Самуилдің 2-жазбасы 9:1—13

  • Дәуіттің Мепібошетке танытқан айнымас сүйіспеншілігі (1—13)

9  Бірде Дәуіт: “Саулдың әулетінен тірі қалған біреу бар ма екен, Жонатан үшін оған айнымас сүйіспеншілік танытайын”,— деді+.  Саулдың үйінде Сиба деген қызметшісі болатын+. Ол патшаның алдына әкелінді. Сонда Дәуіт: “Сиба деген сенсің бе?— деп сұрағанда, ол: —Иә, тақсыр, сол қызметшіңіз менмін”,— деп жауап берді.  Дәуіт: “Саулдың әулетінен тірі қалған біреу бар ма екен? Мен оған Құдайдың айнымас сүйіспеншілігін танытайын”,— деді. Бұған Сиба: “Жонатанның ұлдарының біреуі әлі де бар, оның екі аяғы да майып”+,— деді.  Патша: “Ол қайда?”— деп сұрады. Сиба оның Лодебарда, Әмиелдің ұлы Махирдің+ үйінде, тұрып жатқанын айтты.  Патша дереу кісі жіберіп, Лодебардағы Әмиелдің ұлы Махирдің үйінен оны алдыртты.  Дәуіттің алдына келгенде, Саулдың немересі, Жонатанның ұлы Мепібошет жерге жығыла кетіп тағзым етті. Дәуіт оған: “Мепібошет!— дегенде, ол: —Қызметшіңіз тыңдап тұр”,— деді.  Патша оған: “Қорықпа, әкең Жонатан үшін саған айнымас сүйіспеншілік танытамын+. Атаң Саулдың жерінің бәрін қайтарамын. Ал өзің әрдайым менің дастарқанымнан тамақтанатын боласың+”,— деді.  Мепібошет жерге дейін иіліп тағзым етіп: “Сіз көңіл бөлетіндей құлыңыз сонша кім? Небәрі иттің өлімтігі емес пе?!+”— деді.  Сонда Дәуіт Саулдың қызметшісі Сибаны шақыртып алып, мынаны айтты: “Саул мен оның әулетіне тиесілінің бәрін мырзаңның немересіне беріп отырмын+. 10  Ал сен өзің де, ұлдарың мен қызметшілерің де оның жерін өңдеп, мырзаңның немересінің үй іші жейтін өнім жинайсыңдар. Мепібошеттің өзі әрдайым менің дастарқанымнан ішіп-жейді+”. Сибаның 15 ұлы, 20 қызметшісі бар еді+. 11  Ол патшаға: “Қызметшіңіз патша иемнің бұйырғандарын екі етпей орындайды”,— деп жауап берді. Содан Мепібошет патша ұлдарының біріндей, Дәуіттің* дастарқанынан ішіп-жейтін болды. 12  Оның Миха деген кішкентай ұлы бар еді+. Сонымен, Сиба бүкіл үй ішімен Мепібошетке қызмет ететін болды. 13  Мепібошеттің өзі патша дастарқанынан ішіп-жейтін болғандықтан+ Иерусалимде тұрып жатты. Оның екі аяғы да майып еді+.

Сілтемелер

Мүмкін: “менің”.