Філіпіліктерге 1:1—30

  • Сәлемдесу (1, 2)

  • Пауылдың Құдайға айтқан алғысы мен дұғасы (3—11)

  • Қиыншылықтарға қарамай, ізгі хабардың таралуы (12—20)

  • Мәсіх үшін өмір сүру, ал өлімді ұтыс санау (21—26)

  • Ізгі хабарға лайық өмір сүру (27—30)

1  Мәсіх Исаның құлдары Пауыл және Тімөте Філіпідегі+ бақылаушылар мен қызмет көмекшілерін+ қоса алғанда, Мәсіх Исамен бірліктегі барлық қасиеттілерге жазып отыр.  Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын!  Сендерді еске алған сайын Құдайға әрдайым алғыс айтып,  үнемі барлығың үшін жалбарынамын, әрі мұны қуана істеймін+.  Өйткені сендер ізгі хабарды естіген күннен бастап оның таралуына үлес қосудасыңдар.  Мен мынаған сенімдімін: Құдай сендердің араларыңда бастаған жақсы ісін Мәсіх Исаның күніне дейін+ толық аяқтайды+.  Барлығың жайлы осындай ойда болуыма толық негізім бар, себебі бұғауда отырған+ және ізгі хабарды қорғап, оны заңдастыруға тырысып жатқан+ менімен бірге Құдайдың рақымына ортақтас сендер менің жүрегімнен орын алдыңдар.  Бәріңді Мәсіх Иса іспетті бар көңіліммен жақсы көріп, қатты сағынып жүргеніме Құдай куә.  Мен үнемі дұға етіп, тура білімдерің+ мен түсініктерің тереңдеп+, сүйіспеншіліктерің арта берсе екен+, 10  ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп+, Мәсіхтің күніне дейін кіршіксіз таза болсаңдар екен, ешкімнің сеніміне нұқсан келтірмесеңдер екен деп сұраймын+. 11  Сондай-ақ Құдай мадақ пен даңққа бөлену үшін, Иса Мәсіх арқылы әділ істерді молынан жасай берсеңдер екен+ деп сұраймын. 12  Бауырластар, басыма түскен жағдайдың ізгі хабардың кең таралуына септігін тигізіп жатқанын білсеңдер екен деймін. 13  Мұнда патшаның бүкіл күзетші жасағына және басқаларға да менің Мәсіхке қызмет еткенім үшін бұғауда отырғаным+ мәлім болды+. 14  Сондай-ақ бұғауда отырғаным Иемізге қызмет етіп жүрген бауырластардың басым көпшілігіне сенімділік берді. Олар батылдана түсіп, Құдай сөзін қорықпай айтып жүр. 15  Рас, кейбіреулер Мәсіх туралы қызғаныштан не бақталастықпен, ал басқалары таза ниетпен уағыздап жүр. 16  Соңғыларын Мәсіх туралы уағыздауға сүйіспеншілік талпындырады, өйткені олар менің ізгі хабарды қорғауға тағайындалғанымды біледі+. 17  Ал біріншілері мұны таза ниетпен емес, күншілдіктен істеп, бұғаудағы маған одан бетер қасірет шеккізгілері келеді. 18  Бұның нәтижесі қандай болды? Мейлі, қара не ақ ниетпен болсын, Мәсіх туралы уағыздалып жатыр, мен соған қуанамын. Бұдан былай да қуана беремін. 19  Себебі сендердің жалбарынғандарыңның+ және Иса Мәсіхтің рухының көмегінің арқасында+ бұның мені құтқарылуға жеткізетінін білемін. 20  Өйткені еш ұятқа қалмайтыныма, қайта, мен барынша батыл сөйлегендіктен Иса әрдайым мадақталып келгендей, қазір де менің тәнім арқылы, өмірім не өлімім арқылы, мадақталатынына+ үміттеніп, соны зарыға күтемін. 21  Өмір сүрсем, Мәсіх үшін сүремін+, ал өлсем, бұл мен үшін ұтыспен тең+. 22  Егер әрі қарай осы тәнімде өмір сүрер болсам, өнімді еңбек етемін. Бірақ қайсысын таңдайтынымды айтпаймын. 23  Екеуінің қайсысына тоқталарымды білмеймін. Өйткені менің қалайтыным — босатылып, Мәсіхпен бірге болу+, ал бұның әлдеқайда жақсы екені анық+. 24  Алайда тәнімде қалғаным сендер үшін қажеттірек. 25  Осыған сенімді болғандықтан сендер жетістікке жетіп, сенімдеріңнен туатын қуанышқа ие болуларың үшін тәнімде қалып, қастарыңда болатынымды білемін. 26  Осылайша қайтадан өздеріңмен болғанымда, мен арқылы Мәсіх Исаның шәкірті ретінде зор шаттыққа кенелесіңдер. 27  Тек Мәсіх туралы ізгі хабарға лайық өмір сүріңдер+. Мен келіп, сендерді көрем бе, жоқ әлде қастарыңда болмаймын ба, сендер туралы берік әрі өзара ниеттес, ізгі хабарға деген сенімдері үшін бір кісідей+ иық тіресе күресуде, 28  әрі қарсыластарынан еш қаймықпайды дегенді естігім келеді. Бұл — олар үшін жойылатындарының+, ал сендер үшін құтқарылатындарыңның дәлелі+. Мұны Құдай білдіріп отыр, 29  өйткені сендерге Мәсіхке сену мәртебесі ғана емес, ол үшін азап шегу мәртебесі де берілген+. 30  Себебі бұрын менің күрескенімді көрдіңдер+, әлі де күресіп жүргенім жайында естудесіңдер, әрі өздерің де мен сияқты күресіп жүрсіңдер.

Сілтемелер