Самуилдің 2-жазбасы 4:1—12
4 Саул ұлы Ишбошет+ Хебронда Әбінердің қаза болғанын естіп+, қорқып кетті. Күллі исраилдіктер де абыржыды.
2 Саул ұлының шапқыншы топтарын бастап жүретін Бағанах және Рехаб деген екі кісі бар еді. Олар бениямин руынан шыққан бероттық Римонның ұлдары болатын. (Берот қаласы+ бениямин руының иелігі болып есептелетін.
3 Бероттықтар Гиттаимге+ қашып, әлі күнге дейін сол жерде жатжерліктер ретінде тұрады.)
4 Саул ұлы Жонатанның+ екі аяғы да майып болып қалған Мепібошет деген ұлы бар еді+. Езрехелден+ Саул мен Жонатан қаза болды деген суық хабар келгенде, ол бес жасар болатын. Сонда қатты сасқан күтуші әйел оны ала сала қашып бара жатқанда, бала құлап, екі аяғы майып болып қалған еді.
5 Бірде бероттық Римонның ұлдары Рехаб пен Бағанах Ишбошеттің үйіне барды. Күн ысып тұрған түскі мезгіл болғандықтан, ол демалып жатқан еді.
6 Әлгілер+ бидай алуға келген сыңаймен үйге кіріп, Ишбошетке семсер сұғып өлтірді де, ешкімнің көзіне түспей шығып кетті.
7 Рехаб пен Бағанах үйге кіргенде, Ишбошет жатын бөлмесіндегі төсекте жатқан еді. Олар Ишбошетті өлтіріп, басын шауып алды. Сосын басты өздерімен алып, Арабаға апаратын жолға түсті де, түні бойы жүріп отырды.
8 Ағайындылар Хебронға жеткен соң, Дәуіт патшаға Ишбошеттің+ басын алып барып: “Міне, бұл — жаныңызды алғысы келген+ жауыңыз Саул+ ұлы Ишбошеттің басы. Ехоба бүгін патша ием үшін Саул мен оның ұрпағынан кек алды”,— деді.
9 Бірақ Дәуіт бероттық Римонның ұлдары Рехаб пен Бағанахқа: “Бар қиыншылықтардан жанымды құтқарған* тірі Құдай Ехобаның+ алдында шын айтамын*,
10 Секелагта біреу маған “Саул өлді” деп+, жақсы хабар әкелдім деген оймен сүйінші күтіп еді, мен оны өлтіріп тастадым+. Менің берген сүйіншім сол болды!
11 Ендеше өз үйінде жатқан әділ адамды өлтірген зұлымдарды қалайша жазасыз қалдырамын? Оның қаны үшін екеуіңді міндетті түрде жауапқа тартып+, жер бетінен құртып жіберемін!”— деді.
12 Сосын Дәуіттің бұйрығымен жігіттері оларды өлтіріп+, аяқ-қолдарын шауып алды да, денелерін Хеброн хауызының маңына іліп қойды+. Ал Ишбошеттің басы Хеброндағы Әбінердің қабіріне қойылды.