Шежірелер 1-жазба 14:1—17

  • Дәуіттің патшалығының берік орнығуы (1, 2)

  • Дәуіттің отбасы (3—7)

  • Філістірлердің жеңілуі (8—17)

14  Тир патшасы Хирам+ Дәуітке хабаршыларын жұмсады. Олармен бірге Дәуітке қарағай бөренелерін және үй салатын тас қалаушылар мен ағаш ұсталарын да жіберді+.  Дәуіт Исраилдегі патшалығын Ехобаның берік еткеніне+ және өз халқы үшін билігін жоғары асқақтатқанына көз жеткізді+.  Дәуіт өзіне Иерусалимнен тағы бірнеше әйел алып+, ұл-қыздары көбейді+.  Оның Иерусалимде дүниеге келген балалары мыналар+: Шаммуа, Шобаб, Натан+, Сүлеймен+,  Ебхар, Елишуа, Елпелет,  Ногах, Нефег, Япия,  Елишама, Белеяда, Елипелет.  Філістірлер Дәуіттің бүкіл Исраилге патша болып майланғанын+ естіп, оны іздеуге шықты+. Мұны естігенде, Дәуіт оларға қарсы аттанды.  Філістірлер болса Рефаимдер аңғарына келіп, сол жердің тұрғындарына шапқыншылық жасап жүрді+. 10  Сонда Дәуіт Құдайдан: “Філістірлерге қарсы аттанайын ба? Оларды аяғыма жығып бересің бе?— деп сұрап еді, Ехоба: —Аттан! Мен оларды міндетті түрде аяғыңа жығып беремін”,— деп жауап берді+. 11  Содан Дәуіт Бағал-Перасимге+ келіп, сол жерде жауды тас-талқан етті. Ол: “Су тасқынының бөгетті бұзып-жарғанындай, шынайы Құдай мен арқылы жауларымның саптарын бұзып-жарды”,— деді. Бұл жер содан бері Бағал-Перасим* деп аталып кетті. 12  Філістірлер құдайларын сол жерге қалдырып кетті. Дәуіттің бұйыруымен олар отқа жағылды+. 13  Кейінірек філістірлер қайтадан аңғарға келіп, шапқыншылық жасады+. 14  Дәуіт тағы да Құдайдан басшылық сұрады. Шынайы Құдай бұл жолы былай деді: “Олардың артынан тікелей көтерілмей, айналып өтіп, арт жағынан бар да, бұталар* жақтан тап бер+. 15  Бұталардың үстімен біреу жүріп келе жатқандай дыбыс естігенде, бірден шабуылда. Себебі бұл філістірлер қосын талқандау үшін шынайы Құдайдың сенің алдыңда келе жатқанын білдіреді+”. 16  Дәуіт бәрін де шынайы Құдай бұйырғандай істеп+, філістірлердің әскерін Гибеоннан сонау Гезерге+ дейін қырды. 17  Дәуіттің даңқы күллі елдерге тарап, Ехоба барша халықтарға оның алдында үрей туғызды+.

Сілтемелер

Мағынасы “бұзып-жарудың иесі”.
Сөзбе-сөз “бака бұталары”. “Бака” — еврей сөзінің транслитерациясы. Мағынасы белгісіз.