Самуилдің 2-жазбасы 3:1—39
3 Саул мен Дәуіт үйінің арасындағы соғыс көпке созылды. Дәуіт күшейген үстіне күшейе түсті+, ал Саулдың үйі әлсірей берді+.
2 Хебронда тұрғанында Дәуіт бірнеше ұлдың әкесі болды+. Оның езрехелдік әйелі Ахиноғамнан+ тұңғыш ұлы Амнон+ туылды.
3 Кармилдік Набалдың жесірі Әбигелден+ екінші ұлы Келеп, ал Гесур патшасы Талмайдың+ қызы Мағақтан үшінші ұлы Абессалом+ дүниеге келді.
4 Хагиттен төртінші ұлы Адониях+, Әбиталдан бесіншісі Шафатиях туылды.
5 Егла Дәуітке алтыншы ұлы Итерамды туып берді. Бұлар Дәуіттің Хебронда дүниеге келген ұлдары.
6 Саул мен Дәуіт үйінің арасындағы соғыс жалғасып жатқанда, Әбінер+ Саул үйінде өз билігін нығайта берді.
7 Саулдың Риспа деген кәнизагы болатын+. Ол Аяхтың қызы еді. Бірде Ишбошет+ Әбінерге: “Әкемнің кәнизагымен неге жақындастың?”+— деді.
8 Бұған Әбінер қатты ашуланып, былай деді: “Мен не, Яһуданың төбеті ме едім?! Мен әкең Саулдың үй ішіне, бауырлары мен достарына айнымас сүйіспеншілік танытып жүрмін. Саған да опасыздық жасап Дәуіттің уысына берген жоқпын. Ал сен мені әйелге бола айыптап отырсың.
9 Осыдан қарап тұр, Ехобаның Дәуітке берген уәдесін орындамасам+, Құдай Әбінерді жазалаған үстіне жазаласын.
10 Құдай Саулдың үйінен патшалықты тартып алып, Дәуітті Даннан Бер-Шебаға дейін бүкіл Исраил+ мен Яһуда жеріне патша етуді уәде еткен еді!”
11 Ишбошет бұған ләм-мим демеді, өйткені ол Әбінерден қорқатын+.
12 Әбінер бірден Дәуітке хабаршылар жіберіп: “Бұл жердің иесі кім екенін білесің ғой. Менімен келісім жасас, сонда бүкіл Исраилді сенің жағыңа шығару үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін”,— деген хабар жолдады+.
13 Дәуіт бұған: “Жарайды, келістік. Тек бір өтінішім бар: маған Саулдың қызы Михалды+ алып кел, әйтпесе жүзімді көрмейсің”,— деп жауап берді.
14 Бұдан кейін ол Саул ұлы Ишбошетке+ хабаршылар жіберіп: “Жүз філістірдің сүндет терісін беріп, әйелдікке алған Михалды+ өзіме қайтар”,— деді.
15 Содан Ишбошет адамдарын жіберіп, Михалды күйеуі Лаиштің ұлы Палтиелден алдыртты+.
16 Ол Михалға ілесіп, Бахуримге+ дейін жылап келді. Әбінер: “Үйіңе қайт!”— дегеннен кейін ғана, кері қайтты.
17 Сол екі арада Әбінер Исраил ақсақалдарына хабар жіберіп, мынаны айтты: “Сіздер біраздан бері Дәуіттің патша болғанын қалап жүрсіздер.
18 Ехоба Дәуітке “Халқым Исраилді філістірлерден және барлық жауларынан қызметшім Дәуіттің+ қолымен құтқарамын” деген жоқ па? Ендеше, іске кірісіңіздер”.
19 Әбінер бениямин руымен+ де сөйлесті. Содан соң исраилдіктер мен бенияминдіктердің шешімін оңашада Дәуітке айту үшін Хебронға жол тартты.
20 Әбінер қасына 20 адам ертіп Хебронға келгенде, Дәуіт олардың құрметіне той жасады.
21 Ол Дәуітке: “Мен барып, күллі Исраилді патша иемнің алдына жинап әкелейін. Сен олармен келісім жасасқан соң, өзің қалағанның барлығына патша боласың”,— деді. Содан кейін Дәуіт онымен жылы қоштасып, жөніне жіберді.
