Уағыздаушы 10:1—20

  • Болмашы ақымақтық абыройдан айырады (1)

  • Қисынсыз жайттар (2—11)

  • Ақымақтықтың зардабы (12—15)

  • Басшылардың ақымақтығы (16—20)

    • Сөзіңді құс жеткізіп барар (20)

10  Өлген шыбындар иісмайды сасытып, ашытып жіберетіні сияқты, болмашы ақымақтық та дана әрі қадірлі адамның абыройын түсіреді+.  Дананың жүрегі оны дұрыс жолмен, ал ақымақтың жүрегі бұрыс жолмен жетелейді+.  Ақымаққа қай жолмен жүрмесін ақыл жетпейді+, ол өз ақымақтығын баршаға аян етеді+.  Билеуші саған ашуын төксе, орныңнан кетіп қалма+, себебі сабырлылық үлкен күнәнің бетін қайтарады+.  Жарық күн астында адамды күйіндіретін тағы бір жайтты байқадым, билік басындағылар мынадай қателік жібереді екен+:  ақымақтарға жоғары дәреже беріп, ал бай* адамдарды төмен дәрежеде қалдырады.  Қарапайым қызметшілердің атқа мініп, ал әміршілердің қызметші сияқты жаяу жүргенін көрдім+.  Ор қазған адам оған өзі түсер+. Тас дуалды бұзып жатқанды жылан шағар.  Кен қазған адам өзін жарақаттап алуы мүмкін. Ағаш жарып жатқан адамға да қауіп төнуі мүмкін*. 10  Жүзі өтпейтін балта қайралмаса, көп күш салуға тура келер. Ал даналық табысқа жеткізер. 11  Жылан арбалмай тұрып шағып алса, арбаушының ептілігінен не пайда? 12  Дананың аузынан шыққан сөзі ықыласқа бөлер+, ал ақымақтың айтқаны түбіне жетер+. 13  Оның сөзінің басы — ақымақтық+, ал соңы — сорақы есуастық. 14  Ақымақтың аузы жабылмайды+. Адам алда не боларын білмейді. Өмірден өткен соң, не боларын оған кім айта алады+? 15  Ақымақтың еңбегі оны қажытар. Ол тіпті қалаға апаратын жолды да білмес. 16  Патшасы — жас бала+, ал әміршілері таң атқаннан той тойлайтын елге қандай қасірет! 17  Патшасы — текті кісінің баласы, ал әміршілері мас болу үшін емес+, әлдену үшін ішіп-жейтін ел қандай бақытты! 18  Адам қатты жалқауланса, үйінің төбесі майысар, ал қол қусырып ерінсе, үйінің төбесінен су ағар+. 19  Нан көңілді көтерер, шарап өмірге қуаныш сыйлар+, ал ақша мұқтаждық көрсетпес+. 20  Патшаны іштей* болса да қарғама+, байды жатын бөлмеңде де балағаттама! Себебі ұшқан құс даусыңды* іліп әкетер, айтқан сөзіңді қанатты жеткізіп барар.

Сілтемелер

Немесе “қабілетті”.
Мүмкін: “абай болу керек”.
Мүмкін: “төсегіңде жатып”.
Немесе “хабарды”.