Шежірелер 2-жазба 9:1—31
9 Шеба елінің патшайымы+ Сүлейменнің зор даңқы туралы естіді. Содан ол Сүлейменді қиын сауалдармен* сынамақшы болып жолға шықты. Ол нөкерлерін ертіп, ырғалып-жырғалып Иерусалимге келді. Патшайым түйелеріне хош иісті май, өте көп алтын+, асыл тастар артып келген еді. Ол Сүлеймен патшамен көңілінде жүргеннің бәрі туралы әңгімелесті+.
2 Сүлеймен оның барлық сауалдарына жауап берді. Ол түсіндіре алмаған сұрақ болмады.
3 Шеба патшайымы Сүлейменнің даналығын+, салған үйін+,
4 дастарқанындағы тамағын+, қызметшілерінің дастарқан басына қалай отырғызылғанын, даяшыларының қызметі мен киімдерін, сондай-ақ шарапшыларының қызметі мен киімдерін, Ехобаның үйінде шалатын құрбандықтарын+ көргенде, демін ішіне тартып, қайран қалды.
5 Сонда ол патшаға былай деді: “Сіздің жетістіктеріңіз бен даналығыңыз туралы елімде жүріп естігенімнің бәрі рас екен.
6 Өз көзіммен көрмейінше+ бұған сенбеген едім. Сөйтсем, мен тек шет жағасын ғана естіппін+. Сіздің даналығыңыз әлдеқайда зор екен+.
7 Мына адамдарыңыз неткен бақытты! Үнемі алдыңызда жүріп, даналығыңызды тыңдай алатын қызметшілеріңіз неткен бақытты!
8 Құдайыңыз Ехоба мадақталсын! Құдайыңыз Ехоба сізді патша етіп тағайындап, өз тағына отырғызуды ұйғарды. Құдайыңыз Исраилді жақсы көргендіктен+, оның құрып кеткенін қаламайды. Сондықтан ол сізді халқына әділ әрі турашылдықпен билік етсін деп патша етіп тағайындады”.
9 Сосын Шеба патшайымы Сүлейменге 120 талант* алтын+, өте көп мөлшерде хош иісті май және асыл тастар сыйлады. Сүлеймен патшаға осынша көп хош иісті майды бұдан кейін ешкім әкелген емес+.
10 Бұған қоса, Хирамның және Сүлейменнің Опырдан алтын таситын+ қызметшілері сандал* ағашының бөренелері мен қымбат тастар да әкелетін+.
11 Сүлеймен сандал ағашынан Ехобаның үйі мен патша сарайына+ баспалдақтар+ және әншілер үшін арфалар, ішекті аспаптар+ жасатты. Яһуда елінде күні бүгінге дейін мұндай аспаптар болған емес еді.
12 Сүлеймен Шеба патшайымына өзі әкелгеннен де көп сый тарту етті*, бұған қоса, оның қалағаны мен сұрағанының бәрін берді. Бұдан кейін патшайым бүкіл қызметшілерімен еліне қайтты+.
13 Сүлеймен патшаның қазынасына жыл сайын 666 талант алтын түсетін+.
14 Оған түрлі саудагерлер, арабиялық патшалар мен елдің аймақ әкімдері әкеп тұратын алтын-күмісті қоспағанда, осынша алтын түсетін+.
15 Сүлеймен патша алтын қоспасынан 200 үлкен қалқан+ жасатты, олардың әрқайсысына 600 шекел* алтын жұмсалды+.
16 Сондай-ақ 300 шағын қалқан жасатты, олардың әрқайсысына 3 мина* алтын жұмсалды. Қалқандар “Ливан орманы” деп аталған үйге+ қойылды.
17 Бұған қоса, патша піл сүйегінен үлкен тақ жасатып, саф алтынмен қаптатты+.
18 Тақтың алдында алты баспалдағы және таққа бекітілген табан тіреніші болды. Ал екі жағына шынтақ сүйеніштер жасалды, олардың әрқайсысының жанында бір-бір арыстан+ мүсіні тұрды.
19 Алты баспалдақтың екі жағына 12 арыстан+ мүсіні қойылды. Ешбір патшалықта бұндай нәрсе жасалып көрмеген еді.
20 Сүлеймен патшаның сусын ішетін ыдыстарының бәрі алтыннан, ал “Ливан орманы” деген үйдегі бұйымдары саф алтыннан жасалды. Ешбір бұйым күмістен жасалмады, өйткені оның заманында күміс құнсыз болып саналатын+.
21 Сүлеймен патшаның кемелері Хирамның+ қызметшілерімен Тарсиске+ қатынап тұратын. Әр үш жылда Тарсис кемелері сапардан алтын, күміс, піл сүйегін+, маймылдар мен тауыс құстарын әкелетін.
22 Сүлейменнің байлығы мен даналығы жер бетіндегі күллі патшалардікінен асып түсті+.
23 Дүниежүзінің патшалары Сүлейменнің шынайы Құдай дарытқан даналығын есту үшін, онымен кездесуді қалайтын+.
24 Патшаның алдына келетіндер күміс пен алтын бұйымдар, киім-кешек+, сауыт-сайман, хош иісті май, жылқы мен қашырларды сыйға тартатын. Бұл жылдан-жылға жалғаса берді.
25 Сүлейменнің аттары мен арбаларына арналған 4000 ат қорасы және 12 000 жылқысы* бар еді+. Патша оларды арбаларға арналған қалаларда және өзінің қасында, Иерусалимде ұстады+.
26 Ол Евфраттан філістірлер жері мен Мысырдың шегарасына дейінгі барлық патшаларға билік жүргізді+.
27 Сүлеймен Иерусалимде күмісті кәдімгі тас сияқты көп, қарағай ағаштарын да Шефеладағы інжір ағаштары сияқты мол етті+.
28 Жұрт Мысырдан+ және басқа елдердің бәрінен Сүлейменге жылқы әкелетін.
29 Сүлейменнің істері+ бастан-аяқ Натан пайғамбардың жазбасында+, шилолық Ахияның пайғамбарлық сөзінде+ және аян көруші Иддоның Набат ұлы Еробоғам+ жөнінде көрген аяны жазылған жазбасында+ баяндалған.
30 Сүлеймен Иерусалимде Исраил еліне 40 жыл билік етті.
31 Ақырында ол ата-бабаларына қосылды. Оның сүйегі әкесі Дәуіттің қаласына+ қойылды. Ал орнына Робоғам деген ұлы таққа отырды+.
Сілтемелер
^ Немесе “жұмбақтармен”.
^ 1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Жоғары сапалы бұйымдар жасалатын бағалы ағаш.
^ Мүмкін: “Сүлеймен Шеба патшайымына өзі әкелген сыйдың құнына тең келетін сый тарту етті”.
^ 1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Еврей жазбаларында 1 мина 570 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Немесе “салт атты жігіті”.