Қолостықтарға 4:1—18

  • Қожайындарға берілген кеңес (1)

  • “Әрдайым дұға етіңдер” (2—4)

  • Қауымнан тыс адамдармен араласқанда дана болыңдар (5, 6)

  • Сәлем жолдау (7—18)

4  Қожайындар, құлдарыңа әділ болып, дұрыс қараңдар. Өйткені өздеріңнің де көкте Қожайындарың бар екенін білесіңдер+.  Әрдайым дұға етіңдер+, әрі бұған қатысты сергек болыңдар. Сондай-ақ Құдайға үнемі алғыс айтыңдар+.  Біз үшін де дұға ете беріңдер+. Хабарды уағыздауымызға Құдай жол аша көрсін, осылай Мәсіх туралы қасиетті құпияны айтатын болайық. Өйткені мен бұғауда сол үшін отырмын+.  Осы құпияны тиісті түрде ашық жариялай алуым үшін де дұға етіңдер.  Қауымнан тыс адамдармен араласқанда дана болыңдар, уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар+.  Сөздерің әрқашан жағымды да дәмді* болсын+. Сонда әркімге қалай жауап беру керектігін білесіңдер+.  Менің жағдайымды сүйікті бауырласым, Иеміздің адал қызметшісі әрі біз сияқты құлы Тихик+ сендерге түгел айтып береді.  Мен оны жағдайымыз туралы айтсын әрі сендерді жұбатсын деп жіберіп отырмын.  Онымен бірге адал да сүйікті бауырласым әрі жерлестерің Онисым+ барады. Бұл жерде болып жатқан жағдайдың бәрін солардан білесіңдер. 10  Менімен бірге тұтқында отырған Арыстарқ+ пен Барнабаның туысы Марқа+ да сендерге сәлем жолдайды (Марқа өздеріңе барса, оны жылы қабылдаңдар+ деген нұсқау алғансыңдар). 11  Иуст деп аталатын Иса да сәлем айтуда. Сүндеттелгендердің ішіндегі осылар ғана Құдай Патшалығы үшін қызметтестерім әрі тірегім болып жүр. 12  Мәсіх Исаның құлы әрі жерлестерің Епафрас+ та сәлем айтып отыр. Ол сендердің ақырында кемеліне келген әрі Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімді адам ретінде тұруларың үшін, үнемі жанын салып дұға етуде. 13  Оның сендер үшін және Лаудики мен Иераполдағылар үшін аянбай еңбектеніп жүргеніне куәмін. 14  Сүйікті дәрігер Лұқа+ да, Димас+ та сәлем жолдауда. 15  Лаудикидегі бауырластарға, Нимфа мен оның үйінде жиналатын қауымға сәлем айтыңдар+. 16  Осы хатты оқыған соң, оның Лаудикидегі қауымда да оқылуына қам жасаңдар+, ал оларға жазылған хатты сендер де оқыңдар. 17  Арқыпқа+: “Иеміздің ізбасары ретінде өзіңе тапсырылған қызметті толығымен атқаруға ден қой”,— деп айтыңдар. 18  Мен, Пауыл, бұл сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын+. Бұғауда+ екенімді естеріңнен шығармаңдар. Құдай сендерге рақымын жаудыра берсін!

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “тұздалған”.