Самуилдің 2-жазбасы 5:1—25
5 Кейінірек Исраилдің барлық рулары Хебронға келіп+, Дәуітке былай деді: “Біз сенің бауырларыңбыз*+.
2 Елді Саул билеп тұрғанда Исраилді жорықтарға бастап жүрген өзің едің+. Ехоба саған: —Халқым Исраилдің бағушысы әрі басшысы болатын сенсің,— деген еді ғой+”.
3 Осылайша Исраилдің күллі ақсақалдары Хебронға келді де, Дәуіт олармен Ехобаның алдында келісім жасасты+. Сосын олар Дәуітті Исраилдің патшасы етіп майлады+.
4 Дәуіт 30 жасында патша болып, 40 жыл билік құрды+.
5 Ол Хебронда яһуда руына 7 жыл 6 ай, ал Иерусалимде+ күллі Исраил мен Яһудаға 33 жыл билік етті.
6 Бірде патша сарбаздарымен Иерусалимде тұрып жатқан ебустіктерге+ қарсы соғысқа аттанды. Бірақ ебустіктер: “Мұнда ешқашан кірмейсің, сені соқырлар мен ақсақтар-ақ қуып жібереді!”— деп, Дәуітті мазақ қылды. Олар: “Дәуіт мұнда ешқашан кірмейді!”— деп ойлады+.
7 Алайда Дәуіт Сион қамалын басып алды. Ол қазір “Дәуіттің қаласы” деп аталады+.
8 Сол күні патша: “Ебустіктермен шайқасатындар арық* арқылы қалаға кіріп, Дәуіттің жаны жаратпайтын соқырлар мен ақсақтарды қырып салсын!”— деп бұйырды. Ел аузындағы “Соқыр мен ақсақ үйге кіруші болмасын!” деген сөз осыдан қалған.
9 Патша сол қамалға келіп орнықты, содан ол “Дәуіттің қаласы” деп аталып кетті*. Дәуіт Миллода*+ және қаланың басқа да жерлерінде дуалдар мен ғимараттар сала бастады+.
10 Ол барған сайын күшейе беріп+, Әскербасы Ехоба оған жар болып жүрді+.
11 Тир патшасы Хирам+ Дәуітке хабаршыларын жұмсады. Олармен бірге қарағай бөренелерін+, ағаш ұсталары мен дуал тұрғызатын тас қалаушыларды да жіберді. Осы шеберлер Дәуітке үй сала бастады+.
12 Сонда Дәуіт Исраилдегі патшалығын Ехобаның берік еткеніне және өз халқы үшін+ билігін асқақтатқанына көз жеткізді+.
13 Хеброннан көшіп келген соң, Дәуіт өзіне Иерусалимнен тағы бірнеше кәнизак+ пен әйел алып, ұл-қыздары да көбейді+.
14 Оның Иерусалимде туылған балалары мыналар: Шаммуа, Шобаб, Натан+, Сүлеймен+,
15 Ебхар, Елишуа, Нефег, Япия,
16 Елишама, Елияда және Елипелет.
17 Філістірлер Дәуіттің Исраилге патша болып майланғанын естіп+, оны іздеуге шықты+. Мұны естігенде, Дәуіт адам аяғы баспайтын жерге қарай ылдилады+.
18 Філістірлер болса Рефаимдер аңғарына келіп, сол жерді кезіп жүрді+.
19 Дәуіт Ехобадан: “Філістірлерге қарсы аттанайын ба? Оларды аяғыма жығып бересің бе?— деп сұрап еді+, Ехоба: —Аттан! Мен оларды міндетті түрде аяғыңа жығып беремін”,— деп жауап берді+.
20 Содан Дәуіт Бағал-Перасимге келіп, сол жерде жауды тас-талқан етті. Ол: “Су тасқынының бөгетті бұзып-жарғанындай, Ехоба жауларымның саптарын бұзып-жарды+”,— деді. Бұл жер содан бері Бағал-Перасим*+ деп аталып кетті.
21 Філістірлер пұттарын сол жерге қалдырып кеткен еді. Дәуіт пен сарбаздары оларды алып кетіп, жойып тастады.
22 Кейінірек філістірлер қайтадан Рефаимдер аңғарына келіп, сол жерді кезіп жүрді+.
23 Дәуіт Ехобаға жүгініп еді, ол былай деп жауап берді: “Оларға тікелей қарсы аттанбай, айналып өтіп, арт жағынан бар да, бұталар* жақтан тап бер.
24 Бұталардың үстімен біреу жүріп келе жатқандай дыбыс естігенде, бірден іске кіріс. Себебі бұл філістірлер қосын талқандау үшін Ехобаның сенің алдыңда келе жатқанын білдіреді”.
25 Дәуіт бәрін де Ехоба бұйырғандай істеп, філістірлерді Гебадан+ сонау Гезерге+ дейін қырды+.
Сілтемелер
^ Сөзбе-сөз “сүйегің мен етіңбіз”.
^ Яғни “су ағатын туннель”.
^ Мүмкін: “содан ол оны “Дәуіттің қаласы” деп атады”.
^ Еврей сөзінің мағынасы “үйінді”.
^ Мағынасы “бұзып-жарудың иесі”.
^ Сөзбе-сөз “бака бұталары”. “Бака” — еврей сөзінің транслитерациясы. Мағынасы белгісіз.