Шежірелер 1-жазба 29:1—30

  • Ғибадатхана құрылысына жасалған садақа (1—9)

  • Дәуіттің дұғасы (10—19)

  • Халықтың қуанышы; Сүлейменнің патша болуы (20—25)

  • Дәуіттің дүниеден өтуі (26—30)

29  Дәуіт патша күллі қауымға былай деді: “Менің Құдай таңдап алған ұлым Сүлеймен+ әлі жас әрі тәжірибесіз+. Ал атқарылатын іс үлкен, өйткені бұл — адам баласына емес, Ехоба Құдайға арналған ғибадатхана*+.  Мен бар күшімді салып, алтыннан жасалатын жұмысқа қажетті алтын, күмістен жасалатынына күміс, мыстан жасалатынына мыс, темірден жасалатынына темір+, ағаштан жасалатынына ағаш даярлап қойдым+. Бұған қоса, оникс, ерітіндімен желімденетін тастар, сондай-ақ түрлі түсті тастар, сан алуан асыл тастар және көп мөлшерде алебастр тасын жинап қойдым.  Киелі үйге арнап даярлаған осы заттардың бәріне қоса, Құдайымның үйін жақсы көретіндіктен+ өзімнің жеке қазынамнан+ Құдайымның үйіне арнап келесі мөлшерде алтын-күміс бермекпін:  ғибадатхана ғимараттарының қабырғаларын күптейтін 3000 талант* Опыр алтыны+ мен 7000 талант саф күміс.  Бұлар алтын мен күмісті қажет ететін жұмыстар мен ісмерлер жасайтын барлық бұйымдарға жұмсалмақ. Ал енді, Ехобаға арнап өз еркімен сый бергісі келетін тағы кім бар+?”  Сонда әулетбасылар, Исраил руларының бекзадалары, мыңбасылар мен жүзбасылар+, сондай-ақ патшаның жұмысын атқаратын басшылар+ ерікті сый-тартулар әкеле бастады.  Олар шынайы Құдайдың үйіндегі қызметке арнап 5000 талант алтын, 10 000 дарик*, 10 000 талант күміс, 18 000 талант мыс, 100 000 талант темір әкелді.  Бұған қоса, қымбат тастары барлар оларын гершондық+ Ехиелдің қарауындағы Ехобаның үйінің қазынасына+ берді.  Халық ерікті сый-тартуларын қуана әкелді, өйткені мұны Ехобаға арнап бар жүректерімен беріп жатты+. Дәуіт патша да шат-шадыман болып қуанды. 10  Бұдан кейін Дәуіт күллі қауымның алдында Ехобаны мадақтап былай деді: “Әкеміз Исраилдің Құдайы Ехоба мәңгі бақи мадақтала берсін! 11  Уа, Ехоба, ұлылық+ пен құдірет+, сұлулық пен салтанат, айбындылық саған тиесілі+. Өйткені көк пен жердегінің бәрі сенікі+. Патшалық та сенікі, уа, Ехоба+! Бәрінің басы ретінде өзіңді асқақтаттың. 12  Дәулет пен атақ-абырой сенен келеді+. Бәріне сен билік етесің+. Күш пен құдірет сенің қолыңда+, ұлылыққа бөлеу де+, күш дарыту да сенің билігіңде+. 13  Ал енді, уа, Құдайымыз, біз өзіңе алғыс айтып, керемет есіміңді мадақтап тұрмыз. 14  Саған осындай сый-тарту беретіндей мен кіммін сонша, мына халық кім?! Себебі барлығы да сенен келді ғой. Өз қолыңмен бізге бергеніңді өзіңе әкеліп отырмыз. 15  Сенің алдыңда біз күллі ата-бабаларымыз сияқты жатжерлікпіз+. Жер бетіндегі ғұмырымыз көлеңке іспетті+, сенсіз еш үмітіміз жоқ. 16  Уа, Құдайымыз Ехоба, саған, сенің киелі есіміңе, арнап үй салу үшін даярлаған мына байлықтың бәрі өзіңнен келген, олар сенікі. 17  Уа, Құдайым, сенің жүректі тексеретін+ әрі туралықты* сүйетін Құдай+ екеніңді мен жақсы білемін. Мына сый-тартудың бәрін шын жүректен* беріп отырмын. Осында тұрған халқыңның да саған өз еркімен сый-тарту әкелгенін көріп, көңілім шат-шадыман. 18  Ата-бабаларымыз Ыбырайым, Ысқақ және Исраилдің Құдайы, уа, Ехоба! Өз халқыңа осы дайындық рухын мәңгі сақтауға көмектесе көр, жүректерін өзіңе бұра көр+. 19  Ұлым Сүлейменге де бұйрықтарыңды, ескертулерің мен жарлықтарыңды бар жүрегімен+ орындауға+ және мен қажеттінің бәрін даярлап қойған+ ғибадатхананы* салуға көмектесе көр”. 20  Сосын Дәуіт күллі қауымға: “Құдайларың Ехобаны мадақтаңдар!”— деді. Сонда бүкіл қауым ата-бабаларының Құдайы Ехобаны мадақтап, жерге дейін иіліп Ехобаға және патшаға тағзым етті. 21  Келесі күні олар Ехобаға арнап құрбандықтар шалды. Жұрт Ехобаға түгел өртелетін құрбандық+ ретінде 1000 тайынша, 1000 қошқар, 1000 еркек тоқты және сұйық тартулар+ ұсынды. Олар күллі Исраил жұртының атынан көптеп құрбандық шалды+. 22  Сол күні халық Ехобаның алдында ішіп-жеп, қуанып шат-шадыман болды+. Олар Дәуіттің ұлы Сүлейменді екінші рет патша етіп тағайындап, Ехобаның алдында оны көсем етіп+, ал Садықты діни қызметкер етіп майлады+. 23  Осылайша Сүлеймен Ехобаның тағына отырып+, әкесі Дәуіттің орнына патша болды. Ол билік құруда табысқа жетіп, бүкіл Исраил оған мойынсұнды. 24  Күллі бекзадалар+ мен мықты сарбаздар+, Дәуіт патшаның барлық ұлдары+ да Сүлеймен патшаға бағынды. 25  Ехоба Сүлейменді бүкіл Исраилдің алдында барынша асқақтатты, сондай-ақ оған Исраил патшаларының ешбірінде болмаған салтанат сыйлады+. 26  Осылай Есей ұлы Дәуіт бүкіл Исраилдің патшасы болған еді. 27  Ол 40 жыл бойы Исраилде патшалық құрды: Хебронда 7 жыл+, Иерусалимде 33 жыл билік етті+. 28  Дәуіт ұзақ жасап, дүние салды+. Ол өмірдің, байлық пен абырой-атақтың қызығын көріп өтті. Оның орнына ұлы Сүлеймен патша тағына отырды+. 29  Дәуіт патшаның жасаған істері көреген* Самуилдің, Натан+ пайғамбар мен аян алушы Ғадтың+ жазбаларында бастан-аяқ баяндалған. 30  Сол жазбаларда Дәуіттің патшалық құруы мен құдіреті жайында, сондай-ақ сол заманда патшаның басынан кешкен және Исраил мен оның айналасындағы патшалықтарда болған оқиғалар жазылған.

Сілтемелер

Немесе “бекініс; сарай”.
1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Дарик парсылардың алтын тиыны. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Немесе “адалдықты”.
Сөзбе-сөз “турашыл жүрекпен”.
Немесе “бекіністі; сарайды”.
Мұндағы еврей сөзі Құдай өз еркін түсінуге қабілет берген адамға нұсқайды.