып, Ехобаға арнап құрбандық орнын жаса”,— деді+. 19  Дәуіт Ехобаның Ғад пайғамбар арқылы айтқан бұйрығын орындау үшін қырманға қарай көтерілді. 20  Арауна патша мен оның қызметшілерінің өзіне қарай келе жатқанын көргенде, дереу алдарынан шығып, жерге дейін иіліп патшаға тағзым етті. 21  Ол: “Патша ием қызметшісіне не үшін келді екен?— деп сұрағанда, Дәуіт: —Сенен қырманыңды сатып алуға келдім. Халықты қырып жатқан пәле тоқтау үшін, осы жерге Ехобаға арнап құрбандық орнын жасамақпын+”,— деді. 22  Бұған Арауна: “Патша ағзам қырманымды ала берсін. Құрбандыққа не шалам десе де өз еркі. Мұнда түгел өртелетін құрбандыққа шалатын ірі қара мал бар, ал астық бастыратын шаналар мен жер жыртатын құралдар отынға жарайды. 23  Осының бәрін Арауна патшама береді”,— деді. Сосын: “Құдайыңыз Ехоба сізге ықыласын түсіре көрсін”,— деп қосты. 24  Алайда патша оған: “Жоқ, мен оны сатып аламын. Құдайым Ехобаға тегін алынғанды құрбандыққа шалмаймын”,— деп қарсы болды. Осылай қырман мен ірі қара малды 50 шекел* күміске сатып алды+. 25  Патша сол жерде Ехобаға арнап құрбандық орнын+ жасады да, түгел өртелетін және татулық құрбандықтарын ұсынды. Сонда Ехоба ел үшін айтылған дұғаларды естіп+, Исраилді жайлаған пәлені тоқтатты.

Сілтемелер

Немесе “ол”. Ш1ж 21:1-ді қараңыз.
Немесе “ар-ұжданы мазалады”.
1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.