22 Осы кезде Жоғаб пен Дәуіттің қызметшілері мол олжамен жорықтан келе жатты. Әбінер болса Хеброннан кетіп қалған еді, себебі Дәуіт онымен жылы қоштасып, жөніне жіберген болатын.
23 Жоғаб+ пен бүкіл сарбаздар қалаға келгенде, Жоғаб “Патшаға Нер+ ұлы Әбінер+ келді. Патша оны жібере салды да, ол аман-есен өз жөніне кетті” деген хабар алды.
24 Сонда ол патшаға барып: “Бұл не істегенің? Саған Әбінер келіпті ғой. Неге оны жібере салдың?
25 Нер ұлы Әбінерді білмеуші ме едің? Ол сені алдап, басқан әр қадамыңды, істеген әр ісіңді біліп алу үшін келді!”— деді.
26 Жоғаб Дәуіттің алдынан кеткен соң, Әбінердің артынан хабаршылар жіберіп, оны Сира су қоймасының тұсынан кері қайтарды. Дәуіт бұдан бейхабар еді.
27 Әбінер Хебронға жеткенде+, Жоғаб қақпа маңында онымен оңаша сөйлеспек болғансып әрірек апарды да, ішіне семсерін сұғып алды+. Осылай бауыры Асахелдің қаны үшін кек алды+.
28 Дәуіт кейінірек бұл туралы естігенде: “Өзім де, патшалығым да Ехобаның алдында Нер ұлы Әбінердің өлімі үшін еш кінәлі емес+.
29 Бар кінә Жоғаб пен әкесінің бүкіл үй ішінің мойнына жүктелсін+. Оның әулетінен жыныс мүшесінен ірің ағатын+, алапеске ұшыраған+, ұршық иіретін еркек* таусылмасын! Әулетінде семсерден өлетін, нан сұрап жүретін еркек те арылмасын+!”— деді.
30 Жоғаб бауыры Әбісай екеуі+ Гибеондағы шайқаста бауырлары Асахелді өлтіргені үшін+ Әбінердің+ көзін құртты.
31 Дәуіт Жоғаб пен қасындағыларға: “Киімдеріңнің өңірін жыртып, белдеріңе қара мата байлап, Әбінерді жоқтаңдар”,— деді. Өзі де мәйіт салынған зембілдің соңынан ерді.
32 Әбінердің сүйегі Хебронға қойылды. Патша оның қабірінің басында дауыс көтеріп жылады, жиналғандардың бәрі де көз жасына ерік берді.
33 Дәуіт:
“Әбінер осылай, ақымақ кісідей, өлуі керек пе еді?!
34 Ешкім қолыңды кісендеген де,Аяғыңды бұғаулаған да жоқ еді.
Әділетсіздердің қолы ғой сені жерге жыққан+!”— деп Әбінерді жоқтағанда, барлығы қайтадан еңіреп қоя берді.
35 Жұрт Дәуітті жұбату үшін кеш батпай тұрып оған тамақ әкелді. Бірақ ол: “Күн батқанша астан ауыз тисем+, Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын!”— деп ант етті.
36 Патшаның осылай еткені жұртқа ұнады. Дәуіт не істесе де, халықтың көңілінен шықты.
37 Сол күні бүкіл Яһуда мен Исраил халқы Нер ұлы Әбінердің өліміне патшаның еш қатысы жоқ екеніне көз жеткізді+.
38 Содан кейін патша қызметшілеріне: “Бүгін Исраил елінің кімнен айырылғанын білесіңдер ме? Бекзадасынан, ұлы адамнан айырылды+.
39 Майланған патша болсам да+, мен бүгін дәрменсізбін. Ал анау Сарұяның ұлдары+ — өте тасжүрек адамдар+. Зұлымдық істейтін адамның қарымтасын Ехоба зұлым ісіне қарай қайтарсын+”,— деді.
Сілтемелер
^ Бұл мүгедек болып, әйелдің жұмысын атқаруға мәжбүр еркекке нұсқаса керек.