Шежірелер 2-жазба 35:1—27

  • Жосияның Құтқарылу мейрамына қатысты жасаған шаралары (1—19)

  • Жосияның Нехо перғауынның қолынан қаза болуы (20—27)

35  Жосия Иерусалимде Ехобаға арналған Құтқарылу мейрамын+ өткізді. Бірінші айдың он төртінші күні+ олар мейрамға арналған құрбандықты шалды+.  Патша діни қызметкерлерді міндеттеріне тағайындап, Ехобаның үйінде қызметтерін атқаруға талпындырды+.  Сосын Ехобаның көз алдында бүкіл Исраилдің қасиетті тәлімгерлері леуіліктерге+ былай деді: “Киелі сандықты Исраил патшасы Дәуіт ұлы Сүлеймен соққан үйге қойыңдар+. Бұдан былай сендерге оны иықтарыңа салып көтеріп жүрудің қажеті жоқ+. Сондықтан енді Құдайларың Ехоба мен оның халқы Исраилге қызмет етіңдер.  Исраил патшасы Дәуіттің+ және оның ұлы Сүлейменнің нұсқауына сай+, әулеттеріңе қарай бөлінген топтарың бойынша міндеттеріңді атқаруға дайын болыңдар.  Қасиетті орында әулеттерің бойынша тұрыңдар да, халықтың өздеріңе бекітілген әулеттеріне қызмет көрсетіңдер.  Құтқарылу мейрамына арналған құрбандықты шалыңдар+, тазару рәсімінен өтіп*, бауырларыңа қызмет көрсетуге де дайын болыңдар. Сонда олар Ехобаның Мұса арқылы айтқан сөзін орындай алады”.  Жосия халыққа арнап Құтқарылу мейрамында құрбандыққа шалуға 30 000 ұсақ мал, яғни еркек тоқтылар мен текелер, сондай-ақ 3000 ірі қара мал садақа етті. Патша бұл малды өз мал-мүлкінен берді+.  Жосияның бекзадалары да ерікті сый-тарту ретінде халыққа, діни қызметкерлер мен леуіліктерге арнап мал садақа етті. Шынайы Құдай үйінің басшылары Хелкия+, Зәкәрия және Ехиел мейрамда құрбандыққа шалу үшін 2600 ұсақ және 300 ірі қара мал берді.  Леуіліктердің басшылары Қонания мен оның бауырлары Шемаях пен Нетәнел және Хашабиях, Жейел, Жозабад леуіліктерге арнап мейрамда құрбандыққа шалу үшін 5000 ұсақ, 500 ірі қара мал садақа етті. 10  Осылай бәрі де мейрамда атқарылатын қызметке дайын болды: патшаның бұйрығы бойынша, діни қызметкерлер өз орындарында тұрды, леуіліктер де топтары+ бойынша орналасты. 11  Бұдан кейін Құтқарылу мейрамының құрбандықтары шалына бастады+. Діни қызметкерлер леуіліктер әкелген қанды құрбандық ошағына бүркіп+, ал олар малдардың терісін сыдырып тұрды+. 12  Бұған қоса, олар әулеттеріне қарай топтастырылған халық үшін түгел өртелетін құрбандықтар даярлады. Осылай бүкіл халық Ехобаға түгел өртелетін құрбандықтар ұсынып, Мұсаның кітабында жазылғандарды орындамақ еді. Ірі қара мал да даярланды. 13  Бұдан кейін олар дәстүр бойынша+, Құтқарылу мейрамының құрбандығын отқа пісірді*. Киелі құрбандықтарды үлкенді-кішілі қазандар мен тегештерде пісіріп, тездетіп жұртқа үлестіріп отырды. 14  Сосын олар өздеріне арнап мейрам асын даярлады. Себебі Харон ұрпақтарынан тараған діни қызметкерлер түнге дейін түгел өртелетін құрбандықтар мен оның майын өртеумен болды. Сондықтан леуіліктер өздері үшін және Харонның ұрпақтарынан тараған діни қызметкерлер үшін мейрам асын даярлады. 15  Асаптан+ тараған әнші-күйшілер кезінде Дәуіттің+, сондай-ақ Асап+, Хеман және патшаның аян алушысы Едутунның+ берген нұсқауына сай, өз орындарында тұрды. Қақпа күзетшілері де әр қақпаның алдында тұрды+. Олар міндеттерін атқаруды жалғастыра берді, өйткені олар үшін леуілік бауырлары мейрам асын даярлап қойған еді. 16  Сол күні Жосия патшаның нұсқауы бойынша+, Құтқарылу мейрамын+ өткізу үшін барлығы дайын болды. Осылай Ехобаға арнап атқарылатын қызметке қатыстының бәрі және Ехобаның құрбандық ошағында шалынатын түгел өртелетін құрбандықтар да даяр болды. 17  Сонымен, сол жерде болған исраилдіктер Құтқарылу мейрамын өткізді, одан кейін бұл жеті күндік Ашымаған нан мейрамына ұласты+. 18  Самуил пайғамбардың заманынан бері Құтқарылу мейрамы тап осылай өткізілмеген еді. Исраил патшаларының ешқайсысының тұсында Жосия, діни қызметкерлер мен леуіліктер, күллі Яһуда мен Исраил және Иерусалим тұрғындары өткізген осы Құтқарылу мейрамындай мейрам бұрын-соңды болған емес еді+. 19  Бұл Құтқарылу мейрамы Жосия патшаның билік құруының он сегізінші жылы Иерусалимде өткізілді. 20  Жосия ғибадатхананы қалпына келтіргеннен кейін, Мысыр патшасы Нехо+ Кархемисте соғысу үшін Евфраттың бойына келді. Сонда Жосия оған қарсы аттанды+. 21  Нехо болса оған: “Ей, Яһуда патшасы, менде не жұмысың бар! Бұл жолы мен саған қарсы емес, басқа халыққа қарсы аттандым. Құдай өзі маған тездетуді бұйырды. Маған жар болып отырған Құдайға қарсы шықпай, өз игілігің үшін кері шегін. Әйтпесе ол сенің көзіңді құртады”,— деген хабар жіберді. 22  Бірақ Жосия шегінбей, оған қарсы соғыспақ болып киімін ауыстырды+. Осылай ол Нехо арқылы жеткізген Құдайдың сөзіне құлақ аспады. Жосия соғысу үшін Мегиддо+ жазығына келді. 23  Сол жерде патшаға садақшылардың оғы тиді де, ол қызметшілеріне: “Мен қатты жараландым, мені мына жерден алып шығыңдар!”— деді. 24  Олар Жосияны арбасынан түсіріп, басқа соғыс арбасына отырғызып, Иерусалимге әкелді. Сол жерде ол көз жұмып, сүйегі ата-бабаларының қабіріне қойылды+. Бүкіл Яһуда мен Иерусалим тұрғындары оны жоқтап, аза тұтты. 25  Еремия+ пайғамбар Жосияға жоқтау айтты. Еркек-әйел әншілердің+ бәрі де күні бүгінге дейін азалы әндеріне Жосияны қосады. Сол әндерді орындау Исраил елінде дәстүрге айналды, әрі олар жоқтау жырларының жинағына енген. 26  Жосияның басқа да істері және Ехобаның Заңында жазылғандарға сай танытқан айнымас сүйіспеншілігі, 27  істеген істерінің бәрі Исраил және Яһуда патшаларының тарихы баяндалған кітапта бастан-аяқ жазылған+.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “өздеріңді қасиетті етіп”. Түсіндірмедегі “Қасиетті” сөзін қараңыз.
Мүмкін: “қақтады”.