Філіпіліктерге 2:1—30
2 Сонымен, Мәсіхпен байланыстағы сендер бір-біріңді жігерлендірсеңдер, сүйіспеншілікпен жұбатсаңдар, бір-біріңнің қамдарыңды ойласаңдар, бар көңілмен жақсы көріп, жанашырлық танытсаңдар,
2 менің қуанышымды арттырасыңдар. Сондықтан ниеттес болыңдар, бір-біріңді сүйіңдер, өзара бірлікте әрі пікірлес болыңдар+.
3 Күншіл+ не атаққұмар болмай+, қайта, кішіпейілділікпен басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар+.
4 Тек өз мүдделеріңді емес+, басқалардың да мүддесін ойлаңдар+.
5 Сендер де Мәсіх Иса сияқты ойлаңдар+.
6 Ол Құдайдың кейпіне ие бола тұра+, оның дәрежесіне қол сұғуды, яғни онымен тең болуды ойлаған жоқ+.
7 Қайта, барлығынан өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап+, адам болып келді+.
8 Ал адам болып өмір сүргенде, өзін төмен тұтып, өле-өлгенше, тіпті азап бағанасында* өлгенше+, мойынсұнғыш болды+.
9 Сондықтан Құдай оны бұрынғыдан да жоғарылатып+, барлық есімнен жоғары есімді сыйлады+.
10 Исаның есімінің алдында көктегі, жердегі және жер астындағылардың бәрі тізе бүгу үшін+
11 және тіл атаулы Иса Мәсіхті Иеміз деп ашық мойындап+, Құдай Әкені мадақтау үшін осылай болды.
12 Қымбатты бауырластарым, сендер әрдайым мойынсұнып жүрсіңдер. Мен қастарыңда болғанда ғана емес, қазір қастарыңда жоқ кезімде бұған бұрынғыдан да ықыластысыңдар. Сондықтан әрі қарай да мойынсұнғыш болып, қалтырай қорқып, құтқарылуға ұмтыла беріңдер.
13 Себебі өзіне ұнайтынды істеулерің үшін, Құдайдың өзі бойларыңда ықылас оятып, күш беріп отыр.
14 Не істесеңдер де, наразылықсыз+, дау-жанжалсыз істеңдер+.
15 Сонда осы дүниеде шырақтай нұр шашып жүрген+ сендер бұзылған, азғын ұрпақ+ арасында таза да кінәратсыз және Құдайдың мінсіз балалары боласыңдар+.
16 Мен босқа жүгірмегеніме және еңбегім зая кетпегеніне Мәсіхтің күні қуана алуым үшін өмір сөзін берік ұстаныңдар+.
17 Сенімдерің арқылы атқарып жатқан қасиетті қызметтерің құрбандық іспетті. Ал мен сол құрбандықтың+ үстіне құйылатын сұйық тарту сияқты төгіліп жатсам да+, бәріңмен бірге қуанып шаттанамын.
18 Сендер де менімен бірге қуанып шаттаныңдар.
19 Иеміз Иса қаласа, жақында сендерге Тімөтені жібермек ойым бар+. Осылайша сендер туралы хабар алып, бір марқайып қалайын.
20 Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа ешкімім жоқ.
21 Өзгелердің бәрі Иса Мәсіхтің емес, өз мүдделерін ойлайды.
22 Ал Тімөте сенімді екенін көрсетті, мұны өздерің де білесіңдер. Ол ізгі хабарды таратуда әкесіне қолғабыс еткен баладай+ менімен бірге қызмет етіп келеді.
23 Міне, сондықтан да ісімнің немен аяқталатынын білген бойда, сендерге оны жіберемін деп үміттенемін.
24 Иеміз қаласа, жақында өзім де барамын деп кәміл сенемін+.
25 Ал әзірше қызметтес бауырласым және майдандас серігім әрі өздерің маған қолғабыс болсын деп жіберген өкілдерің Епафродитті де сендерге жіберуді қажет деп таптым+.
26 Өйткені ол өзінің ауырып қалғаны туралы сендерге хабар жеткеніне қатты күйзеліп, өздеріңді көруге құштар болып жүр.
27 Шынында да, ол қатты ауырып, өлім аузында жатты. Бірақ Құдай оған мейірімін түсірді, оған ғана емес, қасіретіме қасірет қосылмауы үшін маған да мейірімін түсірді.
28 Сондықтан оны көріп, сендер қайта қуансын, менің де уайымым азайсын деп, Епафродитті сендерге жіберуге қатты асығып отырмын.
29 Әдетте Иеміздің ізбасарларын қалай қарсы алсаңдар, оны да солай зор қуанышпен қарсы алыңдар, әрі мұндай адамдарды құрметтеңдер+.
30 Себебі ол Мәсіхтің ісі* үшін өлім аузынан қалды. Орындарыңды жоқтатпай, сендер көрсете алмаған көмекті ол маған басын қатерге тіге отырып көрсетті+.